Отандық анимацияда «Ер Төстігіміз» – бір төбе

Наурыз мейрамынан бастап қазақтың тұңғыш толықметражды анимациялық фильмі прокатқа шықты. «Ер Төстік және Айдаһар» – халқымыздың батырлық ертегілерінің ең көне үлгісінің желісі бойынша жасалған 3D туынды.


Жаңа туындыға әркімнің сынай қарай­тыны рас. Бірақ Ер Төстік жайлы анимация ізгілікке толы оқиғасымен бірден жылы ұшы­рай кетеді. Жерасты патшалығының әміршісі Бапы Жерде мәңгілік қараңғылық орнатпақ болады. Бірақ оның бұл жоспа­рына мың жылда бір туатын батыр кедергі келтіреді. Төстік әлемді әділеттілік, адам­гер­шілік пен мейірім ғана билеуі керек деп біліп, зұлымдыққа қарсы бас көтереді. Ал бұл жолда оған Желаяқ, Көлтауысар, Тау­соғар, Қосаяқ, Тасбақа сияқты достарының бірлігі көп көмектеседі. Озбыр күштер бірігіп, Айдаһарға айналғанда да жеңіс жұ­мыла күресудің арқасында мүмкін бо­ла­ды – Самұрық құс Бәйтерекке ұя са­лып, Жерде мамыра-жай тірлік орнайды. 3D тех­нологиялары бойынша жасалған «Ер Төстік» – отандық мультипликация тари­хындағы тұңғыш толықметражды анима­циялық фильм. Оны жасауға 1,2 млн дол­лар мен аттай үш жыл уақыт кетті. Фильмде қолдан сызылған кескіндер мен motion capture қолданылды, соңғысы – кәдімгі ак­тер­лердің қимылын анимацияға ай­нал­дыру, мұндай күрделі әдіс біздің мульт­фильм­дерде бұрын-соңды болған емес. Әлемдік прокатқа шығатын анимация­лардан кем болмауы үшін мамандар ба­рын салған. Бәсеке демекші, кинотеатр­ларда «Ер Төстік» «Крудстер отбасымен» бір мезгілде көрсетіліп жатыр. Бірақ біздің 3D ертегіміз өз аудиториясын тауып үлгер­ді. Алғашқы күні-ақ кішкентай көрермен­дердің көбі анимациялық туынды қатты ұнағанын айтып жатты. «Қазақфильм» үш­ін тарихи мәні бар жобаның режиссер­лері – Жәкен Дәненов пен Рустам Тұра­лиев. Сценарийді осы екеуі және Михаил Алдашин жазған. Қоюшы суретшілері: Тимур Дайырбаев, Жандос Омаров және Жәкен Дәненов. Туындыны Еділ Құса­йы­нов, Виталий Михаэлис, Ақтоты Райым­құ­лова сияқты композиторлар әуенмен көр­кемдеді. Рөлдерді талантты да танымал актерлер тобы дыбыстады, олардың қата­рында кейіпкерлерге жан бітірген Дулыға Ақмолда, Лидия Кәден, Димаш Әкімов, Нүкетай Мышбаева, Кәдірбек Демесінов, Күнсұлу Шаяхметова, Бейбіт Мүсілімовтер бар. Фильмнің орыс тіліндегі нұсқасына Илья Шилкин, Роман Прохоров, Лия Нэльс­кая, Нина Жмеренецкая, Игорь Ли­ча­деев, Евгений Жұманов, Мерей Әжібе­ков, Динара Егеубаевалар еңбек сіңірді. Кар­тинаны жасаған ұжым мыстан рөлін дыбыстаған 80 жастағы халық әртісі Лия Владимировна Нэльскаяның кәсіби ше­берлігін жоғары бағалайды.
Жәкен ДӘНЕНОВ, режиссер, суретші, кинематографист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Соңғы технологиямен толықмет­раж­ды анимациялық фильм жасай ала­тынымызға көзіміз жетті. Бұл, әри­не, мемлекеттің зор қолдауының арқа­сында мүмкін болды. Демек, қолдау болса, жақсы дүниелер туғызу қолдан келеді. Анимациялық фильмдер ешбір елде мемлекеттің қолдауынсыз жа­сал­ған емес. Бұл – қымбат өнер. Еліміз қа­зір жас ұрпақтың рухани тәрбиесінен қаражат аяп отырған жоқ. Техноло­гиямен жас мамандар ғана жұмыс істе­ді. Осындай жастармен ғана өнерде ілгерілеуге болады. Бұл – біз үшін баға жетпес тәжірибе. Фильмнің отандық анимация тарихында өзінің лайықты орнын алатынына күмәнім жоқ.

Лия НЭЛЬСКАЯ, актриса, ҚР Халық әртісі:
– Айрықша тәнті болғанымды ай­туым керек. Киностудия қызметкерлері­нен мұндайды күтпегенім рас. Мен ани­мацияда кәсіби маман емеспін. Де­генмен фильмді қарағанда режис­сер­лердің, дыбыс режиссерлерінің, во­калистердің, құрастырушылардың, жұ­мысқа араласқан басқа да маман­дардың әрбір ойластырған дүниесін тү­сінуге тырысып отырдым. Фильмнің көркемдік және кәсіби деңгейі өте биік, айтар ойы терең! Операторлық жұмыс көрерменді еш жалықтырмай, керісін­ше, қызықтыра түседі. Шығармашылық топты осы үлкен жеңіспен құттықтай­мын! Фильмде қатып қалған клишелер мен орынсыз дәстүрлер жоқ. Қиял ер­кіндігіне жол берілген. Сол себепті де болар, зұлымдық фонында өте мейі­рімді, жүрекке жылы тиетін хикая пай­да болды.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста