Кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруды көздейтін «Бір ел – бір кітап» акциясы биыл да жалғасын тапты. Оралдағы Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті осы шара шеңберінде көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкейдің шығармаларына арналған оқырмандар конференциясын өткізді.
Конференцияда БҚМУ ғалымдарының осы туындыны ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдаған баяндамалары тыңдалды. Әдебиеттанушы Серікқали Шарабасовтың айтуынша, Қазақ елінде бұл шара 1914 жылдан бастау алған. Біздің еліміздегі алғашқы шараны 1914 жылы Нәзипа Құлжанова Абай шығармаларын дәріптеуге арнап өткізген екен. Ғалым баяндамасында биылғы жыл кітабы – «Қайдасың, қасқа құлыным?» жинағындағы шығармаларына талдау жасады. Университет доценті, профессор Рита Сұлтанғалиева О. Бөкей шығармаларына талдау жасай отырып, қаламгер прозасындағы психологизмнің, шығармаларындағы мифтік сананың көрінісі, суреткердің философиялық тұжырымдарына тоқталды. «Бөкеевтің кейіпкерлері – жан дүниелері бай, рухани биік, бостандық сүйгіш, арманшыл, қиялшыл адамдар қатарынан, оларды бір-бірімен жалғастыратын ортақ қасиет – қиын-қыстау жағдай туса да, жаны мен арының ақтығын сақтап, адамдық қасиетін жоғалтпайтындығы. Оларды толғандыратын ортақ ойлар – адам болмысының құпиялылығы мен жұмбақтығы, рухтың мәңгілік мәселелері, рухани құндылықтар. Оралхан шығармалары романтикалық прозаның да үздік үлгісін көрсетеді», – дейді зерттеуші. Көркем әдебиеттің қадір-қасиетін дәріптеген оқырмандар конференциясында университет студенттері Оралхан Бөкей прозасынан үзінділер оқыды. Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана атынан конференция қатысушыларына Алғыс хаттар мен Оралхан Бөкейдің кітаптары сыйға тартылды.
Ганмиркүн ТҰРҒАНАЛИЕВА, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің магистр-оқытушысы
Оралдық оқырмандар Оралханды оқиды
Последние статьи автора