«Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояпты» деген бар ғой. Сол айтпақшы, мекемелер, түрлі ғимараттар маңдайшасындағы атауларды қазақшалау керек дегенді желеу етіп, оңды-солды аудара бастадық. Халықаралық атауларды да мағынасына қарамай аудара бердік. Мысалы, «ресторанды» мейрамхана дедік. Кей жерде «тойхана» деп те жаздық. Әрине, үнемі мейрам, той өткізіліп жатса, құба-құп. Бұл жерлерде жаназа асы, қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы, жылы, еске түсіру асы беріліп жатады. Сонда «мейрамхана», «тойхана» деген атау жөн бола ма?
«Кулинарияны» аспаздық деп аудардық. Шынында, аспаз – адам, аспаздық – мамандық, кулинария емес. Немесе «кафені» қалай қазақшалағанымызды көрейік. «Кафе» дегеннің аудармасы «кафесі» болып тұр. Орысша, халықаралық сөздердің соңына «і» әрпін қоссақ, қазақша болады екен. Кредитке «-терді» қоссақ, кредиттер болса, қазақша екен.
«Токиода жер қозғалуы орын алды» дегенді де естідік. Бұл – орысшасында «имело место» деген сөзді аударып, орынды-орынсыз ала салғанымыз. Қазір осы «орын алдымыз» қазақша сөйлемдерімізден «орын алды».
«Қуанышымен бөлісті», «сағынышымен бөлісті». Орысшадан дәлме-дәл аударма. Нағыз қазақ бұлай деп айтпаған болар. Дүние-мүлік, мал-пұл бөлісуі мүмкін. «Қайығыңмен бөлістім, бөлісемін» демеген. «Қайғыңа ортақпын», «қуанышыңа бірге қуанам» деуі мүмкін.
«Содан бері қанша су ақты» дегенді кей журналист, ақын-жазушылардан естіп, жазғанынан оқып қаламыз. «Сіз білесіз бе» деп сөз бастайтын болдық. Орысшадағы «вы знаете» деп сөз бастаса, біз неге бастамасқа дейтін болуы керек шала қазақтар. Осыларды естігенде, жыларыңды да, күлеріңді де білмейсің. Қазір «қой да – жазушы, қойшы да – жазушы» демекші, бүгінде қой да – аудармашы, қойшы да аудармашы болды. Бұл қажеттіліктен емес, немқұрайдылықтан пайда болған сияқты. Орысша-қазақша сөздік бар. Содан көре салып, тұрған-тұрған жеріне қазақшасын қоя салса, аударма болып шыға келеді-міс. Тіпті ертеден келе жатқан аудармалардың өзінде ақаулық жоқ емес. Біз «8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні» деп жазамыз да, айтамыз да. Демек, мән бермейміз. Ал ойланып қарайықшы.
Халықаралық – күн емес, әйелдер болып тұрған жоқ па? 8 Наурыз «халықаралық әйелдердің күні» екен. Қазақ тілі ережесіне жүгінсек, «-дың, «-дің» т.б. жасырын тұратыны бар. Кейде әсіресе радио, теледидарда айтыла беретін «республиканың еңбегі сіңген әртісі – пәленше, түгенше» дегенді естиміз. Ал дұрысына келсек, «республикаға еңбегі сіңген әртіс» деген жөн болар.
«Он сегізінші партия конференциясы» дегенді мысалға келтірелік. Мұнда да «он сегізінші партияның конференциясы», ал, шындығында, он сегізінші конференция, партия емес. Олай болса, «партияның он сегізінші конференциясы» деп аударған жөн болар еді.
Бұл – бұл ма, 32 қойлар, 15 сиырлар деп те аударатын болдық. Жә, бір сәт көшедегі аудармаларға назар салайық: «Орталық бухгалтер үйі». Бұл – «Центральный дом бухгалтера» дегеннің қазақшасы. Қазақшамызда бухгалтер орталық болып тұр. Ал орысшасында үй – орталық.
Фурманов атындағы көше мен Әл-Фараби атындағы көшенің түйіскен жерінде «Таулы қырат» деген аударманың тұрғанына ондаған жыл болған шығар. Бұл – «Горный гиганттың» қазақшасы. Тіпті әкімдер мен түрлі тіл мамандары жүретін орталық көшеде осындай аударманың тұрғанына тірі пенде намыстанбайды. «Таулы» болса, қырат бола ма, «қырат» болса, тау бола ма? Қырат пен тауды ажыратпау түсініксіз-ақ.
Төле би мен Абылай хан аттарындағы көшелердегі жарнаманы оқыңыз: «Асфальт на обед, грязь на ужин». «Түске дейін көше асфальтты болады, кешкілік балшыққа батасыз» деп мысқылдап тұр. Ал енді қазақшасын оқыңыз: «Түсте – асфальт, кешке – балшық». Мұнда ешқандай мысқыл, әжуа жоқ және ұғымы берілмеген. Қазақша мәтіні түпнұсқаның ұғымына тұрмақ жолма-жол аудармаға да жақындамай тұр. «Обед, ужин» – түс пен кеш емес, түстік ас, кешкі тамақ деп мазақ етіп тұр.
Нақ сол көшеде «жүйтку» дегенді оқисыз. Орысшасы – побег. Екі тілдегісі де жетісіп тұрған жоқ. «Жүйтку» – кім жүйткиді, не жүйткиді? Орысшасында бір ғана сөз екен, аударма да бір ғана сөз болуы керек деп түсінген аудармашы. Қазақшасы түсінікті болу үшін қашан да сөз қосылады.
«Кітап үйі Гулянда дом книги». Қазақша «Гулянда» деген сөз жоқ. Қазақша жаздың екен, дұрыс жаз. Дұрысы – Күләнда.
«Зергерлік бұйымдар жөндеу және жасау. Алтын сатып алу» осыны сөйлем етіп жазуға болмас па еді? «Зергерлік бұйымдар жасаймыз әрі жөндейміз. Сататын алтыныңыз болса, аламыз». «Алтын сатып аламыз».
Тағы да сөзбе-сөз аударма: «3D әлеміне саяхатты бастаңыз». Орысшасындағы «начните» сөзіне аудармашы байланып қалған. Осыны бұйрық раймен айтпай, жанға жылырақ сөйлем етуге болар еді. «3d әлемі саяхатыңызды күтіп тұр», «3D-ға саяхат жасай беріңіз», «3d-ға саяхат жасағанға не жетсін» т.б.
«Үзілісті пайдалы өткізудің жүз жолы бар» – «Үзілісті пайдалы өткізудің жүздеген жолы бар».
Тағы да оқып көріңіз: «Мемлекеттік өрт сөндіру» деп жазғанды көзіміз шалды. Өртті мемлекеттік деп не жекеменшік деп бөлуге бола ма? Әсте «өрт сөндіру жөніндегі мемлекеттік мекеме» дегенді айтпақ болған шығар. Әттең...
Телефон жүйесіндегі «жойылған» дегенді естігенде, жүрегің түршігеді. Орысшасында «не существует» деп тұр, «уничтожен» демейді. Қазақшасын естігенде «шырағым, өзің жойыл» деп қоярсың.
Иә, бүкіл республика көлеміндегі ақаулықтарды тізіп шығуға бір кісінің қанша уақыты кететініне сан жетпес еді.
Қорыта келе айтар болсақ, басшылықтағы жолдастар, қала мәдениеті – қақпадан, ел-жұрт мәдениеті жазудан көрінеді. Көзді жұмып өте шықпай, жан-жаққа қарай жүрсек, шара қолдансақ дер едік.