Саналы ғұмырын бала оқытуға сарп еткен Жошыхан Қасиманұлы: «Менің кием – Шыңғыстай мен Шыңғыстау, өмірім осы екі арада өтті» дегенді жиі айтушы еді…
Есімін Әлихан Бөкейханов қойған
1920 жыл. Аумалы-төкпелі заман болатын. Сол тұста Абай ауданына қарасты Орда ауылында Қасиманның отбасында маңдайы торсықтай ұл келеді дүниеге. Осы кезде большевиктерден жасырынып жүрген алаш азаматы Әлихан Бөкейханов Орда ауылына ат басын тірейді. Рулас ағайыны Қасиман ақсақалдың үйінде қонақ болып, жаңа туған сәбиге азан шақырып «Жосыхан» деп ат қояды. Сәби кейіннен Жошыхан атанып кеткен.
- Қазақ халқының көрмеген қорлығы жоқ. 1931 жылдары халыққа ашаршылықтың таяп қалғаны біліне бастады. «Белдеуде бұзау қалмасын» ұранымен байлардың малын кәмпескелеп, өздерін жер аударды. Шәкерім де сол жылдың күзінде оққа ұшқан еді. Малмен ғана күн көріп отырған қазақ аштыққа ұшырады. Әбден ашыққан халық малдың кепкен терісін суға қайнатып, нілін соратын. Ол бер жағы еді, - деп Жошыхан ата өткен қиын кездерді еске алып отыратын. - Ашаршылық жылдары өкімет Ордада азық-түлік дүкенін ашып, әр адамға 100-200 грамм қара тары, бидай беретін. Соны қауызымен көже қылып ішетінбіз. Сауысқан, торғай, тышқан аулап жегендер де болды. Адамдар ол кезде аштықтан ғана емес, шешек, сүзек ауруларынан да қырылып жатты. Сол жылдары Садық ағам Семейден екі арбамен тамақ әкеліп, тау-тасты кезіп жүрген аштарды жинап жүрек жалғатады. Сөйтіп, бізді жаяу-жалпы Семейге ертіп шықты. Жол-жөнекей қырылғандар да болды. Шаршап-шалдығып Жарма стансасына жеттік. Сол жерден вагонға тиеп Жоламанға алып келді. Жоламанда біздің кір-кір болған киімімізді шешіп алып, Ертіс суына жуындырады да бір қабат таза киім береді, Параходпен Ертісті өрлей жүзіп, су бойындағы ауылдарға таратады.
Сөйтіп 13 жасар Жошыхан қазіргі Бородулиха ауданындағы Уба-Форпост елді мекенінен бірақ шығады. Ашаршылық жылдарын сол Қуқалада өткізеді. 1939 жылы мектепті тәмамдап, Өскемен қаласына оқуға түседі. Араға бір жыл салып оқуын тастайды да, Өскеменге іргелес жатқан Прапорщиково ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасады. Ұстаздық өмірінің алғашқы жылдары осында басталған еді.
Сұрапыл соғыста сан мәрте жараланды
Жошыхан Қасиманов 1942 жылы маусымда майданға аттанады.
Алдымен Семейдегі Тамбов минометшілер жаяу әскер училищесін бітіріп, 1943 жылы Сталинград майданына аттанады. Алайда, оларды жау ұшақтары бомбалап, Сталинградқа жеткізбейді. Осы жерде Жошыхан Қасиманов ауыр жарақат алып, госпитальға түскен еді. Жарақатынан жазылғаннан кейін 1943 жылы Курск-Орлов шайқасында аяғынан тағы жараланады. Көп ұзамай майдан даласына қайта оралады. Жауынгерлік қырын байқаған полк командирі лейтенант атағын беріп, минометшілер взводының командирі етіп тағайындайды.
Тағы бір шайқаста Жошыхан Қасиманов бұйрық беріп отырған тұсқа снаряд түсіп, үйінді топырақтың астында қалады. Үшінші рет жарақат алған Жошыханды санитарлар тауып алып медсанбатқа жеткізеді. Тиісті емін алғаннан кейін жаудың бетін қайтару үшін талай күш жұмсайды. Белград түбінде болған қанды ұрыста басынан және жарақат алып, дала госпиталіне түседі. Содан 1945 жылдың ақпанына дейін емделіп, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Австрия жерлерін немістерден азат етуге қатысады. Ұлы жеңісті Вена қаласында қарсы алған.
Ж. Қасиманов 1946 жылдың басында елге оралып, Прапорщиково ауылындағы мектепке директорлық қызметке орналасады. Кейіннен бірнеше мектептерде директорлық етіп, 1960 жылы Катонқарағай ауданының, Шыңғыстай ауылындағы мектепті басқаруға жіберіледі.
