Қызылжардың қазақ ұлт-аспаптар оркестрі Сегіз серінің атымен аталатын болды. Өңір зиялыларының ұсынысын облыстық мәдениет басқармасы мақұлдады.
Осыдан 13 жыл бұрын құрылған қазақ ұлт-аспаптар оркестріне «Есіл» деген атау берілген болатын. Осы уақыт ішінде оркестр тек облыста ғана танымал болып қойған жоқ, көршілес мемлекеттерге де гастрольдік сапармен бірнеше рет шыққан болатын. Бүгінде оркестр құрамында 40-тан астам музыкант бар. Оркестрдің ұстанған бағыты – ұлттық өнерімізді жан-жақты насихаттау.
– Ұлыларын ұлықтамаған ел жетім. Оркестрдің атын өзгерту де осы ойдан туындаған. Ұжымға халық композиторы Сегіз сері Бахрамұлының есімін беру орынды, – дейді зиялы қауым өкілдері. Сегіз сері шамамен 1818 жылы Қызылжарға қарасты қазіргі Жамбыл ауданында дүниеге келген. Қожаберген жырау, Толыбай сыншылармен үзеңгілес. Өз заманының зарын жырлап, жоғын жоқтаған жандардың бірі.
Қайырлы ҒАФУРОВ, Сегіз сері атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі:
– Сегіз сері – ақындығы, композиторлығы, әншілігі жағынан ұлы тұлғалардың бірі. Оның үстіне, осы өңірден шыққандықтан, оның есімін беруді ұйғардық. Оркестр алдағы уақытта бабамыздың есімін жоғарыдан көрсетеді деп ойлаймыз.
Оркестрге Сегіз серінің есімі берілді
Последние статьи автора