Алматы облысында "Оралу" көркем фильмінің түсірілімі аяқталды. Фильм кейіпкері ретінде Совет дәуіріндегі бірнеше трагедияны бастан өткерген адамның бейнесі алынған. Кейіпкер Ілияс аштықты көріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, тұтқындар лагерінен бір-ақ шығады. Режиссер Ақан Сатаев түсіріп жатқан фильмнің продюсері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы - Әлия Назарбаева.
Алматыдан 40 шақырымдай жерде Шамалған стансасына жақын тұста "Оралу" фильмінің соңғы бөлімі түсіріліп жатыр. Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының бұл туындысында қу медиен даланы көрсету үшін осындай алаңды әдейі таңдап алынған. Бұл жердегі ауа температурасы 40 градустан асады. Мұнда Семей маңында болған оқиға көріністері түсірілген. Бұдан алдын фильм көріністері Алматыда, Минскіде және Бакуде түсірілген еді. Баку Стамбулдағы оқиғаны түсіру үшін іріктеліп алынса, Минскіде Екінші дүниежүзілік соғыстағы Днепр өзені үшін соғыс картиналары түсірілген.
Фильм көріністері үшін шөлейт аумақта үш үй, қора салынып, бірнеше киіз үй тігілді. Бұл жерде қияндағы ауыл тірлігі түсірілген.
Фильмнің декорациясы мен киімдер 1920-1930 жылдарғы ел тұрмысынан хабар береді. Сол кездегі тұрмыс, тәртіп және саяси ұрандарға кеңес беруші - материалды мәдениет тарихшысы Алмас Ордабаев.
Фильм режиссері Ақан Сатаевтың (сол жақта) айтуынша, ол сегізінші сыныпта оқып жүргенде анасынан соғысқа кеткен ұлын 30 жыл күткен адам жайлы естиді. Баласын күткен ана күнде ауыл сыртындағы ағаштың саясына барып жолға қарап отырады екен. Бірақ сол ананың тағдыры немен аяқталғаны белгісіз. Осыны киноға арқау етпек болған Ақан Сатаев Тимур Жақсылықовтан сценарий жазып беруді сұрайды.
Фильмнің қоюшы операторы - Қырғызстаннан келген Хасан Қыдыралиев (оң жақта). Ол 32 фильм түсірген, соның 17-сін Қазақстанда түсіріпті.
Фильмдегі басты рольді актер Әділ Ахметов ойнайды. Кейіпкер Ілияс бала кезінде Түркияда болып, соңынан Одессаға жіберіледі. Содан кейін ол Қазақстандағы балалар үйіне бөлінеді. Елге келген соң ол анасын іздемек болады. Бірақ соғыс басталып кетіп, ол майданға аттанады. Соғыста ол ерлігімен көзге түседі. Соғыстан кейін Ілияс айдауылмен кетіп бара жатқан өзінің бұрынғы мұғалімін көріп қалады. Айдауылдармен жанжалдасқан ол да 15 жылға сотталып, Колымаға жіберіледі. Ілияс бостандыққа тек Сталин қайтыс болғаннан кейін ғана шығады. Кейін босап елге оралғанда ол арман болған анасымен кездеседі.
Фильмнің басты кейіпкері Ілия ғашық болатын көршінің қызы Үміт. Үмітті жұт жылдары Ілиястың анасы асырап алады. Актриса Аружан Жазылбекова осы Үміттің рольін ойнайды.
Фильмдегі атпен түсетін көріністерді каскадерлер бақылайды. Каскадерлер түсірілім алдында Алтынай Нөгербек (Ілиястың анасы Мәриямның рольінде) пен Еркебұлан Дайыровқа (Ілиястың әкесі Мұқанның рольінде) кеңес беріп тұр.
Дыбыс режиссері Константин Кузнецов жұмыс барысында.
Журналистер кішкентай Ілиястың жаңа ауылға келгені түсірілген көрініске куә болды.
Фильм түсіріліп жатқан маңдағы ауыл тұрғындары эпизодта ойнауға мүмкіндік тапты. Жұмыс орны аз ауыл тұрғындарына фильмге түскені үшін күн сайын ақы төленген. Мұның сыртында ауыл тұрғындарына киноға түсу өзінше хикая, өзінше қызықты.
Түсірілімде жүрген фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева (ортада) мен "Қазақфильм" басшылары. Киностудия өкілінің бірінің айтуынша, "Оралу" фильмі - Әлия Назарбаеваның көркем фильмнің продюсері ретіндегі алғашқы қадамы.
Әлия Назарбаева фильмді түсіру тобы мен актерлерге алғысын айтты. Оның айтуынша, фильмнің тұсаукесері Астанада өтеді. Бұл кездесудің соңынан қарт актер Нұржұман Ықтымбаев (оң жақтан үшінші) бата берді.