Қайсар мінезді ғалым, дарқан көңілді ұстаз

Қайсар мінезді ғалым, дарқан көңілді ұстаз

Біз, 60-жылдардың түбіт иек шәкірттері, ұстаз­да­ры­мызбен мақтанушы едік, олар­дың аты-жөндерін ауыз толтыра айтып масаттанушы едік. Өйткені бізге дәріс берген ұстаздардың қай-қай­сысы да ұлт мақтанышы деуге тұрарлық, есімдері ең кемінде оқулық мұқабалары арқылы ел жадында әлдеқашан жат­талып үлгерген тұлғалар бола­тын. Тек ұлы Мұхаңның – Мұхтар Омарханұлы Әуезов­тің лекцияларын ғұламаның өз үнімен тыңдай алмадық демесек, бізге ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы мен тіл білімі ғылымдарының аты­нан ат үркетін небір марқасқалары дәріс берді.
Біздің бақытымызға орай, қазақ әде­биеттану ілімі мен оның әдеби сынын қа­лыптастыру сатысын Алаш қайрат­кер­ле­рі­нен кейінгі жаңа белеске көтерген Б.Кен­­­жебаевтың, М.Қаратаевтың, Т.Нұр­та­зин­нің, Б.Шалабаевтың, қазақ тіл білімінің майталмандары М.Балақаевтың, Ы.Ма­ма­нов­тың көздері тірі кез еді. Өздері айта­тын­дай, соғыстан кейінгі «өртеңге шыққан» өрендер тобы Т.Кәкішев, З.Қабдолов,  К.Ақа­новтардың орны бір бөлек болса, С.Са­дырбаев, М.Жолдасбеков, Р.Нұр­ға­лиев, О.Төлегенов, Х.Кәрімов, М.То­ма­нов­тар да алдыңғы жақсылардың жал­ға­сын­дай тәрбие-тағылым көрсеткен ұс­таз­дар бола­тын. Осынау бір-бірінен бөле-жара қарауға көнбейтін ардақты да аяулы есімдер шоғы­рының ішінде қадірлі Тұр­секеңнің – профессор Тұрсынбек Кәкіш­ұлының ағалық, адамдық тұлғасы көңілге ерекше жылылық ұялатып, ай­наласына сәуле шашып тұратын ұстаздық ұла­ғаты күні бүгінге дейін жақсы ұстазға шәкірт болу олжасының ізгі иірім­деріне жетелейді.
Әлі есімде, 1969 жылғы шілде айының бас кезі болатын. Өзіме тете інім Мыр­зах­меттің ұзақ науқастанып, ақыры алып тын­бас ажал тырнағына ілінуінен есеңгіреген отбасымыздың, әсіресе қарт ата-анамның жағдайы жоғары оқу орнына түсуге деген талпынысымды кейінге шегерген бола­тын... Дей тұрғанмен, тірі адам тіршілігін істей­ді. Ауыр қайғыдан енді-енді ғана есін жиып, еңсесін көтере бастаған әкем жа­рық­тықтың ақылына тоқтап, ақ батасын алып, өзіме етене таныс ару қалам Алма­ты­ма, енді жоғары білім іздеп қайта соқ­қан бетім – осы.
Келе сала, ойланып-толғанып жатпай-ақ, бірден сол кездегі астанамыздағы жал­ғыз университет – С.М.Киров атын­дағы Қазақ мемлекеттік университетінің фило­логия факультетіне құжаттарымды тап­сырып тастап, болашақ емтихандарға жатпай-тұрмай дайындала бастадым. Орайы келген бір күні университеттің қабылдау комиссиясы орналасқан маңға келіп, талапкерлерге арналған әртүрлі хабарлама ілінетін тақтаға көз салсам, емтихан алынатын пәндер бойынша өткізі­летін үш апталық сабақ кестесі де қатар ілін­ген екен. Үміт пен күдіктен жан-жүрегі лү­піл­деп жүрген талапкердің іздегеніне сұра­ған кездескен сәтті қалт жібермей, кестенің етек жағында көрсетілген мекен­жай – қазіргі Төле би мен А.Байтұр­сынов көшелері қиылысындағы ғима­рат­қа кел­дім. Керекті дәрісхананы тауып алып, ашық тұрған есікті сәл ғана серпіп ашып ішке кірсем... тым-тырыс, ешкім жоқ.
Сәлден соң мен тұрған үшінші қабатқа аққұба ашаң жүзді, келісті келбетіне ашық түсті жаздық киімі ерекше жарасқан жігіт ағасы ширақ басып, көтеріліп келе жатты. Толып жатқан талапкердің бірі екенімді айтпай таныған болуы керек, бірден еш кідіріссіз тура маған қарай жүрді. Мен де қарсы жүріп, ауылдағы әдетімізше аузымды толтыра «ассалаумағалайкүм» деп салем бердім. Қол берісіп амандастық. Оқуға түсуге келгенімді аты-жөнімді сұрап білген соң, қолындағы папкасынан әдеттегі оқушы дәптерін шығарып, талапкерлердің тізімі жазылатын графикті қолма-қол сызды да, реттік сан бойынша бірінші етіп менің аты-жөнімді жазып алды. Талап­кер­лер жи­на­лып, бүгінгі дәрісті жүргізетін оқытушы да келді. Бейтаныс