Өнегесі мол өрісті тұлға
Мектептен түлеп ұшқан, арман-мұратқа толы сонау 1958-дің көктемінен бері табаны күректей 54 жылдан астам уақыт өтіпті. Сол жылы Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебінен түлеп ұшқан, үлкен өмірге қанат қаққан 42 арманшыл жастың барлығы дерлік бүгінде ел ағаларына айналды. Ал сол түлектердің бірі де бірегейі – Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сайлаубек ҚЫДЫРАЛИЕВ, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қарасай ауданының құрметті азаматы
Нұрекеңмен алғашқы таныстық
Мен алғаш Нұрекеңмен 1957 жылдың мамыр айында таныстым. Ол жылдары Шамалғанда «Алматы ауыл шаруашылығы техникумы» деп аталатын оқу орны бар еді. Менің бір таныс жігітім сол техникумда оқитын. Бірде 1957 жылдың мамыр айының орта шенінде ол мені техникумға би кешіне шақырды. Күн сенбі болатын. Мен қасыма бір жолдасымды ертіп, Шамалғанға жолға шықтым. Ол кезде автобус та, асфальт төселген жол деген де жоқ. Жолдасым екеуміз тас жолмен жаяулатып Шамалғанға келдік. Техникумдағы таныс жігітім бізді күтіп алып, клубқа ертіп барды. Техникум қазіргі Ұшқоңыр ауылдық емханасының орнында еді, клуб – техникумның ауласында. Би кешінде бізді техникумда оқитын танысым өзінің ұнатып жүрген қызымен және оның құрбыларымен таныстырды. Би көңілді өтті. Би соңынан біздер қыздарды жатақханаларына шығарып салдық. Жатақхана техникумға қарама-қарсы, тас жолдың үстінде, қазіргі Шамалғандағы базардың орнында болатын. Қыздарды шығарып салып, жатақхана ауласына шыға бергенімізде бізге қарсы келе жатқан бес жігітті көрдік. Техникумдағы таныс жігітім: «Бұлар бізге тиісуге келе жатыр, іштеріндегі бір жігіт мен ұнататын қызды жақсы көреді. Қыз мен сені сүймеймін десе де, қыр соңымыздан қалмай бізді мазалай береді», – деді. Айтқанымыздай-ақ, біз жақындаған кезде әлгі жігіттердің ішіндегі бір орта бойлылауы менің таныс жігітіме тиісе кетті. Маған «қап, мына шатақтан қалай жол тауып кетсек екен» деген ой келді. Сөйткенше жаңағылардың ортасындағы сұңғақ бойлы, тығыз денелі, аққұба жігіт жаңағы шатақ бастаған жігітті тоқтатып, араларындағы өздерінен 2-3 жас үлкендеу біреуіне: «Аға, мына екеуімен бірге жатақханаға барып, қыздың көңілі қайсысында екенін анықтап келіңіз. Бірақ бізге шындықты айтасыз, ауыл жақтық жасамаңыз», – деді. Олар қыздың жатақханасына кетті. Біз, мен жолдасыммен және шамалғандық үш жігіт, сыртта қалдық. Сол жерде бесеуіміздің арамызда таныстық басталды. Жаңағы шатақты тоқтатқан жігіттің есімі Нұрсұлтан екен. Өзі әзілқой, адамды өзіне жылдам баурап алатын жігіт болып шықты. Біз бесеуміз ескі таныстарша әзіл-қалжыңымыз жарасып, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Сөйткенше болған жоқ, жатақханаға кеткен «елшілеріміз» де келді. Әлгі ересек жігіт Нұрекеңе өздерінің ауылдас жігіттің әрекеті дұрыс емес екенін айтты. Сонда Нұрсұлтан жаңағы ауылдас жігітіне: «Жүрекке әмір жүрмейді, сен бұдан былай мазалаушы болма», – деді. Нұрсұлтан ауылдастарына бүйрегін бұрмастан, адал шешімін айтты. Сонда мен Нұрсұлтанның адалдығына, әділдігіне, турашылдығына қатты риза болған едім. Сол жылы күзде Нұрсұлтанмен Қаскелеңдегі Абай атындағы мектепте қайта кездестім. Оның себебі жаңа оқу жылы басталғанда Шамалған мектебіндегі 10-қазақ сыныбы жабылып, сол жерден Абай мектебіне, оның ішінде біздің сыныпқа алты ұл, бір қыз бала оқуға келді. Сол жеті оқушының бірі Нұрсұлтан Назарбаев еді. Біз бір-бірімізді ескі достарша қабылдадық. Содан сыйластығымыз үзілген емес.
