Поэзиялық потенциалды прозалық парасатқа ұластырған...
Мұқым қазақты сырлы да нәзік, шынайы мөлдір жырларымен табындырған Мұқағали ақынның проза жанрындағы еңбегі жайлы бұл күнде көп айтылмайтын болды. Сөз өнерін жанына жалау еткен, жазу машығын өмірінің өзегіне айналдырған адамның шығармашылығына біржақты баға беру – обалды іс. Оның тағдырлы талантына, рухани кемелдігіне қиянат. Әлбетте, біз бұл жерде Мұқағали өзіне лайықты бағаны әлі алмады деуден аулақпыз. Тек оның халық жадындағы бет-бейнесін тірілтуде ақсап жатқандығымыз бен ақынның жанкешті жанр деп саналатын прозалық еңбектерінің насихатталмай, жаңа буынның арасында қызу талқыға түспей жатқандығынан туған ой-ұшқын ғана.
Жыр жампозы Мұқағали ақынның 1988 жылы жарыққа шыққан «Қош, махаббат!» прозалық кітабы қалың оқырманның қолдан-қолға түспей оқыған туындысы болғандығын бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Өйткені «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған» ақын поэзия әлемінде мәңгілік құбылыс болып қалды. Қазақтың жанына оның өміршең өлеңдері жақын. Жырлары жұрттың жадында сақталған. Сол себепті де болса керек, Мұқағалидың прозалық туындысынан гөрі поэзиясының таразы басын тартып тұратындығы. Алайда мұны ақиық ақынның прозалық туындысының сәтсіз шыққандығынан емес, туындыгердің табиғи болмысына тән жазған дүниесін халықтың қабылдау ықылас-махаббаты деп қараған абзал болар.
Белгілі бір кезеңнің ұғымдық стандартына бағынбайтын, алайда уақыт өте келе келесі қоғамдық формацияда жаңалық болмай, оқылмай қалатын да туындылар кездесіп жатады. Мұқағалидың ауыл өмірін суреттеген, адам болмысының құпиясын ашуға ұмтылған қуатты, шынайы һәм поэзиялық лириканың элементтері мол әңгіме-повестері (санаулы ғана болса да), сыни еңбектері – бұл кезде де поэзиясымен қатар оқылатын құнды дүниелер. Алайда сол дүниелердің насихаты кемшін, халықтың қолында жоқ деуге болады.
Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы, әдебиетші ғалым:
– Менің түсінігімде, өлең жазған ақындар прозада көп елене бермейді. Немесе қаламгерлердің шынайы жазған өлеңдері ескерілмейді. Мұқағали прозасына қатысты да осындай жағдайлар орын алған сияқты. Әйтпесе Мұқағалидың проза жанрында аз болса да еңбектері бар. Дегенмен оның ақындық таланты, тегеуріні басып тұрған соң, прозасына көп мән бере бермейтініміз рас. Себебі осы болуы керек. Мұқағали прозада да өзінің ешкімнен кем еместігін көрсете білді. Мұқағалидың Алатаудай асқақ дарыны проза жанрында азғана әңгіме-повесть жазса да, көрініп тұрды. Шығармашылық адамының басқа жанрға ауысуы, сол жанрда бағын сынап көруі – бұл оның ішкі қайшылығынан, күйзелісінен, серпілісінен туындайды. Ол айтар ойын ашық жеткізе алмағандықтан, проза жанрына қалам тербеді деу қателік болар. Өйткені басқа — басқа, дәл Мұқағали айшықты ойын поэзияда да ашық жеткізе білетін еді. Кейде қаламгер оқиғаны, ситуацияны басқа ракурстан көргісі келеді, өзінің мүмкіндігін сынауға бел буады. Проза мен поэзия егіз жанр болған соң, сөз өнерін құраушылар бір-бірінің егініне түсе береді. Оның еш сөкеттігі жоқ.
Нұрғали ОРАЗ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:
– Проза мен поэзия құстың қос қанаты секілді. Сондықтан да дарынды ақындарда ақындық қасиетпен бірге жазушылық, ал жазушыларда жазушылықпен қатар ақындық қасиеттер болады. Бұл жерде мәселе формаға ғана байланысты. Мәселен, қаламгер өзінің айтар ойын поэзиялық формамен жеткізе ме, прозалық қалыпқа сала ма, оны туындыгердің ішкі түйсігі шешеді. Айталық, кейбір ойды оқиға арқылы, кеңінен баяндап, суреттеп жеткізу үшін ақын прозалық форманы таңдайды. Дағыстандық ақын Расул Ғамзатов «Менің Дағыстаным» деген еңбегін неге прозалық жанрда жазды? Өйткені бұл осылай жазылуға тиісті дүние еді. Себебі оның жазған өлеңдері, балладаларының барлығы проза тілінде «Менің Дағыстаныма» жинақталған. Осындай жағдай Мұқағалида да болды. Және осындай ниет те болған сияқты. Егер де Алла Мұқағалиға тағы біраз ғұмыр бергенде онда ол өзінің туған жері, туған өлкесі туралы көлемді прозалық шығарма жазар ма еді деп ойлаймын. Жалпы, ақындар жасы ұлғайғаннан кейін прозаға көшеді. Өйткені проза — формалық жағынан мүмкіндігі мол жанр. Поэзия – жалт еткен сезім, жарқ еткен найзағай сияқты болса, проза – теңіз сияқты телегей, қазақ даласы сияқты кең. Сондықтан да ақындардың прозаға ауысуы табиғи жағдай. Әбіш Кекілбайдың, Тәкен Әлімқұловтың, Ілияс Есенберлиннің, Әбу Сәрсенбаевтың, Ғафу Қайырбековтің прозаға ауысуы, бет бұруы, атсалысуы жоғарыда айтқан екі жанрдың құстың қос қанатындай қатар өріліп отыратындығын көрсетсе керек. Шындап келгенде, поэзия да — прозаның бір формасы және керісінше.
Мұқағали поэзия жанрында көп еңбек етті. Прозада көп жаза алмады. Оған оның әлеуметтік жағдайы әсер етуі мүмкін. Сосын ол ерте кетті өмірден. Қырық бес жас деген прозаға енді бет бұратын кез. Әдебиет әлеміне енді кеңінен қанат жаятын кезде ғұмыры үзілді. Жалпы, әлем әдебиетінде қалыптасқан бір пікір бар ғой, «проза қырықтан соң келеді» деген. Бұған да дәлелдерді мыңдап айтуға болады. Әлемдік деңгейде танылған ақындардың ішінде де қырықтан соң прозаға шындап кіріскендері бар.
Мұқағали ақынның көзі тірісінде прозалық еңбегі топтастырылып, кітап болып шықпады. Тек өмірден өткеніне 12 жыл толғанда барып оның бір топ әңгімелері мен повестері, пьесасы баспа бетін көріп, тұтастай тасқа басылды. Сол кезеңде халық Мұқағалиды жаңа қырынан танып, оның прозалық шығармаларының да өміршең екендігіне көз жеткізіп еді. Алайда 90-жылдардағы аласапыран мен халықтың басына түскен әлеуметтік ауыртпалық жұртшылықты кітап оқу үрдісінен жырақтатып әкетті. Одан беріде ел еңсесін түзеді. Кітапқа деген көзқарас қайта қалпына келе бастады. Дегенмен Мұқағалидың таңдамалы шығармалары осыған дейін неше қайтара басылса да, оның прозалық туындысы қалың оқырманның қолына қайта тимеді. Ендігіде мұңмен өрілген, музаға табынған Мұқағалидың ақындық ғұмырының бір белгісі болып қалған, әлі де жас ұрпақтың талғамына татитын оның прозалық шығармаларын қайта бастыру – уақыт талабы, парасатты елдің парызы.
Мұқағали-проза
Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат!» жинағына (1988) әр жылдары жазылған «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже» әңгімелері, «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен «Қош, махаббат!» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты әдеби сын еңбектерінде Олжас Сүлейменов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Сырбай Мәуленов т.б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия туралы ой толғайды.