ағай ауди­то­рия­ға кіріп, менің аты-жөнімнен басталатын тізімін толықтырды. Осы отырған бәрімізге етене таныс 60-жылдардағы ауыл клубы­нан да аумақтырақ көрінетін аудиторияда көздері жәутеңдеп отырған та­лап­кер­лер үшін «созсам қо­лым жетерменің» биігін­де бұлдырап тұрған, бә­рі­міздің өміріміздегі нөмірі бірінші «биік лауазым» – студент атанудың жай-жап­сарын асықпай түсін­ді­ріп, сабақ берушіні та­ныстырды да, кетіп қал­ды. Кейін ашаң жүзді ағай­дың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен алы­натын емтихан ко­мис­сия­сының төрағасы екенін, дауылпаз ақын Сәкен Сей­фуллиннің ұлағатын сан қырынан сипаттаған «Қы­зыл сұңқар» атты эссе кітаптың авторы, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішев екенін білдік. Өз басым ағайдың аталған кітабын ерекше ықы­лас­пен, қызы­ға оқығаным рас. Олай деу­ге басты себеп – мек­те­бі­мізде С.Сейфуллин шы­ғар­­машылығына арналған сабақтар төңкерісшіл рух тұр­ғысынан да, әдеби жаңашылдық тұр­ғы­сынан да, патриоттық тағылым тұр­ғы­сынан да өте жоғарғы деңгейде дәріптеліп, ерек­ше ілтипатпен өткізілетін. Міне, сол Сәкеннің «сырын білетін», оның ақындық алымы мен қа­жыр­лы қайраткерлігі, салтанатты сәнімен сабақтасқан адамдық болмысы, аңызға айналған тұлғасы туралы кітап жазған, біреулер үшін өзі де қол жетпейтін тұлға болып елестейтін адамның сәті түсіп ал­дың­нан шығуы қандай әсерге бөлейтінін айтып жеткізу қиын. Сондай көрнекті тұл­ға, көрікті ұстаздың алдынан дәріс тың­дап, оның шәкірті болу бақыты маң­дайы­мызға жазылғанына қалайша қуанбайсың.
Тұрсынбек Кәкішұлының ғалымдық жо­лына көз салар болсаңыз, қазақ әде­биет­тануындағы, әсіресе талас-тартысқа толы, қыртыс-қабаттары көп кезең әде­бие­тін зерттеп-зерделеу барысында, оның жаужүрек жанкештілік танытып, ке­ше­гі «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» жүйе­дегі бұ­ра­лаңы мол, қиюы қиын соқ­пақтарды басып өткенін байқайсыз. Қазақ әде­биет­та­нуында ұзақ жылдар бойы қозғалмай жатқан тақырыптардың бірі қазақ әдеби сынының тууы мен қалып­та­суы еді десек, оны да алғаш көтеріп, ғылыми айналымға енгізген Тұрсынбек Кәкішев екені бәрімізге аян.
Бір ғана С.Сейфуллиннің шығар­ма­шы­лы­ғы мен өмір жолын баяндауға арналған «Сәкен Сейфуллин» (1967, орыс тілінде, ЖЗЛ сериясы бойынша, Мәскеу, 1972), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сей­фул­лин. Өнегелі өмір» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Мағ­жан және Сәкен» (2000) сияқты шоғырлы кітаптар жазуы ғалымның Сәкен­дей ұлы тұлғаға, Сәкендей ұлды тәр­бие­леген ұлы далаға деген адами-азаматтық адалдығын көрсетеді.
Туған тіл үшін тұяғынан от өрілген тұл­парлар дүбірін, туған діл үшін қанаттарын жалын шарпыған сұңқарлар жүрегінің дүрсілін бізден гөрі «жақыннан» тұрып естіген ғұламаның айтқан сөзі мен жасаған ісінің арасында алшақтық жоқ. Бұл – филология ғылымының докторы, про­фес­сор, қазақ еліндегі жоғарғы білім сала­сы­ның ардагер-абыздарының бірі Тұрсынбек Кәкішұлының көптің көкейіне қонақтаған тағы бір феномені, үздік қасиеті. Бұл – кез келгеніміз қысылмай, қымтырылмай дәріс алуға тұрарлық Кәкішев мектебі!
Ол, қай тұста, қандай мінберде сөй­ле­се де, адалдыққа араша болуға тыры­са­ды, жас ұрпақ болашағына алаңдайды, ұлт тағдыры үшін күйіне тіл қатады. Таза шындық пен әділдік жолында жалтақтауды білмейтін, жағынуды жаны сүймейтін Тұр­сын­бек Кәкішұлындай абзал ағаның әрқашан туған ел, өскен орта алдындағы мерейі үстем екені бүгінде айдан анық. Әманда солай бола беруін шын тілейміз! Жасай беріңіз, жаны жайсаң, жаратылысы жомарт, қайсар мінезді, дарқан көңілді, асыл текті аяулы ұстаз!
Құныпия АЛПЫСБАЕВ, филология ғылымының докторы, профессор

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста