Көне Орал шаһарының жасы орыс-казактар айтқандай 400 жыл емес, 8 ғасыр. Бұл Жайық өңірінде өткен халықаралық ғылыми конференцияда толыққанды дәйектермен дәлелденді.
«Жайық өзені алабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» деп аталған ғылыми форум жұмысына төрт мемлекеттен 30-дан астам ғалым қатысып, баяндама жасады. Олардың арасында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы Карл Байпақов, Ресей Ғылым академиясы Археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор Марина Мошкова, Нидерланд елінен келген ғалым, Еуроодақ кеңесшісі Босх Рикс, Сока (Жапония) университетінің профессоры Һаяши Тошио, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Астана филиалының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зейнолла Самашев, әйгілі реставратор Қырым Алтынбеков, «Арқайым» тарихи-мәдени қорығы (Ресей, Челябинск) директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор Геннадий Зданович және тағы басқалары бар.
Конференцияны негізгі ұйымдастырушысы – құрылғанына биыл он жыл толып отырған Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы «Ашық аспан астындағы Жайық қалашығы» (ХІІІ-ХV ғ.ғ.) мұражайының жобасын қонақтар назарына ұсынды. Ғалымдар алдында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі.
Нұрлан НОҒАЕВ, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
– Тарихын тасқа қашап жазған халқымыздың шежіресін тау-тасты, ұлан-ғайыр даланы кезіп жүріп түгендеуге бар күш-жігері мен білімін сарқып жүрген тарихшыларға, археологтарға халық ерекше ілтипатпен қарайды. Себебі сіздердің атқарып жүрген істеріңіз тарихымыздың көлеңкелі тұстарын түгендеуге септігін тигізеді. Алыс-жақын елдерден келген ғалымдарға қош келдіңіздер дейміз. Біз сіздердің алаңсыз жұмыс істеуіңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Бүгінгі конференция өңір тарихының, сондай-ақ адамзат тарихының ақтаңдақ беттерінің бір парағын болса да қалпына келтіреді деген сенімдемін. Ғылыми конференцияның жұмысына сәттілік тілеймін.
Конференцияның алғашқы баяндамасын бүгінгі қазақ археологиясының ақсақалы, атақты ғалым Карл Байпақов жасады. Ғалым «Әлемдік мұра тізіміндегі Ұлы Жібек жолының сериялық номинациясы» атты зерттеуінде Ұлы Жібек жолын тек сауда жолы емес, ұлттар мен халықтардың мәдениет алмасу, пікірлесу жолы деп атады. Бүгінде ЮНЕСКО-ның «Күллі адамзаттық мәдени құндылықтар» тізіміне енгелі отырған Жібек жолының үлкен бір тармағы қазіргі қазақ жері арқылы өткен. Карл Молдахметұлының пікірінше, Жібек жолы күретамыры біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырдан бастап, біздің дәуіріміздегі ХV ғасырға дейін белсенді қарым-қатынас жолы болған. Соның ішінде батыс пен шығысты, Еуропа мен Азияны бір-бірімен жалғап жатқан Жайық қалашығының алатын орны да ерекше болған.
«Сегізсай (Лебедевка) оба кешеніндегі кейінгі сармат жерленімі» атты баяндаманы ортаға салған Ресей ғалымы, «Кеңес археология ғылымының мэтрі» атанған Марина Мошкова бүгінде Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау және Қаратөбе аудандары шекарасында жатқан көне сармат обасында 1967-1968 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары туралы қызықты әңгімелеп берді. Бұл қорғандарды алғаш тауып, ғалымдардың назарын аударған оралдық Ғаяз Қушаев екен. «Біздің бағымызға қазып, зерттеген ең үлкен екі қорған да тоналмаған болып шықты. Бұл – таңғаларлық жағдай!» дейді мәскеулік ғалым. Марина Глебқызы біздің дәуіріміздің ІІ ғасырының басына жататын обадан табылған ерекше жәдігерлер туралы әсерлене айтты. Сегізсай қорғанынан табылған кейбір жәдігер әлемнің еш жерінде кездеспейді екен.
Ал Жапонияның Саппоро қаласындағы Сока университетінің профессоры Һаяши Тошио көне түркі балбалдарын зерттеуші маман екен. Ол қазіргі Моңғолия жерінде сақталған Орхон-Енесай сына жазулы тас ескерткіштері мен балбал тастардың кейінгі нұсқалары: құлпытас, сынтас, сандықтас, қойтас, т.б. түрінде Батыс Қазақстан өңірінде көп кездесетінін айтады.
Тарих ғылымының докторы, Ресей ҒА этнология және антропология институтының аға ғылыми қызметкері Эмма Зиливинская «Алтын Орда қалалары: шығыс пен батыс аралығы» атты өте қызықты баяндамасын ортаға салды. Ресейлік ғалым Алтын Орда кезеңінде өркендеген 210 ортағасырлық шаһар қазір белгілі екенін, негізінде қала саны одан да көптігін айтты. Мысалы, Алтын Орданың астанасы Сарай (Сарай Берке, Сарай Бату) қаласында 75 мыңға дейін адам тұрған, аумағы 15 шаршы шақырымға жеткен екен. «Жайық қалашығы да үлкен өркениеттің ордасы болған шаһар. Мысалы, бұл жерден табылған шығыс моншасы – хаммам тек ауқатты, шынжыр балақ, шұбар төс дерлік аристократия пайдаланатын қоғамдық орын болып саналады. Оралдық археологтар мұндай қалаларда міндетті түрде болуы тиіс жұма мешітінің орнын кешікпей табады деп ойлаймын» деп аяқтады сөзін Эмма Давыдқызы.
Мұрат СЫДЫҚОВ, Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры:
– Кеңестік тарих ғылымы идеологияның құлына айналып, көп тарихты бұрмалап көрсетті. Мысалы, Орал өңірінде ортағасырларда қала болғанын ХVІІІ ғасырда Паллас, Рычков секілді орыс ғалымдарының өзі айтып кеткен. Бірақ кеңес кезінде ол туралы ешкім жұмған аузын ашпады. Мысалы, Жалпақтал қаласы 68 га аумақты алып жатыр, ол жөнінде Паллас естелік қалдырған. Бірақ біз оны 2007 жылы ғана таптық. Алтын Орда – көшпелі тұрмыс пен қала мәдениеті қатар жүрген ерекше симбиоз мемлекет еді. Мұнда 100-ден аса шаһар болған. Сол кезде бірде-бір мемлекет мұндай дәрежеге жетпеген болатын. Осы қалалардың үшеуін – Жайық, Жалпақтал және Сарыөзен қалаларын біз Батыс Қазақстан облысынан таптық.
Эмма ЗИЛИВИНСКАЯ, Ресей ҒА этнология және антропология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы:
– Жайық қалашығынан табылған монша тек ауқаттылардың қолы жететін қоғамдық орын саналған. Бұл тек жуынатын орын емес, бұл жерде оңаша әңгіме-дүкен, мәслихаттар жасалып, көптеген мәселе шешілетін болған. Моншаның айқыш тәрізді орналасуы ғимараттың жоғары дәрежесінен хабар береді. Мұнда ортада массаж бөлмесі орналасса, төрт бұрыштағы оңаша бөлмелерде жеке жуыну кабиналары болған. Еден астынан түтін жолдары өтіп, табанға жылы тиген. Осының бәрі Жайық қалашығының өз заманында үлкен өркениет ошағы болғанын көрсетеді.
Жайық қалашығының орнынан қазірдің өзінде кірпіш күйдіретін бірнеше пеш, монша, тұрғын үйлер, қос кесене табылғаны мәлім. Айтпақшы, Желтаудың ең биігіне орналасқан кесененің бірінің биіктігі 14 метрге жеткен. Бұл Орталық Азия бойынша қарағанның өзінде алып құрылысқа жатады. Осылайша, оралдық профессор кейбіреулер айтып жүргендей «Орал қаласының іргетасын казак-орыстар қалаған» деген пікірдің ұшқарылығын тайға таңба басқандай етіп дәлелдеп берді.
Оралдың ортағасырлық қала екені дәлелденді
Последние статьи автора