Қайраткер қаламгер рухына құрмет
Таяуда Алматы қаласында қазақтың белгілі қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов тұрған үйге арнайы жасалған ескерткіш-тақта орнатылды.
Ескерткіш-тақтаның салтанатты ашылу рәсіміне Сафекеңнің кезіндегі қаламдас-замандастары, жалпы, зиялы қауым мен марқұмның туыстары қатысты. Осыған орай арнайы ұйымдастырылған жиынды Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Мамай Ахет жүргізді. Рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин марқұмның шығармашылық жолы мен өмірі жайында айта келе, Сафуан аға тұрған бұл үйде Сырбай Мәуленов, Әбу Сәрсенбаев, Сағынғали Сейітов, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов сынды қазақты талантты тұлғалары тұрғандығын тілге тиек етті. Бұдан соң жиын барысында белгілі жазушы-ақындар Қалихан Ысқақ, Мұхтар Шаханов және басқалар қаламгердің қазақ әдебиетіндегі елеулі орны мен азаматтығы турасында өз ойларын ортаға салды. Салтанатты рәсім соңында жазушының зайыбы Бағдат апай азаматын ардақтап жатқан еліне ризашылық сезімін білдіріп, аталған істің жүзеге асуына септігін тигізген Жазушылар одағы мен Алматы қаласы әкімдігіне алғыс айтты. Жазушының жары сөз соңында «алдағы 2012 жылы Сафекеңнің 90 жылдық торқалы тойы келе жатыр. Осы қарсаңда Астана мен Алматы қалаларынан марқұмның атына көше берілсе игілікті іс болар еді» деген өтініш ойын білдірді. Қаламгер қауымы қолдап отырған осы бір ұсынысты құзырлы мекемелер аяқсыз қалдырмас деп сенеміз.
Ахат ЖАҚСЫБАЕВ, жазушы:
– Сафекең әдебиетте ерте танылды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында «Болашаққа жол» деп аталаты романы жарық көріп, қалың оқырманға кеңінен тарады. Бұл туынды кейіннен «Инеш» деген атпен орыс тіліне аударылған. Аталған шығарма студенттердің өмірінен жазылғандықтан, әсіресе жастар арасында жақсы оқып, қолдан-қолға өтіп жүретін кітапқа айналған болатын. Бұдан соң да Сафуан ағамыздың кесек-кесек шығармалары қазақ әдебиеті төрінен өз орнын тауып жатты. Бұл ағамыз қаламына адал, өзіне де, өзге де талап қоя білетін талант еді. Кезінде Мұхтар Әуезов дүниеден өтер алдында жазған бір хатында Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сафуан Шаймерденов есімдерін атап кетуі тегін емес екеніне көз жеткізу қиын емес.
Сафуан ағамыздың Алматыға келуіне кезінде Сәбит Мұқановтың өзі ықпал еткен. Кейіннен екеуі шығармашылық жағынан да, адами қарым-қатынас жағынан да жақын аралас-құралас болды. Қазақ әдебиетінде өз қолтаңбасын қалдырып, оның дамып, қалыптасуына өз үлесін қосып кеткен Сафекеңді Жазушылар одағында жүргенде жиі болмаса да анда-санда кездестіріп, ой-пікір алмасып тұратынбыз. Өзі сырбаз, сөзіне салмақ беріп байыппен сөйлейтін, болмысынан зиялылық аңқып тұратын қайраткер азамат, көрнекті қаламгер ағамызды бүгінде сағынышпен еске аламыз. Сафекеңнің ендігі өмірі – ғұмырлы шығармаларымен жалғасып келеді.
Өмірдерек
Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов (1922-2007) Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1970-1975 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық коллегиясының бас редакторы қызметтерін атқарған. Ол ұлы Мұхтар Әуезовтен тәлім алған. Әдебиетімізге 50-жылдары келген тегеурінді толқынның алдыңғы сапында болып, қазақ әдебиетінде өзіндік үні мен қолтаңбасын қалдырып, өз орнын айшықтаған қабырғалы қаламгерлердің бірі саналатын ол қазақ прозасына психологиялық қатпары мол, реалистік көркем дүниелермен қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. С. Шаймерденов әлемдік деңгейдегі классиктер атанған Лев Толстой, Рабиндранат Тагор сынды қаламгерлердің шығармаларын қазақ тілінде сөйлеткен. Көрнекті қаламгер, қоғам қайреткері С. Шаймерденов «Отан», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Қызылжар (Петропавл) қаласының құрметті азаматы.