Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың туғанына – 110 жыл. Алаш арыстарының көрнекті өкілдерінің бірі Ораз Жандосовтың мерейтойына орай, Мәдениет және ақпарат министрлігі және Мемлекеттік орталық мұрағаты, «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы бірлесіп, ғылыми конференция ұйымдастырды. Қазақстанның ірі-ірі ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының белгілі тарихшы, әдебиетші, мәдениеттанушы, философ ғалымдары бас қосқан жиын кеше ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Жиынға Ораз Жандосовтың ұрпақтары Әли Оразұлы Жандосов және қайраткердің немересі, белгілі экономист кіші Ораз да қатысты.
Қазақ мемлекетінің қалыптасып, дамуына айтарлықтай үлес қосқан ұлтымыздың біртуар ұлдарының бірі Ораз Жандосовтың 110 жылдығы ғылымның қара шаңырағы Ұлттық кітапханада аталып өтуінің өзінде үлкен сыр бар. Ораз Қиқымұлы Жандосов 1931 жылы Қазақстан халық канцтовар кеңесіне хат жазып, Қазақстанда республикалық мемлекеттік кітапхананың, қазіргі Ұлттық кітапхананың ашылуына мұрындық болған. Сондай-ақ Ораз Қиқымұлы – осы Ұлттық кітапхананың алғашқы директоры. Кітапханаға өзі басшылық еткен тұстарда Ораз Жандосов жер-жерден түрлі кітаптарды, сирек кездесетін құнды деректерді жинақтап, алғашқы қорды 64 мыңға жеткізген еді. Ол Бас кітапхананың ұлттық рухани орда ретінде қалыптасуын мақсат етті. Осы орайда қазіргі Ұлттық кітапхана басшылығы кітапхана тарихында басшылық еткен директорлардың фотогалереясын ұйымдастырыпты. Сондай-ақ конференцияға жиналған баяндамашылар, зиялы қауым Ораз Жандосовтың өмірі мен еңбек жолы хақында, атқарған қызметтері жайлы осы уақытқа дейінгі белгілі, белгісіз деректерді жиналған көпшілікпен бөлісті.
Өткен ғасырдың бас кезі қазақ халқы үшін жаппай саяси, мәдени, ғылыми ояну кезеңі болды десек, артық айтқандық емес. Осы бір қиын-қыстау тұстарда өмір сүрген Ораз Жандосов өзінің қысқа ғана ғұмырында қазақ елінің саяси және әлеуметтік мүддесі үшін күресіп, мәдени, оқу-ағарту ісін көтеруге елеулі еңбек етті.
Олжас Сүлейменов:
– Ораз Жандосовтың білімі терең, ойы ұшқыр адам еді. Ол өзінің белсенділігімен, ақыл-парасатымен қазақ мемлекетінің алға жылжуы үшін тер төкті. Ораз Қиқымұлы тек мемлекеттік лауазымды қызметтер ғана атқарып қоймай, қазақ мәдениетінің, ғылымының өркендеуіне үлес қосты. Басқасын айтпағанда, Ораз Жандосов рухани астанамыз Алматының алғашқы орысша атауы «Верныйдан» «Алматы» атауына ие болуына айтарлықтай күш салды.
Қазақ тілінде ешбір оқулықтың, әдебиеттің жоқ кезінің өзінде Ораз Жандосов қазақ баласының білім алып, сауатты болуы үшін алғаш ауыл мектептерін ашқызған еді. Ұлт болашағына алаңдап, қазақ мемлекетінің өркендеуі үшін тынбай еңбек еткен ұлы тұлғамызды қалай ұлықтасақ та артық емес. Алайда Т.Рысқұлов, Ә.Бөкейханов сынды алаш арыстары санатындағы Ораз Жандосов мерейтойының тар шеңберде ғана аталып өткені ұлттығымызға сын емес пе?..
Ораз Жандосов кітапханашыларға ғана керек пе?
Последние статьи автора