Емтиханға дайындық
Нұрекең біздің ортаға тез сіңісіп кетті. Тек сіңісіп кете қоймай, аз күннің ішінде-ақ көшбасшы болып шыға келді. Олай дейтінім – оқу басталғаннан бір жарым ай өткенде, қазан айының орта шенінде мектеп комсомол ұйымының есеп беру, сайлау жиналысы болды. Сол жиында біз Нұрсұлтанның кез келген ортамен тіл табыса алатын қабілетін және ұйымдастырушылық ісін бағалап, оны бірауыздан мектеп комсомол ұйымының жетекшілігіне сайладық. Соның нәтижесінде ол тек оқушылар арасында ғана емес, мұғалімдер қауымының арасында да беделге ие бола бастады. Осы қызметке кіріскеннен бастап, қандай да болмасын мектепішілік қоғамдық плактардың басында Нұрсұлтан жүретін болды. Онымен қатар құрбылары санасатын әрі сыйлайтын дәрежеге жетті.
Оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталып, күзгі каникулдан оралып, екінші тоқсанның басталуының алғашқы күндерінің бірінде Нұрсұлтан 10-сынып оқушыларымен комсомол жиналысын өткізді. Күн тәртібіндегі мәселе – мектеп бітіру емтиханына дайындық. Бұл біз үшін үлкен жаңалық болды. Себебі бұрынғы қалыптасқан тәртіп бойынша бұл дайындық төртінші тоқсанның еншісіне тиетін. Нұрсұлтан ол дәстүрді бұзып, емтиханға дайындықты ерте бастауды ұсынып, оның тиімділігін дәлелдеп берді. Екінші бір бізге жаңалық болып көрінгені, бұрын емтиханға дайындықты пән мұғалімдері жүргізсе, енді бұл дайындықты оқушылар, мұғалімдерсіз өзіміз жүргізетіндігіміз еді.
Мектепте оқушылар екі ауысымда оқитын. Сынып бөлмелерінің жетіспеушілігінен емтиханға дайындықты интернаттағы кешкі астан кейін өткізетін болдық. Екінші тоқсан мен үшінші тоқсанның басында дайындыққа жауапты етіп жақсы оқитын оқушыларды бекіттік. Олар белгілі бір пәндер бойынша, негізгі тақырыптарға дайындалып келіп, сыныптастарына сол тақырыпты түсіндіріп беруте тырысады, яғни пән мұғалімінің міндетін атқарады. Сыныптастарының түсінбеген сұрақтарына жауап береді. Бұл іс нәтижесіз болған жоқ, өйткені оқушылар өздерінің алға қойған мақсаттарына жетудегі жауапкершіліктерін түсіне білді.
Үшінші тоқсанның аяғына таман дайындыққа жауапкершілікті орташа оқитын оқушыларға да жүктейтін дәрежеге жеттік. Ал төртінші тоқсанда сыныптағы барлық оқушы жауапкершілікке тартылып, дайындық плагы пікіралысу тәсілімен өтетін болды. Бұл бұрын болмаған жаңалық еді. Сөйтіп, біздің мектеп бітіруші 42 оқушы мектеп бітіру емтиханына сақадай сай келіп, емтиханнан мүдірмей өтті.
Қытайлық комсомолға жауап хат
Тағы бар айта кететін жайт – 1957 жылдың 5 қарашасында Қытай Халық Республикасы Сычуань провинциясы Цзыгун қаласындағы 5-орта мектептің жас оқытушысы Чжоу Бай-Сяо ВЖСМ Орталық Комитетіне хат жазып, кеңестік бір жас азаматпен таныстыруды өтінген екен. ВЖСМ Орталық Комитеті ол хатты Қазақстан комсомолының Орталық Комитетіне, олар Алматы облысының комсомол комитетіне, ал олар Қаскелең аудандық комсомол комитетіне жіберіпті. Аудандық комсомол комитеті аудандағы Абай атындағы жалғыз қазақ орта мектебінің комсомол ұйымына жіберген.
