Оңтүстікте әдеби орта бар ма?

Оңтүстікте әдеби орта бар ма?

Әдеби орта туралы сөз болса бірден ойыңа Алматының тас көшесінде табаны қажалған, рухы қан мен сүтке иленген ақын Мұқағали, үйсіз-күйсіз күн кешкен Аманжолдың Қасымы, күні кеше қақ төбеден қайырымсыз қоғамға лағынет айтып, Кеңсай барып түнеп қалған Маралтай Райымбек түседі. Сосын, есті һәм ессіз еліктеулер басталады. Жазушылар одағына барып, Ғабит, Ғабидендердің тастаяғымен бильярд ойнағың келеді. Кейде, «Қаламгер» кафесіне барып, қазақ поэзиясының Хантәңірі М.Мақатаевтың қайыңнан шабылған тұғырлы орындығына отырғың келеді. Бір сөзбен айтқанда әліге дейін көпшіліктің, зиялы қауымның  ұғымында «Пірлі орда» (Жазушылар одағы, Е. Раушанов) Алматы болып елестейді. Жоғары оқу орнында оқып жүрген шақта «Неге Алматыға оқуға түспедік?» деген ой болған. Әрине, шулы қаланың несіне қызықты дейтіндер бар шығар. Себебі, онда аға буын салып кеткен арқауы үзілмеген рухани сабақтастық, тағаны берік қаланған әдеби орта бар-тұғын. Әлемдік әдебиетте Париждің орны қалай болса, біздегі аттылы-жаяулы қолына қалам ұстағанның «кағбасы» Алматы еді. Сол Алматыдан енші алған әдеби орта Елордасы Астанаға көшті, ондағы әдебиет, мәдениеттің де сүбелі қабырғалары  Арқа төсіне ойысты. Дегенмен, қарт қаланың орны өзгеше. Бір сұхбатында белгілі қаламгер Таласбек Әсемқұлов Астанаға қоныс аударғалы бері әдеби өмірден қол үзіп қалғандығын айтып еді. Ал, біз сөз етіп отырған сабақтас екі қаладан тысқары өңірлердегі әдеби орта өз қазанында өзі қайнап жатыр... «Алаш айнасы» қазақтың рухани жан сарайын ашып көрсетуге тырыс көрген еді.
Ұлағатты ұстаз Бейсембай Кенжебаев секілді қазақ әдебиетіне тұлғалы шәкірттер тәрбиелеген қазыналы Оңтүстік өңірінде бүгінде әдеби орта бар ма?  Әрине, бар. Ол үшін ақиқатына жүгінейік. Шындығында, қазіргі әдеби өмір жүйеліліктен бей-берекеттікке көшкен сыңайлы. Олай дейтініміз, әркім өз бетінше жазып жатыр. Жастар кімнен сабақ аларын біле алмай, ылғи өткенге, кеңестік қазақ әдебиетіне қайта айналып соға береді. Алайда, оның ішінде де заманы өткен  дүние көп. Біз өткенді ұмытпауымыз керек екен деп Лениннің көп томдығын қайта парақтамайтынымыз белгілі. Сосын, еуропалық, латын америкалық әдебиеттің ағымдарын өзі толық түсінбей тұрып, жұртқа түсініксіз дүние ұсынады. Постмодернистік бағыт деген осы деп «биосфера мен озон қабатының» арасындағыны әңгіме етеді. Бұл тұрғыда бүгінгі қазақ қоғамының шындығын қарасөзге сыйдырған айтулы жазушылар бар. Жапон әдебиетіндегі новелла жазудың шебері Акутагава Рюноскэ болса, бізде қысқа әңгіменің хас шебері Мархабат Байғұт, ал, Конан Дойлдың детектив жанрындағы шығармаларынан Шойбек Орынбайдың «Әміршінің әлегі», «Түрмеге түспейтіндердің» кемдігі жоқ дүние дер едім. Ал, жерлес жазушы Жеңіс Баһадүрдің «Жолайырық» атты жинағына енген «Қырдың бір уыс гүлі» әңгімесі адамдардың адамгершілік болмысындағы мәселелерін шегіне жеткізе дәріптеген француз Альбер Камю шығармашылығымен үндесіп жатқандай... Себебі, әдебиет шексіздік, шекарасыздықпен өлшенеді. Онда ұқсастық, еліктеу, қадір тұту қатар жүреді.
