Оралдағы «Атамекен» өнер орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Бөкей хандығының 220 жылдығына арналған «Тәуелсіздік толғауы» атты халықаралық ақындар айтысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтулы додаға Қазақстан ғана емес, сондай-ақ Қытай, Моңғолия, Қырғызстан елдерінің атынан келген сайыскерлер қатысып, бақ сынады.
Айтысты белгілі ақын, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев барша жиналған қауымды Тәуелсіздік тойымен құттықтап, айтыскерлерге алғысын білдіріп, биыл жетпіс жастың биігіне шыққан Ж.Ерманның иығына шапан жапты.
Айтыс барысында Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртай, Жансая Мусина сынды танымал ақындармен қатар жастар да, барлығы 22 сайыскер сахнаға шықты.
Солардың ішінде осындай деңгейдегі айтысқа алғаш рет қосылған батысқазақстандық Мейірман Шәкенов атыраулық Сырымбек Сәрсенбаевпен әдемі айтыстың үлгісін көрсетті.
Қырғыз ақыны Азамат Болгонбаевпен сөз сайыстырған тағы бір батысқазақстандық Жарқынбек Шынтаевты атап өтуге болады.
Бұл айтыстағы тағы бір жаңалық, қырғыз елінің жас манасшысы Азиз Биймырза уулуның әйгілі «Манас» жырынан үзінді орындауы болды.
Сондай-ақ танымал эпик жыршы, қызылордалық Берік Жүсіпов те өз өнерін көрсетті.
«Міне, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кеңінен атап өтудеміз. Азаттыққа қол жеткізуімізге Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың үлесі ұшан-теңіз. Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев Жазушылар одағында өткен, Колбин қатысқан жиында «Мұндай масқараны, мұндай қорлықты көргенімше, майдан даласында қалуым керек еді», деп жастарға араша түсіп, батырлық танытты. Сол желтоқсанда ерлікпен қаза тапқан Қайрат, Сәбираларға Қазақстанда ғана емес, бұрынғы одақтас республикаларда ескерткіш орнатуға болады. Өйткені Желтоқсан оқиғасы одақ көлеміндегі кейінгі толқуларға, яғни Тәуелсіздікке жол ашты», деді өз сөзінде қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Қазылар алқасының шешімімен және ұйымдастырушылардың ұсынысымен барлық қатысушыларға 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық және Сырым Датұлы атындағы төсбелгі табыс етілді.
Айтыс барысында бірқатар жергілікті ақындар ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың алғысхатымен марапатталды.
Сондай-ақ айтыстың туын көтеріп жүрген батысқазақстандық ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрағасы Бауыржан Халиоллаға да құрмет көрсетілді.