Тек тентек қылықтарымен жұрттың назарына жиі ілігетін атышулы әнші бұл бейнежазба арқылы өзін сынап, мінейтін көпшілікке әнмен жауап берген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Төреғалидың репертуарын толықтырған жаңа туынды "Өмірбаяным" деп аталады. Сөзін жазған айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов, ал әуенінің авторы сазгер Шымберген Сүлейменов.
Айта кетейік, өткен жылы Төреғали Төреәлі Көлсай тауларында жас жігіттің қабағын жарып, маңдайынан қанын сорғалатқан еді. Аталған оқиғадан кейін әнші темір торға қамалып, кейін босап шықты.
Алайда өзінен кішіге күш көрсетіп, жұдырық жұмсаған Төрешті халық сахнадан алшақтатып, түрмеге қамау керектігін айтқан. Ал су жаңа әннің мәтініне зер салсақ, дәл сол шулы оқиғаға байланысты арнайы жазылғанын аңғаруға болады.
Біреулер орның мінбеде дейді,
Біреулер орның түрмеде дейді.
Адам байғұстың бір аты — пенде,
Пендешілікпен кім не демейді?
деп басталады Төреғалидың орындауындағы жаңа ән.
Атышулы әншінің тың туындысын әркім өзінше қабылдап әлек. Желідегі жұрттың бір тобы әннің мәтінін мақтаса, екінші легі өнер иесін даттап, түрлі пікір жазған.
"Сол үшін тәкаппарланба, бір саты төмен, қарапайым болсаң, саған шаң жоламайды", "Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ", "Осы істеп алып, сол оқиғаға ән шығаратынын түсінбеймін. Ақын деген сайын құтырып", "Шегіп алған ба?", — деп жазды көпшілік.