Оңтүстіктегі ең  жас жазушы кім?
Бірде, белгілі журналист Ертай Бекқұл сөз арасында «Оңтүстікте Шойбек Орынбайдан кейін жас жазушы бар ма? Бізге әлі жас көрініп жүрген Шөкең де алпыстан асып кетіпті. Әліге дейін баспасөзде жиі аты аталған, болмаса кітабы шыққан жас прозаикті көрмедім. Осы дүние мені ойландырады», – деді. Иә, әзіл-шыны аралас әңгіменің арғы түбіне үңіліп, бажайлап қарар болсақ, бізде өскелең ұрпақтың әдебиеттен, руханияттан кенжелеп бара жатқаны сезіледі. Жоқ десек, екі әңгіме, бір эссесін арқалап, «мен үзілгенді жалғап, ұрпақтар сабақтастығын сақтап келемін» деп тағы бір жастың наз айтпауы үшін жас жазушылар бар делік. Алайда, ой үстіндеміз. Бәлкім ол Оңтүстіктің бір түкпірінде 18 жасында «Шұғаның белгісіндей» сүбелі повесті  дүниеге әкелген Бейімбетше, болмаса бар-жоғы жиырмадан асқан шағында дондықтар өмірі хақында классикалық туынды жазған Михаил Шолоховша жарқ ете түспесіне кім кепіл?... Әдебиет пен ар сынға түскен бүгінгі күні біз көбінде жалтақтық таныта береміз. Әдебиет тазалықты талап етеді. Ал, тазалық - әдебиеттің негізі. Онсыз белгілі топтардың, саяси жүйенің сойылын соғу, сол жолда қағаз бетін шимайлау әдебиетке жат ұғым. Бұл туралы орыстар үнемі Некрасовтың «Ақын болмау - өз еркің, азамат болу - парызың» деген аталы сөзін ұстанады.
Неге жас жазушы жоқ? Оның себептері: біріншіден, жас жазушылар күнкөрістің қамы үшін шимай-шатпақ жазып жүр. Мысалы кей әріптестеріміз тіпті пәленбай рудың батырының тарихи өмірбаяндық кітабын тапсырыспен жазса,кейбірі әкімнің, министрдің атынан ғылыми әдебиет жазумен айналысып кетті. Әрине, ғылыми әдебиет әсіре сауаттылықты талап етеді. Сондықтан да мұның бағасы алдыңғылардан қымбаттау. Міне, біздегі  әдеби өмір батыстың әдеби әлеміне ұқсап кетті. Мысалы АҚШ көшелерінде такси жүргізушісі болып қызмет етіп жүрген жазушылардың кітабының таралымы 300-500 данадан аспайды. Бізде де тиражы 10 мыңнан асқан кітап кемде-кем шығар. Екіншіден, әдебиетке қамқорлық кеңестер одағы тұсындағыдай емес. Бұл арада коммунистік режимді көксеп отырған жоқпыз. Мәселен Батыста белгілі бір ассосиациялық ұйымдардың, жазушылық үйірмелердің айналасында пікірлес, мүдделес қаламгерлер жиналып, бір-біріне пікір айтып, азғантай шоғырмен болса да әркім өзінше, жеке-жеке әдеби орта қалыптастырады. Былайынша Батыста мемлекет тарапынан ұйымдастырылып жатқан үлкен әдеби процесс жоқ. Соның салдарынан қоғамда рухани жұтаңдықтың белгілері сезіле бастады. Жаһандану процесінде ащы да болса шындық, Абайды «танымайтын» бір буын ұрпақ өсіп келеді. Үшіншіден, әдебиеттің насихаты өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Салалық арналардың жұмысын жандандырған абзал. Мысалы, «Мәдениет» телеарнасындағы жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Кітапхана» бағдарламасы үздік шығармаларды талдап, қағаз нұсқасын «Халық сөзі» газетіне жариялағаны жақсы бастама. Жастарды кітап оқуға тарту.
