«Өрмекші-адамдарды» өсіріп жатырмыз

Бүлдіршін атаулының көгілдір экраннан ең алдымен іздейтіні – әрине, мультфильм. Спутниктік телеарналардың арқасында бүгінде балалардың бұл сұранысы айтарлықтай қанағаттандырылып та жүр. Nikelodeon, Jetix, CN арналарының тұрақты көрерменіне айналған олар, Өрмекші адам, Тасбақа Ниндзя, Робот-полицей, Спанч Боб сияқты түр-түсі келіспеген, құбыжық кейіпкерлерді кумир етуге көшті...

Өткенде бірінші сыныпты үздік аяқтаған алты жасар ұлымды мақтап отырып: «Жарайсың! Үнемі осылай ақылды болып, жақсы оқысаң, кейін өскенде Президент боласың» деп едім, ә дегеннен: «Жоқ! Президент болмаймын!» деп шыр ете қалды. «Енді кім боласың?». «Өрмекші адам боламын!». «Неге?». «Ол сондай керемет! Қолынан бәрі келеді! Бәріне көмектеседі!»... Мультфильм кейіпкерлерінің бала санасына қан­шалықты әсер ететіндігін осыдан-ақ көруге болады. Жарайды, сол Өрмекші адам, Робот-полицей дегендер шынымен-ақ қайырымды, мейірімді кейіпкерлер шығар. Бірақ қалай болғанда да, бөгде мәдениеттің жемісі ғой. Балаларымызды бесіктен белі шықпай жатып, жат мәдениетпен сусындатып, өзгенің таным-білімімен, көзқарасымен қаруландырамыз да, артынан: «төл мәдениетінен мақұрым, өз ұлтын, ата дәстүрін менсінбейтін маргиналдар қайдан шығады осы?» деп кейиміз.
Осы тұрғыдан алғанда, суреткер қауымға жүктелер міндет зор. Мысалы, қазақ ауыз әдебиетінде шетелдік мультфильмдердегі персонаждарды он орайтын кейіпкерлер жетіп артылады. Ер Төстіктен бастап, Алпамыс пен Қобыланды, Атымтай Жомарт, Жиренше шешен, Алдар Көсе сияқты, батырлық пен даналықтың, қайырымдылықтың қайнар көзіндей қаншама тұлғаларымыз бар! Ақыл-ойды, тапқырлықты дәріптейтін аңыз-әңгімелеріміз де – өз алдына бір төбе. Соларды бала танымына лайықтап жазып, қызықты мультфильмге өзек етсек, эфирдегі бос кеңістіктің не болса, сонымен толтырылуына жол берілмес еді.
Біздің білуімізше, соңғы төрт-бес жыл көлемінде анимация өнеріне едә­уір көңіл бөлініп, бірқатар дүниелер тү­сірілді де. Бірақ Әмен Қайдаровтың «Құйыршығынан» бастап, Болат Омаров­тың «Мүшел», Аманжол Әбілқасымовтың «Ауылдың почтальоны Жаманқұл ай­ды қалай қуып жетті?», Қабырсабыр Әбді­қадырдың «Кім патша болғысы келеді?» деген тәрізді басқа да соңғы жылдары түсірілген мультфильмдердің жет­кіншектерге жеткені некен-саяқ. Яғ­ни талай туындылар шаң басқан күйі «Қазақ­фильмнің» сөрелерінде жатыр. Се­бе­бі отандық телеарналар өз өнім­де­рімізді сатып алуға құлықсыз. Есесіне, он­нан-мұннан құрап-сұрап, эфирді ше­тел­дік аударма фильмдермен тол­ты­руға шебер. Былайша айтқанда, бюд­­­жет­тен қаржыландырылып отырға­ны­­на қарамастан, мемлекеттік ар­на­­­ла­ры­­мыздың өзі осы елге, жұртқа қа­жет­ті, зәру мәселеге немқұрайды қарап от­ыр. Әм­ен Қайдаровтың пікірінше, бұған бір жа­ғынан «Қазақфильмнің» өзі де кінә­лі. Яғни ұйымдастыру жағы осал.
Шын мәнісінде, осыдан талай жыл бұрын түсірілгеніне қарамастан, «Қар­лығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қырық өтірік», «Ашкөздіктің азабы» сияқты мультфильмдер маңызын әлі де жойған емес. Өйткені солардың қай-қайсысы болсын, жақсылықты дәріп­теп, жамандықтан жирендіреді. Сөйтіп, бала жүрегіне ізгілік нәрін сіңі­реді, адалдық, адамгершілік, мейі­рімділік іспетті асыл қасиеттерге бау­лиды. Бір анығы, ертеректегі орыс мульт­фильмдерінің дені жан-жануарлар, хай­уанаттар хақында болып келетін. Соны көріп оты­рып, тіпті бүлдіршіннің қоршаған ор­та, жанды-жансыз табиғат туралы түсі­нігі, бейнелі ойлауы қалыптасатын. Ал қазіргі Спанч Боб, Арнольд, Джимми Нейтрон, Джинджер сияқты, не нәрсеге ұқсатарыңды білмейтін, ұсқыны келіс­пеген кейіпкерлердің балау­са жет­кіншектеріміздің таным-түсінігіне, сана­сына оң ықпал етері екіталай.
Негізі, мультфильм – идеологиялық үлкен құрал. Сол арқылы жас ұрпақтың дүниетанымы қалыптасып, туған тілге, тарихқа, болашаққа деген сүйіспеншілігі оянатынын ескерсек, құзіретті орындар­дың осы салаға қаржы бөлуден, қолдау көрсетуден аянбағаны абзал. Мәселен, мультфильм индустриясы жақсы дамыған елдерде психолог мамандар, педагогтар мен әлеуметтанушылар осы сала бойынша арнайы жұмыс істеп, түсірілуге тиісті нәрсенің мемлекеттік идеологияға сай болуын жіті қадағалап отырады. Осы ретте, ұрпағымыздың тамырынан ажырап қалмауына негіз болатын бірден-бір шара ретінде біз де ұлттық болмыстағы мультфильмдерді түсіру және оларды кішкентай көрермендерге тосқауылсыз жеткізу мәселесін жан-жақты ойластыруға тиіспіз.

• Бір пікір
Әмен ҚАЙДАРОВ, «Тарлан» сыйлығының иегері, профессор:
– Тиісті көңіл бөлінбегендіктен, білікті жастардың барлығы тарап кетті. Олар қайтып келу үшін үзілмейтін өндіріс керек, тиіп-қашып жүрген адамдардан береке жоқ. Бұған мемлекет тарапынан дұрыс көзқарас болса, игі. Отыз жылдай еңбек еттік, бірақ оның бәрі өткен ғасырдың тарихи мұрасы боп қалды. Қазіргі шығармаларымыз шетелдің өндірісімен жарыса алмайды. Басқасын былай қойғанда, қолдағы бар еңбекті ұқсатып көрсете алмаймыз. Жарты сағаттық мультфильмдер сөреде жатыр...

Өз ойым
Қалай болғанда да, аталмыш мәселені шешудің тиімді жолын табу қажет. Мүмкін, отандық мультфильмдердің, жалпы, балаларға арналған фильмдердің, басқа да бағдарламалардың еліміздегі телеарналардан көрсетілуі үшін Мәдениет министрлігі тарапынан арнайы квота қарастырылуы керек шығар?..

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста