«Қабанбай батыр жатқан жер» ұлттық қабірстанға айналады
Ұлттық пантеон ашу мәселесінің көтерілгеніне де біраз болғанын жұрт біледі. Ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының сүйегі елге әкелінгенде дәл осы пантеон мәселесінің өзектілігі онан сайын тереңдеген. Кейіннен жұрт арасында Астанадан 20 шақырым жердегі «Қабанбай батыр зираты» ретінде аталып жүрген бейіт-төбе пантеонға айналатыны туралы әңгіме өрбіген-ді. Бұл расқа айналатын секілді.
Өткен жолы Еуразия ұлттық университетінде «Алаш көсемсөзі» он томдығының тұсауын кесу барысында жиналған зиялылардың арасында да пантеон мәселесі көтерілген. Жайдан-жай көтерілген жоқ, мұнда да бүгінгі қазақтың қарын аштырар тірлігіне қатысты айтылған сын мен қадау-қадау пікірлердің бірегейі осы болатын. Жиында сөз алған ақын Жүрсін Ерман жұрт арасында біразды «шайқап», қоғамдық пікірді қалыптастырған пантеон мәселесін суыртпақтап бастап, ақырында ашығына көшкен. Әзірбайжан жұртының астанасы Бакудегі ұлт қайраткерлеріне арналған пантеоны туралы сөз қозғап келіп, Кубаны да мысалға тартты. Расында, Әзірбайжанда тағылымды орынның бастысы болып саналатын шаһиттер қабірстаны мен ұлттық пантеоны бар. Әзірбайжан ұлтының беткеұстарлары бір жерде, бір саябақтың аумағындағы топырақта жатыр. Барғандар айтады, молаға барғандай болмайсың, сол елдің зиялысымен сырласқандай күйге еніп, рухтанып шығасың, тәу етесің. Куба астанасындағы ақ мәрмәрмен әрленген ұлт қайраткерлерінің пантеоны да – елі үшін зор мақтаныш. Соның арқасында кубалық көрегендерді басқа жерден іздеп жүрмейсіз, бәрін бір жерден табасыз. Ал қазақтың басындағы кешегі һәм бүгінгі кеп туралы Жүрсін Ерман мынаны айтады: «Қазақтың азаттығы үшін күресіп, ажал жастығына бас қойған, бізден әлдеқайда кемел ойлайтын, бізге қарағанда көреген болжайтын қайраткерлерді қазір қалай қадірлеп жүрміз? Ана жылдары Міржақыптың сүйегін Алматыға әкелді, ол сүйек екі күн бойы КаМАЗдың үстінде жатты. Ең ауыры: Алаштай ардақты жұрттың асыл азаматына Алматыдан орын табылмай, ақыр соңында Торғайдың Қызбел даласында, бір фермаға апарып көмдік. Сонда Міржақып Қызбелге ғана, әйтпесе өзінің туған-туысына ғана керек адам болғаны ма? Естуімше, сол Қызбелдегі біраз жұрт көшіп кетіп, әлгі қара моланың басында Алаш қайраткерінің аталас туыстары ғана он шақты үй болып қарауылдап қалғанға ұқсайды. Осылай масқара болдық?! Сүйегі кеше әкелінген Смағұл туралы айтпай-ақ қойсам да болатын шығар. Сәкеннің сүйегін де іздеп жүрміз, оны әкелгенде не істемекпіз? Апарып Жаңаарқаға жерлеу мақсат па? Сондықтан да пантеон ашатын кез жетті».
Расында, ұлттығымызға сын болатын дүниеге жол беріп жатқанымызды білмейтіндейміз бе, қалай? Дегенмен басу айтуға болатындай жайт: ұлттық пантеон мәселесі – шешімін тауып, біржақты болып қалған дүние. Оны сол жиында кейіннен сөз алған Мырзатай Жолдасбеков те тілге тиек етіп, Астана қаласының маңындағы «Қабанбай батыр сүйегі жатыр» деген жерден 500 гектар жер бөлінгенін, әкімдік тарапынан арнайы комиссия құрылып, тиісті шаралар атқарылып жатқанын да естіртіп өтті. Бір өкініштісі – кештеу көтеріліп, кейіннен қолға алынғалы жатқан осынау пантеонға Смағұл Сәдуақасұлының мәйіт-күлін жерлеу бұйырмай қалғаны. Қазір С.Сәдуақасұлының мәйіт-күлі бас қаланың ортасындағы қорымның ішінде жатыр. Бұған белгілі бір жеке тұлғаны кіналауға еш болмайтынын түсінемін. Қоғам, ел мен жұрт бармыз ғой? Бір-бірімізге айтып, өксіп-өксіп қайта тарқаса кететін заманда емеспіз. Іскер азаматтарымыз да баршылық. Соларға ой салсақ, біріміз болмаса, екіншіміз құлақ ассақ, жарар еді», – дейді алаштанушы Дихан Қамзабекұлы. Айтпақшы, ұлттық пантеон туралы мәселені ыңғайы келгенде Мемлекет басшысына жеткізген де, сол арқылы сеңге қозғау салған да осы Дихан Қамзабекұлы болатын.
Ұлттық қабірстан не үшін керек?
Қабірстанның керектігі, оның өзектілігі күні кеше Смағұлдың сүйегі елге оралғанда тағы бір дәлелденді. Қазақтың басынан өткен жайсыз тағдырлардың қай-қайсысында да ұлт асылдарының біразы сыртта қалды. Зерттеу, талдау болса, сарапталса, ғалым талаптанса, осындай ұлтқа аты белгілі, бірақ жатқан сүйегі белгісіз болып келген, шетте қалған тұлғалармен де қауышуға әбден болады. Олардың сүйегі құттыханасына қонбағаны қаншама! Арғы жағы – Кенесары мен Кейкі батырдың басы, бергісі – Алаш қайраткерлері. Дерек жоқ делінгенмен, Алланың қалауымен аяқасты табыла кетсе, Кененің басын жерлеудің орынжайына келгенде тағы дау тудырмас деп айта алмасымыз – анық. «Ұлытауға ұлықтаймыз ба, жоқ, өзі қасқая шапқан Қараөткелде басын қайтара қарайтамыз ба?» деген әңгіменің тумай қоймасына көз жетеді. Тіпті басқасын қойып, Ресейде тұрған орны белгілі болып отырған Кейкінің басын қайтара алсақ, қайда жерлер едік? Ал ұлттық пантеон болса, ондай әңгіме де көпке созылмайтын еді. Бұл – бірінші жағы. Екіншіден, ешбір данышпан даладан келмейтіні, қайраткер де, көсем де көктен түспейтіні – анық. Бәрі қоғамның, қазақтың ортасында, халықтың арасында. Ісімен, халыққа жасаған қызметімен танылып жататын осындай тұлғаларды тірісінде де, ақырында да лайықты ұлықтай білу – қашан да өрелі елдің ісі. Өйткені өмірдің ақиқаты да, аяғы да – ажал. Сол тұрғыдан алғанда, Алашпен рухтас, иықтас, ойлас азаматтар қазіргі күні де баршылық. Сондықтан да қазақтың игі жақсысының басын қосатын пантеон бәрібір керек. Ұлттығымызға, елдігімізге селкеу түсірмейік десек, бүтінделейік. Бүтіндейік! Басымызды иіп баратын ғажайып жер қажет! Алаштың ардақтыларынан бастап, бүгінгі құрметтілерге дейін бас ию үшін! Бұл біздің мәдениетімізді де білдірсе керек.