Мектептің мұғалімдер ұжымы мен оқушы комсомол жастар ұйымы бірауыздан бұл хатқа жауап беру құқығын мектеп бітірушілер арасындағы оқу үздігі, қоғамдық плактың белсендісі, оқушылар комсомол ұйымының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаевқа беру керек деп шешті.
Бірақ бұл хатқа бірден жауап қайыру оңайлыққа түскен жоқ. Себебі хат қытай тілінде жазылған, ал ауданда қытай тілінің алфавитін білетін адам жоқ. Бұл мәселені шешуге, сол кездегі аудандық «Коммунизм үшін» газетінің редакторы Үсенбай Тастанбеков қол ұшын берді. Ол кісі хатты алып Алматыдағы орталық газеттердің редакцияларына барып жүріп, сол жақтан аудармашы тауып, хатты қазақшаға аудартып алып келді. Сөйтіп, Нұрсұлтан 1958 жылдың наурыз айында қытайлық Чжоу Бай-Сяоға жауап хат жазды. Сол екі хаттың мәтіндері мен қытайлық Чжау Бай-Сяоның суреті және Янцзы өзен көпірінің суреті, «Коммунизм үшін» газетінің бетінде жарияланды. Осы газеттің көшірмесі Президент музейіне тапсырылған. Менде бір көшірмесі бар.
Мектеп бітіретін 1958 жылдың көктемінде «Комсомольская правда» газетінде Қазақстан магниткасының құрылысына жастарды шақырған мақала шықты. Сол мақаланы оқып танысқаннан кейін біздің мектеп бітіруші сыныптастарымыздың «Лениншіл жас» газеті арқылы Қазақстан комсомол жастарын «Қазақстан магниткасының» құрылысына шақырған үндеу жарияладық.
Магниткаға жол
Мектеп бітірген 1958 жылдың 25 қазанында комсомолдық жолдамамен сол кездегі «Трудовые резервы» деген ұйым арқылы Ресейдің Свердловск қаласына болат қорытушы мамандығын игеруге Қазақстаннан 21 жас аттандық. Бізді сол «Трудовые резервы» деген ұйымның бір қызметкері бастап барды. Свердловск қаласына қарашаның 1-і күні жеттік. Өкінішке қарай, біз барғанша онда оқу орны толып қалыпты да, бізді Башқұртстанның Красноуфимск деген қаласына жіберді. Ол жерге барғанымызда онда тек «вагон қараушы» орысша «осмотрщик вагонов» деген мамандық қана даярлайды екен. Барған 21 жігіттің 16-сы сонда оқуда қалып, ол мамандықты қаламаған бесеуміз бізді ертіп апарған адаммен бірге елге қайттық. Алматыға қарашаның 16-сы күні келдік. Бастаушымызбен бірге құжаттарымызды алуға «Трудовые резервы»-ның кеңсесіне келгенде Нұрсұлтанмен кездестім. Қасында, ұмытпасам, Марат деген қырғыз досы бар екен. Олар Украинаның Днепродзержинск қаласына оқуға кетіп барады екен. Нұрекеңнің магниткаға жолы содан басталды.
Ол кезде мектеп бітірушілерге орта білімі туралы аттестатпен қоса, әр оқушыға жеке-жеке мінездеме қағазын беретін. Ол мінездеме оқушының білімге деген ынтасы мен қабілеті, қоғамдық плактарға қатынасы, сабақтан бос уақытында немен айналысатыны, өзіндік ерекшеліктері, тәртібі толық көрсетіліп жазылатын. Жаңа ортаға барғанда адамды сол мінездеме бойынша қабылдайтын.
1959 жылдың тамыз айында бір жұмыспен Шамалған ауылында болғанымда Нұрсұлтанмен кездесіп, үйінде болдым. Нұрсұлтан Украинадағы оқуы, қоғамдық плакқа қатынасы, жаңа достары туралы әсерлі де қызықты етіп әңгімелеп берді. Ол жақта да өзінің ерекше адамгершілік қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында училище комсомол ұйымының жетекшілік міндетін атқарған. Сол кездесуде арада өткен бір жылдың ішінде Нұрсұлтанның әжептеуір есейіп, өмірге деген көзқарасының кеңейе түскенін, саяси сауатының толыққанын аңғардым.
Сол 1959 жылдың мамыр айында Алматыдан тағы да комсомолдық жолдамамен бір топ жас Қазақстан магниткасына аттанды. Солардың ішінде 1958 жылы Абай мектебін бізбен бірге бітірген, менің ауылдасым Төлепбаев Ерғали деген бала да бар еді. Мен оны ІІ Алматы вокзалынан шығарып салдым. Оларды Укранинаның Днепропетровск қаласындағы училищеге жіберіпті, Ерғали сол жерден ыстық цехтың краншысы мамандығын алып шықты. Нұрсұлтан екеуі Теміртауда бірге плак істеді. Жыл сайын еңбек демалысында ауылға келіп тұрды, сонда ол Нұрсұлтан жайлы қызық әрі тартымды әңгімелер айтатын. Нұрсұлтан өзінің мамандығы бойынша плак істеп, соған қоса комсомол ұйымының плагын да қатар алып жүреді екен. Ерғалидың айтуы бойынша, Нұрсұлтан сол кездің өзінде-ақ ысылған, тәжірибе жинақтаған комсомол жетекішісі ретінде таныла бастаған.
Ерғали сол жақта қайтыс болды, артында Тимур және Артур деген екі баласы қалды, әйелі орыс еді. Ауылдан туыстары барып жерлеп келді. Ол кезде Нұрсұлтан Қарағанды облысының партия комитетінің хатшысы болатын. Туыстары Нұрсұлтанға өте риза болып келді. Себебі Ерғалиды соңғы сапарға шығару рәсімдерінің барлығын Нұрсұлтан өзі ұйымдастырып, басынан аяғына дейін өзі бірге болыпты. Мен бұл шараны Нұрекеңнің үлкен адамгершілік қасиеті деп түсіндім.
Президент салдырған мектеп
1959-дың тамызынан кейін Нұрекеңмен кездесудің сәті 1989 жылы ғана түсті. Қаскелеңдегі Мәдениет үйінде Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа үміткер Нұрсұлтан Назарбаевпен Қаскелең ауданы халқының кездесуі болды. Сол жерде аудан халқының атынан Назарбаевқа Тұрар ауылынан жаңа мектеп салуға депутаттық жүктеме берілді. Сол жылы жазда жаңа мектептің құрылысы басталып та кетті. Бірақ 1990 жылдың басында мектеп кұрылысы әртүрлі себептермен тоқтап, 1992 жылға дейін ешқандай қимылсыз қалды.
Сол 1992 жылдың сәуір айының бір шуақты күнінде, сағат 10-ға таман мектепке келсем, мұғалімдердің бәрі әбігерге түскен, мектеп директорында ес қалмаған (институт бітірісімен мектепке өзім қабылдап тәрбиелеген шәкіртім еді). Мектеп директорына: «Қорықпа, қайта қуан, егер Нұрекең біздің мектепке келсе, онда жаңа мектептің құрылысы жанданатынына сене бер», – дедім. Бейнелеу өнері мен сызу пәнінің мұғаліміне тез «Мектеп қашан салынады?» плакат жазуды тапсырып, өзім Шамалған бекетінде орналасқан «Дружба» совхозы директорының қабылдау бөлмесіне телефон шалдым. Ондағылар Нұрекеңнің сол Шамалған бекетіндегі астық қабылдау пунктіне, одан кейін совхоздың орталығына келетінін айтып, біздің мектепке соқпайтынын жеткізді. Арада бір жарты сағаттай уақыт өткенде Нұрекеңнің совхоз орталығынан шығып, біздің ауылдан өтетін жолмен кеткені туралы хабар келді. Мен қасыма бір ер мұғалімді ертіп, екі таяқшаға керілген плакат алып, мектеп алдындағы көше қиылысына келдім. Орталық көшенің барлық қиылыстарына тәртіп сақшылары орналасып алыпты, біздің плакатты көріп, бізді көше қиылысына жолатпауға тырысты. Мен олардың басшысына мән-жайды түсіндіріп, оларға кесіріміз тимейтінін айтып, ақыры көндіріп, плакатпен көше қиылысына шықтым. Дәл сол заматта көшенің аяқ жағынан Президенттің кортежі көрінді де, 1-2 минуттың арасында біздің жанымызға жетті. Бізден өте бере Президент кортежі кілт тоқтады. Тоқтаған жері мектептің іргетасы қаланады деп қазылып тасталған, тереңдігі үш метр мектептің алдындағы үлкен алаңды алып жатқан шұңқыр еді. Нұрекең машинадан түскенше плакатымды көтеріп мен де жеттім. Мені көре сала, арқамнан құшақтап: «Әй, мына плакатың не?» – деп әзілдеді. Мен де әзіліне әзілмен: «Ол мына қазулы жатқан қазан шұңқыр – өзіңе берілген депутаттық жүктеме» – дедім. Өзімен бірге келе жатқан басшылардың ішінде құрылыс министрі, ұмытпасам, Романов деген кісі бар екен, соны шақырып алып, мән-жайды сұрады. Анау себеп-салдарды айтып, ақталып жатыр. Соңында ертеңнен бастап министрге өзінің бақылауға алуын тапсырды. Ал аудан әкімі Ахметов Мырзабекке мектеп директорын жүгіртпей, құрылыстың толыққанды жұмыс істеуіне өзінің бас-көз болуын тапсырды. Сол уақыт аралығында мені жібермей, қолтықтап тұрды, арасында сол жерде тұрғандарға «бұл – менің сыныптасым» деп қояды.
Нұрекең Абай мектебінде оқыған кезінде интернатқа жатпай, біздің ұлдардың 5-корпусының жанында тұратын Сабыржан деген ақсақалдың үйінде тұрды. Ақсақалдың бәйбішесі, тоқалы, бір қызы және бір ұлы бар еді. Қызы бастауыш мектепте оқитын, ұлы мектепке бармаған. Ақсақал бәйбішесімен қайтыс болғаннан кейін тоқалы балаларымен біздің ауылға көшіп келген, өйткені туыстары сонда тұратын.
Біз Нұрекеңмен сөйлесіп тұрған шақта біраз ауыл адамдары да жиналып қалды. Олардың ішінде жаңағы ақсақалдың тоқалы да бар еді. Нұрекең ол кісіні көре салып, қасына барып амандасып: «Әлгі шашы селтиген қара қыз бен көк көз, сары тентек аман ба, олар қайда, апа?» – деп сұрады. Қара кемпір: «Олар өздері үй болып, бала-шаға өсіріп отыр. Менің қолымда алғашқы немерем бар», – деді. Нұрекең оларға өзінің атынан сәлем айтуын өтінді.
Сыныптастармен бірге
1993 жылдың желтоқсан айында мен сырқаттанып, Шамалған ауылындағы емханада емделіп жатқанмын. Желтоқсанның 10-ы күні дәрігерім мені Аудандық ұлттық қауіпсіздік комитетінен телефонға шақырып жатқанын айтты. Телефонды алсам, сол кездегі Қаскелең ауданының ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Іңкәрбаев Исақ екен. «Сәке, ертең Абай мектебіне Нұрекең келеді, сол кездесуден Сайлаубек қалып қалмасын деп өзі тапсырды», – деді. Мен сол жерде дәрігерден рұқсат алып, үйге тартып кеттім. Ертеңіне мен ауылдан жеткенше аудитория елге толыпты. Бірінші қатарда біздің сыныптастар орналасыпты, бос орын қалмапты. Мені бұрынғы аудандық оқу бөлімінің бастығы Хальзов пен сол кездегі бастық Коробкин екеуі қасына шақырып, орын берді. Кездесу басталып кетті. Бір кезде Нұрекең «Сыныптастар, тұрыңдаршы», – деді. Біз тұрдық. Нұрекең бәрімізді аты-жөнімізбен атап шықты, тіпті кейбіреулерін жанама аттарымен де айтты. Салтанатты жиын біткеннен кейін сыныптастар Нұрекеңмен қалып, дастарқан басында жастық шақтарын еске алып, әзіл-қалжыңымыз жарасып, мектепте жүргенде айтатын Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта», «Сыр сұлуы» сияқты тамаша әндерін шырқап, естен кетпестей шаттыққа бөлендік. Естелікке суретке түстік. Сол отырыста Нұрекең бізді жаңа жылға қарсы Республика сарайында болатын концертке шақырды. Тағы бір әзіл кезегінде: «Әй, мен сендерді Республикалық сарайға қонаққа шақырдым, ал сендер болсаңдар, ауылдарыңа келіп тұрсам да, мені қонаққа шақырмайсыңдар ғой» – деді. Шындығында, біздің ешқайсымыздың ойымызға келмепті. Мен «Ұялған тек тұрмастың» кейпін киіп: «Нұреке, біздікіне келіп, дәм татып кетіңіз», – дедім. Сонда Нұрекең: «Жарайды, ниетіңе рақмет, сен әуелі жағдайыңды жақсартып байып ал, содан кейін шақырсаң, келемін», – деді. Сол кездесуде Нұрекең мектепке «Рафик» автомобилін, сүйікті ұстазы Сейітхан Ахметұлы Исаевқа алтын сағатын сыйға тартты.
Бұдан кейінгі кездесу Қарасай батырдың 300 жылдық мерейтойында болды. Мерейтой құрметіне Жамбыл ауданындағы Көкбастау ипподромында болатын ат жарысына біздерді, сыныптастарды, шақырыпты. Сыныптастарға арнап жеке үй тіктірген екен. Біздерді бәйге басталғанша сол үйде күтті. Бізге көршілес етіп Президентке арнап үй тігіліпті. Бәйге біткеннен кейін Нұрекең өзіне арналып тігілген үйге келіп, біздерді, сыныптастарын да, сонда шақырды. Тамақ үстінде Нұрекең әзіл-қалжыңмен қоса, біздердің хал-жағдайларымызды сұрады. Қасындағы құрметті қонақтарына «бұлар менің сыныптастарым» деп таныстырды. Олар да: «Сіздер қандай бақытты адамсыздар, орталарыңыздан Қазақстанның Тұңғыш Президенті әрі ТМД елдеріндегі президенттердің бірегейі Нұрекеңдей адам шыққан» деп, өз лебіздерін білдірді. Біздің төбеміз көкке бір-ақ елі жетпей қалды, кеудемізді мақтаныш сезімі биледі. Уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз, қимай қоштастық. Нұрекең біздің әрқайсымызға деніміздің сау, бала-шағамыздың аман болуын тіледі. Біз де Нұрекеңе Аллам жар болып, зор денсаулық, қажымас қайрат беріп, еліміздің болашағы үшін абыройлы қызмет ете беруіне ниеттес екенімізді аңғарттық.
1999 жылы Қаскелеңде, аудандық мәдениет үйінде президентке кандидат ретінде Нұрекеңнің аудан халқымен кездесуі болды. Сол кездесуге мен де шақырылдым. Дастарқан басына жайғасқаннан кейін Нұрекең Хамза қажыдан дастарқанға бата беруін сұрады. Хамза қажы дастарқанмен қоса, Нұрекеңе де ақ батасын беріп, ақжол тілеп, елі үшін атқарып жатқан жұмыстарының оң да нәтижелі болуына тілек білдірді. Нұрекең қариялардың әрқайсысының отбасындағы жағдайларын, ауылдастарының және ауылдың қазіргі күндегі хал-ахуалдарын сұрады. Олардан біраз мағлұмат алғаннан кейін біздердің, сыныптастардың, тыныс-тірлігімізбен танысты. Сөз соңында біздерге: «Бәріңнің де көздерің ашық, көкіректерің ояу азаматсыңдар, сондықтан да бізге молшылықты біреу жасап береді деп қол қусырып отырмай, қазіргі заман талабына сай ізденіңдер, талаптаныңдар, ерінбей еңбек етіңдер, сонда еліміз көркейіп, әл-ауқаттарың ешкімнен кем болмайды», – деді. Біз Нұрекеңнің бұл сөзін көкейімізге түйдік. Өнегесі мол өрісті тұлғаның біздің арамыздан шыққанына біз де мақтанып, шын жүрекпен риза едік. Оған зор денсаулық, елінің болашағы үшін қажымай, талмай еңбек етіп, Қазақ елін жаңа белестерге бастай беруге тілектестігімізді білдірдік.