Шекара да, шеп те талғамай, уақытпен бірге өмір сүріп, адамзат баласымен бірге жасасатын бір ғажап нәрсе болатын болса, ол – ән. Ән – көздің нұры, көңілдің сыры. Сонымен бірге ол – мықты идеологиялық қару да.
Ойлап тұрсақ, кезінде қаншама ұрпақ «Партия қайда болса, Жеңіс сонда!» деп отқа да, оққа да тартынбай кірді, «Алға, комсомол!» деп екпіндете шырқап, тыңға түрен салды, қиыр шеттегі алып құрылыстарға аттанды. Осынау жанқиярлық әрекеттерге жігерлендірген, жұртты бір кісідей жұмылдырған, әрине, үгіт-насихат. Ал патриоттық әндер сол үгіт-насихаттың күшін еселеп, ықпалын арттыра түсті. Бұдан шығатын қорытынды – елдің рухын көтеріп, азаматтық белсенділігін арттыру тұрғысынан алғанда патриоттық бағыттағы әндердің маңызы зор. Бір анығы, мұндай әндер сол бұрынғы кездегідей бүгін де ерекше бағалы. Тіпті алдымызда егемен елдің мәртебесіне сай ерікті, намысты, қажырлы да қайсар ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұрғанын ескерсек, бұл мәселенің қазір қаншалықты өзекті екенін сезіне түсеріміз анық.
Дей тұрғанмен де бүгінгі эстрадада патриоттық бағыттағы әндер өте аз.
Н.Тілендиевтің «Менің елім», Ә.Еспаевтың «Туған ел», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» сияқты көп жыл бұрын жарыққа шыққанына қарамастан, құнын жоғалтпай келе жатқан бірегей шығармаларымен деңгейлес дүниелер жоқтың қасы. Рас, Ж.Дәулеттің «Қазақтай ел қайда?», Е.Құдайбергеновтің «Қазақтың жігіттері», Е.Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» іспетті тыңдарман жүрегіне жол тапқан бірен-саран әндер бар. Бірақ үлкен-кіші бірдей іліп алып кетіп, жаппай айтып, ауыздан түспей жүрген дүниелерді кездестіру қиын. Осы орайда тыңдаушының намысын жанитын, елжандылығын, ұлтжандылығын арттыратын жігерлі әндер неге азайып кетті деген сұрақ туындайды. Жұрттың бұл орайдағы пікірі де әр алуан. Біреулер «Қай заманда да патриоттық әндер ел тарихындағы үлкен оқиғаларға байланысты туған. Мысалы, ақтабан шұбырынды кезінде «Елім-ай» шықса, ұлт-азаттық көтерілісі барысында Махамбеттің өр рухты жырлары дүниеге келді. Сол сияқты Ұлы Отан соғысындағы майдан даласында Рамазан Елебаев «Жас қазақты» шығарды. Қазір ондай әндер шығаратын уақыт та емес, оған сұраныс та жоқ» десе, енді біреулер «Ақындар рухты өлеңдер жазбай кетті, бүгінгі поэзия махаббатты, көңіл күйді жырлаудан әріге аса алмай жатыр, соған орай әндер де сол төңіректен шықпай қалды» дегенді айтады. Әрине, кейбір әндердің нақты бір жағдайға байланысты дер кезінде шығып, дүйім жұртты дүр сілкіндіретін жағдайлардың болатынын жоққа шығармаймыз. Мысалы, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты қас-қағым сәтте жазылып, ертесіне-ақ бүкіл Одақтың ұранына айналып шыға келген «Священная война» әнін білмейтін адам жоқ. Алайда бұған қарап бейбіт заманда патриоттық ән жазылмайды деген түсінік тумауы керек. Туған еліне, жеріне деген отансүйгіштік сезімді жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін де тәрбиелік мәні зор шығармалар туғызуға тырысқан абзал. Бұл ретте әнге лайықты мәтін жоқ деген де – жай сылтау. Жарайды, бүгінгі өлеңдер жылауық-ақ болсын. Бірақ бізде өр рухты поэзияның Мұқағали, Қасым, Жұмекен мен Жұбандар қаламына тиесілі қаншама мол қоры бар! Басқа-басқа, тап осы ақындардан Отан, атамекен, жер-су, достық, адалдық, адамгершілік хақындағы өлеңдердің түр-түрі табылады. Бірақ біз оны білмейміз, дұрысы, іздемейміз, ізденбейміз. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, патриоттық әндердің тек мәтіні ғана емес, әуені де соған сай рухты, жігерлі болса, тыңдарман көңіліне тез қонады. Мәселен, былтырғы жазғы Олимпиада кезінде Қазақстан спортшыларының айы оңынан туып, Қазақ елінің Әнұраны Лондон төрінде қайта-қайта әуелегені есімізде. Кейіннен ғаламтордағы блогқа шетелдіктердің бірі: «Қазақстан Әнұранының жағымды екені соншалық – тіпті құлағымда жатталып қалды. Қазір мен де оны ыңылдап айтып жүретін әдет пайда болды» деп жазғаны бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – патриоттық шығармалар бізге бүгін ауадай қажет. Өкінішке қарай, кейінгі жас композиторлар да, жас әншілер де бұл мәселеге аса ден қоймай жүр. Бұлай жалғаса берсе, қашанға дейін кешегі аға буын тудырып кеткен теңдессіз әндерді талғажау етеріміз тағы белгісіз. Отансүйгіштік пен елжандылық, ұлтжандылық рухын ән арқылы сіңіруге, асқақтатуға деген құлшынысты арттыру үшін не істеуге болады? Мүмкін, бүкіл еліміз үшін патриотизм жылын арнайы жариялау керек шығар?..
Қанат ҮМБЕТОВ, әнші:
– Ең бірінші, өтімді ән жеңіл-желпі той әндері болса, екінші, бізде жылаңқы әндер дәуірлеп тұр, оны қаласақ та, қаламасақ та мойындауға мәжбүрміз. Осы екеуінен басқа ешбір ән дәл бүгінгі қоғамда өтпейді. Өзіңіз де көріп жүрсіз ғой, бізде қандай бір әнші ана не әке, Отан туралы айтып, әні хит болып жатыр ма? Тек бір ғана патриоттық әнді айта алар едім хит болды деп, ол – Ибрагим Ескендірдің Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әні. Осы жағынан алғанда, ән, шынында, қазір тауарға айналды. Әншілер «осы әнім хит бола ма, хит болмай ма?» деп жаздырады. Ал кезінде Нұрғиса, Шәмші секілді ағаларымыздың әнін тауар деп айтуға тілім бармас еді. Олардың бәрі – жүректің әні. Өкінішке қарай, бүгінде жастар арасында ол кісілердің есімі мен әнінің бағасын білетіндер азайып барады.