Өнер ұжымы Димекеңді еске алды
Қазақ халқының заңғар ұлы, көреген саясаткер, іскер басшы Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтуде. Димаш Ахметұлын еске алу кештерінің бірі күні кеше
Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжінде ұйымдастырылды. Колледж ұжымы елін шексіз сүйген, халқы үшін қызмет еткен ардақты азаматқа ұрпақ алғысын білдіру мақсатында белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлерімен кездесті.
Кештің құрметті қонақтары Димаш Ахметұлының туған қарындасы Сара Қонаева, Д.Қонаев атындағы мұрайжай-үйінің директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Болысбек Батталханов, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Венера Қармысова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрдан Төлепбергенов сынды азаматтар Димекең туралы естеліктер айтып, колледж студенттеріне үлгі боларлық мәнді әңгімелерімен бөлісті. Кештің шымылдығы арыс азамат жайлы деректі фильммен ашылды.
Қонаевтай ұлы тұлға қазақ халқын рухани тәуелсіздікке жеткізетін білім мен өнер екенін жақсы түсінген еді. Ол өз кезінде Мәскеуге өтініш айта жүріп, 1965 жылы Гүлжихан Ғалиева іргетасын қалаған эстрада-цирк колледжінің дамып өркендеуіне зор үлес қосты. Димаш атамыздың қамқорлығының нәтижесінде эстрада-цирк студиясы және оның түлектері дүниежүзіне әйгілі ұжымға айналды.
Сара Қонаева, Д.Қонаевтың қарындасы:
– Біздің Димаш ағамызды халқы көгіне көтеріп, қадірлеп, оның 100 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде тойлап жатқаны үшін мен өте қуаныштымын. Димаш аға соңғы демі қалғанша елін, жерін ойлап кетті. Ол қазақтың балалары өсіп-өркендеп, биіктерден көрінсе деп армандайтын. Дарынды, белсенді балаларды жақсы көретін. Отбасымызда ата-анамыздан айырылғаннан кейін ағамыз әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Біз өте таршылық заманда өстік. Әкеміз көше сыпырушы, жүк тасушы, сатушы болып жұмыс істеді. Димаш отбасымызда өте жақсы оқып, өз күшімен жоғары білім алды, өзі армандағандай тау-кен инженері атанды. Ол Мұхаметжан Тынышпаевты үлгі тұтушы еді. Өзі туып-өскен Алматы қаласын ерекше көріп, осы қаланың болашақта әлемдегі әсем қалалардың біріне айналатынына сенетін. Біз ағамыздың қамқорлығын көріп, ақылын тыңдап өстік. Өмірінде ешкімге қабақ шытып, көңілін қалдырмаған жан еді. Біз де сол кісіге сөз келтірмеуге тырыстық.
Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстан Республикасының Халық әртісі:
– Қазақстанның қайбір жетістігін, мақтан тұтарлық дүниесін алып қарасаңыз, онда Димекеңнің еңбегінің ізі жатыр. Қазақ өнерінің өсіп-өнуін, өнерлі ұл-қыздарымыздың биік дәрежеге жетуін қадағалап отыратын осы Димаш аға еді. Димекеңнің кезінде музыка мектептеріндегі кішкене өнерпаздан бастап барлық өнер иелері қадағаланып, бәйге алған бір өнерпаз далада қалмайтын. Еш жерде жұмыс істемесе де, асқан дарын иесі болған Шәмшіні іздетіп, оның халін сұрап тұратын. Осы күні жүре сөйлесетін бастықсымақтар көп. Ал Димекең ұлық болса да, кішік бола білген азамат еді. Отанын, елін жерін сүйетін адам болса, Димекеңдей болсын дер едім. Бүгінгі жастарға айтарым: ақыл мен парасаты мол Димаш ағадай ұлы тұлғаның ұрпағы екендеріңді жандарыңнан шығармаңдар дегім келеді.
Кеш барысында Д.Қонаев атындағы мұражай-үйінің директоры Болысбек Батталов Дінмұхамед Ахметұлының өмірі мен қызметіне қатысты колледж студенттеріне сұрақтар қойып, викторина ұйымдастырды. Сұраққа дұрыс жауап бергендер шағын сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ мұражайдың ашылуына, бірнеше жылдан бері жемісті жұмыс істеуіне мұрындық болған азаматтар «Д.Қонаевқа – 100 жыл» медалімен марапатталды. Кеш соңы Рамазан Стамғазиев, Сәкен Майғазиев сынды өнер жұлдыздары өнер көрсеткен мерекелік концертке ұласты.