Осы арада кереғар пікір туындайды. АҚШ әлеуметтанушыларының айтуынша, «Көркем әдебиеттің күні өткен. Оның орнын ғылыми, әдістемелік, танымдық әдебиет басуда. Оқушыға көркем сөзді тізбелей беру мақсат емес. Қайта түсінікті формада бере білуде». Әрине аға буынға ұнай қоймасы белгілі. Себебі ол кездегі көркем әдебиет ағартушылық міндет атқарды. Төртіншіден, әлемдік әдебиетті озық үлгі үшін, жазудың түрлерін үйрену үшін оқу жағы кемшін. Көбісі аға буынды қайталап, соларға еліктеп жазады. Бүгінгі әдебиет назиралық әдебиет емес. жастарға артылар жүк ауыр. Өйткені, ұлт зиялыларының жазу мәнері жаңаша қалыптасуы керек. Бейнелеудің жаңа тілін қалыптастыруымыз қажет. Бұл жолда «Қарқаралы басында», «Гүлдер мен кітаптар» кітабының авторы драматург Дидар Амантай жаңа эксперименттерге барып жүр. Алайда, жөнді-жөнсіз сындар арасында тілі жұтаң, тілді дұрыс қолданбайды деп сөгіп жатады. Әдебиет тілдің байлығына байланысты емес, сөзді қиыстыруға байланысты. Сондықтан да, өткен тарихты қайталағаннан гөрі заман тынысын, қоғамның сырқатын әшкерелейтін туынды жаза білген жөн. Бұл тұрғыда жоғарыда аталып өткен өңіріміздің аға буын жазушылары көш бастап келеді. Онан кейін күнгейдегі  жас жазушылардан біз білетін қазірге «Оңтүстік рабат» газетінің бас редакторы Жәмила Мамырәлі бар. Оның «Құттыаяқ», «Бақытты әйел» атты қысқа әңгімелерінде көлемнен мазмұн іздеген, жаңа заманның кейіпкер образын жақсы сомдай білгендігі көрініп тұр. Әрине, оқырманын шаршатып алмайтын қысқалылық өзге де жазушылыққа талпынып, өз «киіз кітабына» өрнекті ой бедерлеп жүрген өңір жастарына үлгі боларлықтай жаңалық. 
 Иә, «Оңтүстікте жас жазушы бар ма?» деген ағамыздың күнгейдегі әдеби ортаның, көркем публицистиканың бүгінгі халіне деген ойы өзгеше. «Кезінде қара шаңырақ газеттің есігінде бір тыным болмайды екен. Редакция іші абыр-сабыр, оқырмандардан жиі хат келіп,  ақын-жазушылар будақ-будақ қолжазбаларын арқалап дәлізде жыр оқып, газетте шыққан фельетон, эсселердің жақсы жақтарын мақтап, әлсіз тұстарына сын айтып жататын. Бұл үрдіс тіпті жоғалып барады», – дейді ашынып...
Жас ақынға Жұматайдың «қағанаты» керек пе?
Кезінде балаң жыр жазған аға-әпкелер «Ауылда туып, Алматыда ақын болуды» армандады. Өйткені онда қазақ поэзиясының мүйізі қарағайдай ұлы шайырлары өмір сүрді. Олар сүрінді, құлады. Онда бақытты һәм бақытсыз күндері өтті. Жастар оларға еліктегісі келді. Күні кеше «Алматыға түйе мініп бармайды, маған бұлай қарамаңыз керүлек...» немесе «Есенғали ауылда қой бағып жүр, Есениндей болсам деп ойланып жүр...», – деп «қырсыққан» Есенғали Раушанов та сол қалаға қалай атбасын тірегенін білмей қалды. Алматы – ақындардың қасиеті мен қасіреті егіз ғұмырындай шаһар. 
