«Құрманғазы, Дина секілді қазақтың атақты күйшілері шыққан еліміздің батыс өңірінің тумасы болғандығымнан ба, бала күнгі арманымның бірі қазақтың киелі домбырасының құдіретін өзге жұртқа таныту еді. Сол арманым орындалып, Новосібірдегі «Сібір жұлдыздарды жағады» («Сибирь зажигает звезды») халықаралық өнер фестивалінде домбырамнан төгілген күй тыңдаушыларды да, қазылар алқасын да тәнті етті», – дейді кешегі Біржан салдардың бүгінгі ізбасары, жас өнерпаз Біржан Бектасов.
Естеріңізде болса, осы мамыр айының 3-6-сы аралығында Ресейдің Новосібір қаласында «Сібір жұлдыздарды жағады» деген атпен халықаралық өнер фестивалі өткен болатын. Оған біздің елден де біраз бала ат қосқан еді. Солардың қатарында елордадан жалғыз Біржан Бектасов қана өз күшімен осы фестивальға барып қатысып, Астананың мәртебесін асқақтатып қайтты. Өз күшімен, ниеттес досының қолдауымен ғана барғандықтан болар, Біржанның бұл жүлделі жеңісі ақпарат кеңістігінде лайықты аталмай қалыпты. «Ештен кеш жақсы», қазақты танытып жүрген бір өнерпазын Алаш жұрты да біле жүрсін деген оймен Біржанның өзімен сөйлескен едік. Таныс болыңыздар, Біржан Бектасов – Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы Мұратсай ауылынан шыққан, қазақтың қасиетті қара домбырасының құдіретіне өзге жұртты тәнті етіп жүрген жас өрен.
Біржан БЕКТАСОВ, Қазақ ұлттық өнер университетінің 2-курс студенті:
– Жалпы, мен бұл фестивальға музыкалық аспап жанрында, оның ішінде соло, аспапта орындау өнері бойынша 20-25 жас аралығындағылар санатында қатыстым. Бұл санаттың өзінде 30-дан аса өнерпаз шықты. Конкурстың ережесі бойынша әр қатысушы 10 минуттан аспайтын екі шығарма ойнауы керек болды. Менің бірінші ойнағаным Петренконың №2 концерті болды. Оны домбырада фортепианоның сүйемелдеуімен орындадым. Ал екіншіге қазақтың атақты дирижері, күйші-композиторы Нұрғиса Тілендиев атамыздың «Бала мишка» күйін тарттым. Осы күйдің құдіретіне тамсанған жұртшылық оны бірнеше рет қайта тартқызды. Сөйтіп, бірінші орынды қазақтың домбырасы иеленді.
Сөз басында бүгінгі Біржанды кешегі Біржан салдардың ізбасарына теңеуіміз бекер емес-ті. Оның домбырада күй төгілтіп қана қоймай, халық әндерін тамылжытып, терме айтатын да өнері бар. Біржанның анасы 13 құрсақ көтерген екен. Соның ең кенжесі – Біржан алғаш домбыраны алты-жеті жасында әкесінен үйреніп, 6-7 сыныптарда ауылдағы Мәдениет үйінің қызметкері Алтай Исекешевтің жетекшілігімен аудандық жарыстарда терме мен күйден жүлделі орындар алып жүріпті. Ал 2006 жылы Орал қаласы Құрманғазы атындағы саз колледжінің қазақ ұлт аспаптары бөлімінің домбыра мамандығына қабылданып, 2010 жылы үздік бітірген. Сол жылы Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің дәстүрлі музыкалық өнер факультетіне түскен, қазір 2-курсында оқып жатыр.