Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері ең үздік поляк поэзиясын зерделеуге мүмкіндік алды. Мұнда поляктың ұлы ақыны, қазіргі заманғы поэзияның философиялық бағытының көрнекті өкілі Вислава Шимборскаяның құрметіне кабинет ашылды. Аталмыш салтанатты рәсімге Польшаның Қазақстан Республикасындағы елшісінің кеңесшісі Мечислав Лапановски қатысты.
Отанында Вислава Шимборская «Поэзия Моцарты» деген атпен белгілі. Ақын 2011 жылы Польшадағы ежелден келе жатқан марапаттардың бірі – «Ақ бүркіт» орденін алған. Өзінің әдеби қызметі үшін ақын 1991 жылы Гёте атындағы халықаралық әдеби сыйлықты иеленсе, 1996 жылы Гердер атындағы сыйлықтың иегері болған. Шара барысында В.Шимборскаяның өмірі мен шығармашылық ғұмырына арналған бейнебаян көрсетілді.
Мечислав Лапановски кабинетке өз кітапханасындағы поляктың белгілі ақын-жазушыларының кітаптарын сыйға тартты. Осыдан бір жыл бұрын дүниеден өткен Вислава Шимборскаямен жақын таныс болғандығын, ақын өлеңдерін сүйіп оқитындығын әсерлене жеткізді. Сондай-ақ Мечислав Лапановски кабинеттің «Құрметті Қонақтар кітабында» университеттің өсіп-өркендеуіне қатысты игі тілектерін жазып қалдырды. Алдағы уақытта университетпен арадағы мәдени байланысты жандандыра беретіндігін баса айтып өтті. Польшаның атақты жоғары оқу орындары мен Қазақ-орыс халықаралық университеті арасында тығыз байланыс орнатуға атсалысатындығы туралы шешім қабылдады.
Темірхан Бердімұратов, Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті:
– Күллі әлемге танымал Вислава Шимборскаяның құрметіне ашылған кабинетте ақынның туындылары, өмірі мен шығармашылық жолына арналған кітаптар, ақпараттар жинақталуда. Бұл кабинет жастардың әлем әдебиетіндегі сөз маржандарын тануына мүмкіндік беретін университеттегі бірден-бір рухани орын болады деп ойлаймын.
Поляк ақынына кабинет берілді
Последние статьи автора