Шыңғыстайдағы білім ошағын 1907 жылы Әбдікерім Ережепұлы асар ұйымдастырып салғызған еді. Жошыхан Қасимановтың жазғанына сүйенсек, 1848-1850 жылдары қазақ сахарасынан Ресейге игі жақсылар шақырылады. Жиынға келгендерге сый-сияпат көрсетеді. Сонда Шығыстан барған Әбдікерім мен Тана мырзаға ақшалай сыйлық бұйырыпты. Тана мырза ол ақшаға мешіт салғызса, Әбдікерім мектеп үйінің құрылысына жұмсаған.
Әбдікерім өз болыстығына қарайтын ер-азаматтардың басын қосып, әрқайсысы 4-5 метрлік қабығы тазартылған бес бөренеден жеткізуін талап етеді. Ауызбіршілігі жарасқан ауылдықтар көп ұзамай-ақ мектеп салатын орынға қызыл қарағайды үйіп тастайды. Сөйтіп, патша сыйлаған ақшаны мектеп құрылысына жұмсайды. Білім ордасы бой көтергеннен кейін жан-жақтан қазақша-орысша оқытатын мұғалімдерді жинаған. Семейден Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәрсен Аманжолов, Подойников, Комаров деген мұғалімдерді алғызады. 1929-30 жылдары Кеңес өкіметі Әбдікерімнің әкесі Ережеп Меккеге барған қажы, өзі болыс деп қудалауға түседі. Сол жылдары бала-шағасын соңына ертіп Қытай асқан еді.
Алпысыншы жылдары отбасымен Шыңғыстайға көшіп келген Жошыхан Қасиманов алдына үлкен-үлкен жоспарлар қояды. Алғаш келе қалғанда ауылдың ортасындағы екі қабатты ағаш үйге қоныстанады. Ол үйде бір кездері Әбдікерім болыс тұрған екен. Төрт-ақ сынып бөлмесі бар мектеп үйі ауылдың бас жағында. Жанындағы қоңыр ағаш үйде сырттан келген мұғалімдер тұрыпты. Өтірік-шыны белгісіз, ертеректе бұл мектеп «русско-киргизская двухкласная приходская школа» деп аталған деседі.
Алыс ауылдағы малшылардың балалары да осында келіп білім алады. Бірақ мектеп жанында не асхана, не монша жоғын байқаған жаңа директор аудан басшылығымен ақылдаса келе, мектеп жанына асхана, монша, жатақхана салуды бастайды. Өйткені, ауыл-ауылдан білім алуға келген балалар әркімнің үйінде тұруға мәжбүр болатын. Оқу үлгерімдері де нашар еді.
Сөйтіп, 1961 жылдың наурызынан бастап ауыл болып, асар жасасып интернат үйін, асхана, монша салуға кірісіп кетеді. Әр бөлімшеден келген жыланбауыр тракторлар, бірнеше салт аттылар Ұзақ, Көкбұзау тауларынан ағаш түсіреді. Күзге қарай ұлдарға бір бөлек, қыздарға бір бөлек 60 орындық жатақхана құрылысы аяқталып, балалардың игілігіне беріледі. Сонымен қатар, мұғалімдерге арналған екі пәтерлі үй, асхана, монша тұрғызылады. Осылайша мектеп оқушыларының үлгерімдері де жақсарады. Осы жылы Оралхан Бөкеев Жошыхан Қасимановтың қолынан аттестат алады. Мектепке сіңірген еңбегі ескерілген ұстаз Оқу-тәрбие ісінің озаты» белгісімен марапатталады.
Шыңғыстай мектебінде аянбай қызмет етіп жүрген директорды 1965 жылы Көктерек ауылындағы он жылдық қазақ мектебіне ауыстырады. Мұндайды күтпеген Жошыхан Қасиманұлы үйренісіп қалған төр Алтай елін қимағаны рас еді. Көктеректегі мектепте бес жыл істегеннен кейін Самар ауданының, Бастаушы ауылындағы мектепке ауысады. Бұл мектепте осыған дейін де біраз жыл еңбек еткен еді. Бастаушыдағы мектепке де оң өзгерістер енгізген ұстаз 1980 жылы Шар ауданындағы Қарасу орта мектебінде бес жылдай орыс тілінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шығады. Өмірін бала оқытуға арнаған ұлағатты ұстаздың ғұмыры Шыңғыстай мен Шыңғыстаудың арасында өтті.
Жошыхан ата мен Бәкиза апа алты ұл, үш қыз тәрбиелеген. «Күміс алқа» иегері Бәкиза апа - Абайдың ұрпағы. Бүгінде балалары, немерелері өз орындарын тауып, әр салада қызмет етіп жүр. Соғыс және еңбек ардагері Жошыхан Қасиманов 2011 жылы 91 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Ал Бәкиза апа былтыр дүние салды.