Алматыдан алыста, Саттар Ерубайдың, Мұхтар Шахановтың  балалығы өткен, Төлеген Айбергенов пен Исраил Сапарбайдың сүрлеуі қалған, Қаныбек Сарыбаевтың тері төгілген Шымкентте бүгінде Әбілда Аймақ, Бақытжан Алдияр өлеңмен «ауырған» жас інілерінің ақындық азапты жолдағы сапарларына ақжолтай тілеп жүр. Алайда, қанша жерден әдеби орта бар десек те, бір нәрсе жетіспей тұрады? Шындығында, бізде ақындар бар. Бірақ басқосу аз. Көркем әдебиетті талқылау, одан қортынды шығару жағы кемшін. Ал, сол жастардың басын қосар ҚР Жазушылар одағы ОҚО филиалының халі желкенін жел жыртқан бағдарсыз кемедей... Тіпті, облыстық филиал төрағасы Әбілда Аймақтың тұрақты кеңсесі де жоқ. Ойлап қарасаңыз, аты дардай ақын ағамызға жыл он екі ай шығармашылықпен айналысатын бір кеңсе әзірлеп бере алмаған облыстық мәдениет басқармасының қызметіне таңданамыз. Егер Жазушылар одағы филиалына бір кеңдеу кеңсе берер болса, көшеде, сыраханаларда бас қосып жүрген ақындарды сонда жинап, жырларын талдап, өзіндік бағасын беріп, сын пікірлер айтар ма еді?
Ағалардың айтуынша, бұрындары «Әдеби жыл қорытындысы» болып тұрады екен. Онда ақындар бір-бірімен қызу пікір таластырып, жыл бойына жазылған шығармалар одақта талданса қандай жақсы. Қазір ол үрдіс жоқ... Сын туралы жазушы Таласбек Әсемқұлов: «Тіпті, баяндама жасау үшін белгілі адамдарға тапсырма беріліп, олар жыл бойғы шығармаларды оқып, саралайтын. Ресми съезде болса да, әйтеуір жазушы не ақын жазған шығармасына пікір еститін. Ал қазір әдеби өмір өзгеріп кетті. Жазушылар Одағының Астанада бөлімшесі бар. Анда-санда болатын іс-шараларына қатысып қойғанымыз болмаса, бұрынғыдай жыл қорытындысы деген бар ма, жоқ па білмеймін тіпті. Газетке жақсы сыншылар тартып, оларға қаламақысын жақсылап төлегенде ғана әдеби сын қалыптасады емес пе?  Біздің қазіргі жағдайымыз «Қазіргі қазақ әдебиетінде неге сын жоқ?» деген мәселеде жылына екі-үш рет сауалнама жүргізіп, газетке берумен ғана шектеліп отыр. Әдеби процеске мемлекет араласып, кітаптардың таралымын, насихатын, лайықты бағалануын жолға қоймайынша, әдеби орта селт етпейтін, бұйығы болып қала береді», – дейді.
Кезінде Жетісудың «Кенежирен» ақыны Жұматай Жақыпбаев өзі құралпы ақындар арасында қағанат құрып, ай, тіпті апта сайын басы қосыла қалып, шабыттанып жыр оқып, өз ерекшеліктерін танытып отырған екен. Бүгінгі біздің жастарда осы жағы олқы түсіп отыр. Әрине кінәнің бәрін нарықтық экономикаға аударып, судан таза, сүттен ақ бола қаламыз. Дегенмен, бізге де бір Жұматайдың «қағанаты» керек-ақ...
P.S. Алматы мен Астанадан алыста болу әдеби ортадан алыстау емес. Қазақ елінің қай бұрышында да көркем әдебиет өз маңызын жоймайды. Тек өз қазанымызда ғана қайнап қалмай, әдебиеттегі «дәнін алып, қауызын тастау» қағидасы бойынша әлемдік әдебиеттің озық үлгілерін төл әдебиетімізге қызмет еттіре білсек құба-құп болар еді. Кім білсін? Мағжанның жырына ғашық ананың торсық шекелі ұлы күні ертең сөз зергері болып, әдебиеттен «Нобель» сыйлығына ұсынылып жатса, таңқалмаңыз. Өзімізде барды қадірлей білейік. Себебі, біз ұлылыққа еліктеп өскен халықтың ұрпақтарымыз...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста