Орта Азияның деректі фильмдері жинаққа енді
Кеңестік кезеңде Одақтың құрамында болған елдердің кәсіби режиссерлері түсірген деректі фильмдерде сан жоқ. Алайда сол туындылардың көпшілігі өз дәуірінде жөнді көзге ілінбей, тиісті бағасын ала алмады. Тек Ресей режиссерлерінің түсірген деректі фильмдері ғана дәріптелді. Бүгінде осы олқылықты толтыратын уақыт жеткен секілді. Таяуда Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының «Территория кино» клубында Орта Азия деректі фильмдерінің DVD жинағының тұсаукесері өтті. Аталған жинаққа кеңестік дәуірде және Тәуелсіздік алған жылдарда түсірілген 15 деректі фильм енгізіліпті. Жинақтың тұсаукесер салтанатына есімдері көпшілікке мәлім Ораз Әбішев, Ася Сүлеева, Владимир Тюлькин, Сергей Әзімов, Владимир Татенко, Әсия Байғожина, Бақыт Ғафу секілді белгілі режиссерлер қатысты.
Бүгінде Еуропа елдерінің Орта Азияға деген қызығушылығы өте жоғары. Жобаны жүзеге асырушы «Орталық Азия кинематографиялық орталығы» қорының басшысы Гүлнар Әбікееваның айтуынша, жинақты шығарудағы негізгі мақсат – Орта Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан секілді елдердің тарихын, ұлттық ерекшеліктерін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін басқаларға таныту. Сондай-ақ іріктеліп жинаққа енгізілген деректі фильмдер – кино тарихын зерттеушілерге, кино мамандарын даярлайтын оқу орындарындағы жас мамандарға және тарих, саясаттану, әлеуметтану, мәдениеттану секілді түрлі пәндердің оқытушыларына таптырмайтын құрал. Сондықтан да бүгінде 1000 данамен шығарылған жинақ оқу орындары мен кітапханаларға тегін таратылуда.
Кеңес заманында деректі фильмдердің кеңес идеологиясының негізгі құралының бірі болғаны баршамызға аян. Сондықтан аталған жинаққа 1920, 1930, 1940, 1950 жылдары түсірілген деректі фильмдер енгізілмеген. Себебі бұл кездерде деректі фильмдерді Ресейден келген режиссерлер арнайы тапсырыспен түсіретін. Тек 1960 жылдары деректі фильмдер аздап ұлттық сипат ала бастады. Сондай-ақ бұл адам алғаш ғарышты бағындырған кезең болғандықтан, ғарыш, жаңашылдық тақырыптарындағы деректі фильмдер көптеп түсіріле бастады.
Біз сөз етіп отырған жинақтың негізгі бөлігін Орта Азия халықтарының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жайлы деректі фильмдер құрайды. Алайда бұларды тек этнографиялық дүние деп қарауға болмайды. Әрбір картинадан тек ақпарат қана емес, әр режиссердің iшкi ойын, ұлттық мәдениетті қызғыштай қоруын байқауға болады. Айталық, тәжік халқы сүйсініп көретін Д.Худназаровтың «Бесік жыры», М.Юсуповтың «Галла», қырғыз режиссері Б.Шамшиеваның «Манасчи», А.Айтыкееваның «Биік жағалау», түрікмен режиссері С.Молланиязовтың «Құдық» және «Шопан досы» фильмдері, сондай-ақ тәуелсіздікке қол жеткен жылдары өзбек режиссері Д.Қасымов түсірген «Ахмет Яссауи» фильмі және қазақ режиссері О.Әбішевтің «Ашық алақан құпиясы», Б.Қайырбековтің «Мұсылманшылыққа дейінгі қазақ ғұрыптары» секілді деректі фильмдері нағыз ұлттық мұра болып табылады.
Жинаққа енген фильмдердің ішінде кеңес иделогиясына қарсылық білдіретін фильмдер де жетерлік. Ойын ашық жеткізе алмаса да, пікірін тіліп айта алмаса да, сол тұстағы жағдайға сыни көзқарастарын білікті режиссерлер өз фильмдері арқылы жеткізген. Оған дәлел – қырғыз режиссері Т. Океевтің «Бұл – жылқылар» фильмі, тәжік режиссері Б.Садықовтың «Адонис XIV», түрікмен режиссері М.Әлиевтің «Аура», өзбек режиссері Б.Музафаровтың «Аралқұм», қазақстандық режиссер В.Тюлькиннің «Повелитель мух» фильмі. Жинақ құрамындағы ерекше атауға болатын деректі фильм қырғыз режиссері Мелис Убукеевтің «Кеңес Одағына қызмет етемін» фильмі. Бұл картина өте кең танылмағанымен, фильмде автор поэтикалық формада кеңес адамының санасының милитаризациясына қарсы шыға білген.
1985-90 жылдар, яғни қайта құру кезеңінде кеңес кинодокументалистикасы біршама биіктерге көтерілді. Осы кезеңдерде Орта Азия республикаларының әрқайсысында өткір әлеуметтік тақырыптағы фильмдер түсірілді.
Деректі фильм түсірушілер ылғи қызу оқиғаның ортасында жүргендіктен, қоғамдағы өзгерістерді дөп басып, сол уақыттың тынысын беруге тырысады. Мәселен, Алматыда 1986 жылы орын алған оқиғаны баяндайтын «Хроника объявленной демонстрации» фильмі, Тәжікстандағы азаматтық соғысқа байланысты «Хоки ватан» және «Іссапар», 2005 жылғы наурызда болған Қырғызстандағы көтеріліс туралы «Жетінші қабаттан төмен қарай» деген секілді туындылар. Бұлардың барлығы кеңестік дәуірде түсірілген үздік фильмдер. Сондықтан мұндай жинақ қазіргі деректі фильм кенжелеп тұрған шақта режиссерлерге қайта серпін беретініне сенейік.
Дерек
Орта Азияда XX ғасырдың бас кезінде алғашқы болып өзбекстандық әуесқой кинематограф Худайберген Деванов деректі фильм түсірген болатын. Ол өз фильмінде көшедегі, базарлардағы адамдарды, қаладағы құрылысты, су каналын көрсеткен еді. Ал Орта Азиядағы ең алғашқы кәсіби оператор өзбекстандық Малик Каюмов 1927 жылы «Паранджа» атты деректі фильмінде революциялық митингтерді, өзбек әйелдерінің беттеріндегі пәренжілерін шешіп лақтырған көріністерді түсірген. Ал тәжік деректі фильмінің тарихы 1929 жылы түсірілген «Душанбеге алғашқы пойыздың келуі» деген фильмнен бастау алады.