Өткен тарихқа тың көзқарас қажет
Халқымыздың Тәуелсіздікке жету жолы тым ауыр болды. Тамыры терең тарихтың өзі бұған куә. Араға сан ғасыр салып қазіргі қазақ елі бабалар аманатын жүзеге асырып, ғасырлар тоғысында көк байрағын көкке көтеріп, азаттығын әйгіледі. Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Жетісудың арасындағы ұлан-ғайыр далаға иелік еткен қазақ егемен ел ретінде жаңа дәуірді бастау үшін қаншама қырғын мен қаралы нәубетке ұшырады?!
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Алаштың ұлы даласына көз алартқан империяшылдардың жымысқы пиғылы мен қантөгісі көп солақай саясаттың кесірінен ұлтымыз қисапсыз шығынға ұшырады. Тарихшы ғалымдардың келтірген деректеріне сүйенсек, өткен ғасырдың бастапқы кезеңінің өзінде қазақ даласында «қызыл террор» деген жаман атқа ие болған қуғын-сүргін мен коллективтеніру салдарынан қазақ миллиондап қырылып, мал-мүлкінен тып-типыл етілген.
Сол бір зұлматты 1929-31-ші жылдары қазақтардың күшпен тәркілеу және ұжымдастыру саясатына қарсы наразылық көтерілістерінің саны 372-ге дейін жеткен. Тоталитарлық жүйеге қарсы болған осындай көтерілістер өрті еліміздің барлық аймақтарында тұтанған. Себебі өкімет тарапынан болған түрлі қысымдар мен тәркілеулер, шамадан тыс мөлшердегі салықтар мен «жаптым жала, жақтым күйе» сынды жазықсыз әрі сорақы жазалаулар – қаймана қазақтың қарсылық танытып, жаппай көтеріліске шығуына алып келді.
Еркіндік пен елдік жолындағы үш ғасыр жалғасқан ұлы күрестердің соңы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі екендігінде дау жоқ. «Мұз үстіне алау» жандырған сол кездегі қазақ жастарының рухы – қазақ халқының ұлттық езгіге қарсы үздіксіз күресінің заңды жалғасы еді.
Қалай десек те, бүгінгі ғылыми орта, жалпы, қоғам болып ұлтымыздың тарихында Тәуелсіздік үшін болған жүздеген ұлт-азаттық көтерілістер мен халықтық қозғалыстарды сараптап, саралап отыруы қажет. Осы орайда кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы және ҚР Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай «Қазақ көтерілістері: әлеуметтік себептері және саяси сабақтары» атты ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Тартысты өткен талқылауға мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар, желтоқсаншылар, жас ізденушілер мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Конференция алдында қазақ көтерілістерінің тарихынан мол деректер ұсынған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ұлт тарихында орын алған қанды қырғындар жайын қозғап, өткенге тың көзқараспен қарауға үңілуге шақырған бұл жиында ғалымдарымыз салмақты баяндамалар жасап, тақырыпқа орай пікір таластырды. Аталған шараның негізгі ұйымдастырушысы ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы болғандықтан, конференция жұмысын осы қауымдастық президенті Рахман Алшановтың өзі ашып, жүргізіп отырды.
Рахман АЛШАНҰЛЫ, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, конференция модераторы:
– Тарихымызды түгендеуге ұмтылған мұндай жиын елімізде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Былтыр ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының ұйытқы болуымен Алматыда «Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» тақырыбында республикалық ғылыми конференция өткізілген болатын. Сол конференцияда талқыланған мәселелердің желісі бойынша «Қазақ көтерілістері және азаттық мұраты» атты жинақ та әзірленіп, басылып шыққан. Айтылған ойлар, ортаға салған дерек пен дәйек тарихи сананы оң қалыптастыруға септігін тигізсе, оқу-тәрбие үдерістерінде қолданым тапса, ұлттық тарих ғылымының бүгінгі жаһандану мен бәсеке үдесінен шыққаны деп білеміз.
Осы орайда биылғы жиынның материалдары да алдағы уақытта арнайы жинаққа топтастырылатындығын атап өткім келеді. Бұған қоса, жоғары оқу орындары қауымдастығы атынан қазақ көтерілістері тарихын тың көзқараспен тереңірек зерттегісі келетін ізденуші жастар мен үлкен ғалымдарға тиісті қаржы бөліп, ғылыми еңбегін кітап етіп шығарып беруге дайын екендігімізді жеткізгім келеді.
Конференцияның ашылу сәтінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов пен «Нұр-Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов сөз алып, Қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстарды, көтерлістер мен оқиғаларды саралау, ғылыми қалыпқа салу және жұртшылық арасында оған қатысты қандай да бір сұрақ тумайтындай оларға қатысты бір тоқтамға, пікірге келудің уақыты келгендігіне тоқталды.
Бұдан кейін қазақтың ұлт-азаттық көтерілістері тарихын зерттеп-зерделеп жүрген Қамбар Атабаев, Болатбек Нәсенов, Сағатбек Медеубекұлы, Жетпіспай Нұрлан, Рашид Оразов, Жұмабай Құлиев сынды ғалымдар мен қаламгерлер бірінен соң бірі терең талдауларға негізделген баяндамалар жасады.
Баяндамаларды талқылау барысында, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, жазушылар Смағұл Елубай, Ахметжан Ашири, Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы, Желтоқсан қаһарманы Гүлбаһрам Жүніс сынды белгілі тұлғалар Алаш жұртының азаттық жолындағы күрестерінің маңыздылығына тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияда өткен қазақ жеріндегі жаппай қуғын-сүргін мен аштық, тың игеру сынды қазақ тарихын басқа арнаға бұрып жіберген зобалаңдар мен Сырым Датұлы көтерілісі, Қарқара көтерілісі, Адай көтерілісі, Созақ көтерілісі, Бетпақдала көтерілісі, Кеңгір көтерілісі, Абыралы көтерілісі мен Тәуелсіздікті жақындатқан Желтоқсан көтерілісі жайында кеңінен сөз болып, осы төңіректерде қордаланған мәселелерге ғылыми талдаулар жасалынды.
Р.S.
Жиында айтылған ойлардан түйгеніміздей, бүгінде өткен тарихымызға таза ғылыми тұрғыда сараптама жүргізу жағы кемшін, тарихшы ғалымдардың арасында да айтарлықтай пікірлер алшақтығы бар. Бұған қоса, кешегі отаршыларға қарсы соғыстар мен Алаш қозғалысының тарихы, қала берді Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі де тарихи-ғылыми тұрғыда толыққанды зерделене қоймаған. Әрине, тарихты ақтару үшін ұзақ уақыт керек. Дегенмен жиынға қатысушылардың айтуынша, егер де мемлекет тарапынан осы мәселелерге барынша көңіл мен тиісті қаржы бөлінсе, арғы-бергі мұрағаттардағы деректерді жинақтап, үлкен зерттеулерге жол ашуға мүмкіндіктер ашылмақ. Олай болса, бұл, ең алдымен, Тәуелсіз елдің келешек ұрпағы үшін аса бір құнды дүние болар еді.