Оңдасыновты ұлықтау өз деңгейінде ме?

Оңдасыновты ұлықтау өз деңгейінде ме?

«...Ел басқару өте қиын. Ел басқару біреуге бақыт, біреуге мехнат.
Мен өзіме мехнат жолын таңдадым. Мен өз бала-шағамнан гөрі
қазақ халқының жағдайын ойладым. Ел қатарына қосылса
екен дедім. Үш нәрседен тазамын. Бірінші, сонша жыл ел
басқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған
емеспін – арым таза. Екінші, 1937-1938 жылдардағы қаралы
күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойған
емеспін – қолым таза! Сенбегендер архив ақтарып көре берсін.
Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген
емеспін – жүзім таза!
                                                                                                                    Нұртас ОҢДАСЫНОВ.

Киелі Түркістан төрінде дүниеге келген, саналы ғұмырында адалдық пен әділдікті, ұлт мүддесін ту етіп көтеріп өткен нар тұлғалы Нұртас Оңдасынов есімі қашанда ел есінде. Қарапайым орман шаруашылығы қызметінен бастап, Қазақ Кеңесі Халық Комиссариатының, Қазақ Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы қызметіне дейін көтерілу оның үлкен мемлекет және қоғам қайраткері екенін дәлелдейді. Мен бүгін қасиетті шаһарда туып өсіп, ел басқару деңгейіне дейін көтерілген Нұртас Дәндібайұлы туралы аз-кем ой толғанғанды жөн көрдім.
Ол кісі жайлы газет бетіне шыққанмақалаларды ақтарып отырсаңыз, Нұртас Оңдасынов Үкімет басына келе салысымен ең бірінші балалардың білім алуына, ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы, өндірісті дамытуда үлкен жұмыстар атқарған. Сәл шегініс жасайық.
1904 жылы 26 қазанда Түркістан қаласының маңында туып өскен ол жастайынан мал шаруашылығы жайын, ауыл жағдайын жақсы білген. Оның үстіне, молдадан азды-көпті сауатын ашып, ауыл адамдарына қыстың ұзақ түндерінде қиссалар, жырлар оқып беріп, молда бала атанып үлгерген. Болашақ ел тағдыры туралы ойлағанда қазақтың байтақ даласының сусырап бара жатқанын бала жастан көңіліне түйіп өсті. 1917-1918 жылдар аралығында әкесі қайтыс болып, жетім-жесір жанұя Ташкент қаласының Келес станциясына көшіп келеді. Онда бала Нұртас жүн жуатын жерде, кірпіш зауытында қара жұмысшы болып істейді. Кедейдің балаларына арналған интернатта білім алып, кейіннен Ташкенттегі техникумға түседі. Сол жылдары қазақ зиялыларының Ташкентте шоғырлануына байланысты ол мұнда ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтен, Ғани Мұратбаевтан дәріс алады. Нұртас өз арманына жету мақсатында Ташкент қаласындағы Ирриграциялық институтқа түсіп, саясатқа байланысты оны толық аяқтай алмай қалады. Әйтсе де тумысынан өте қарапайым, кісімен сөйлескенде тіл тапқыш, өзіне баурап алатын ерекшелігінің, ізденімпаз, еңбексүйгіштігінің арқасында ол кезінде еліміздің шын мәніндегі білікті басшысы бола білді. Орманшыдан бастап, қазақ елінің Үкімет басшысына дейін көтерілді.
Кеңестік дәуірдің 70 жылының ішінде министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарғандар көп. Бірақ солардың ішінде ел үшін аянбай тер төккен, ұлты үшін басын бәйгеге тіккен, салт-дәстүрді сақтауға зор үлес қосқан әмбебап басшыретінде Нұртас Оңдасыновтың есімін ерекше атауға болады. Ол төрағалық қызметке небәрі орда бұзар 34 жасында тағайындалып, үздіксіз 13 жыл бойы абыроймен басқарып, қиыншылықтарды жеңіп қана қоймай, ірі жетістіктерге жете білді.
Ғылым академиясының құрылуына елеулі ықпал етті
Тарихи жазбаларға көз жүгіртсек, Оңдасыновтың кезінде ең әуелгі қабылданған құжаттар елімізде мал шаруашылығын дамытуға бағытталыпты. Өйткені, ол тұста қазақтың негізгі күнкөрісі болып табылатын мал басы Голощекиннің солақай саясатының салдарынан бірнеше есе төмендеп кеткен еді. Сонымен қатар егіншілікті де дамыту қолға алынды. Дегенмен оның негізгі жоспарларының іске асуына Ұлы Отан соғысының басталуы кедергі болды. Кеңес одағының батыс бөлігін неміс басқыншылары басып алуына байланысты Украинадан, Белоруссиядан, Ленинград, Мәскеуден көптеген бейбіт халықтарды қазақ жеріне көшірген болатын. Осылардың бәрін орналастыру, сондай-ақ, соғысқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету Қазақстан халқына көп жауапкершілік жүктеген. Соғысқа қатысты молибден, марганец, вольфром т.б. сирек кездесетін металдардың кен орнын тауып, қажетті мөлшерде өндіру, күнделікті соғыс құралдарына қажетті қорғасын, темір, мыстарды бірнеше еселеп өндіру оңайға түскен жоқ. Осындай қиын шаруаны іске асыруда білім-ғылымның қажеттілігі сағат сайын сезіліп отырды. Осыларды шешуде жер асты қазба байлығын игеруді меңгерген мамандарға деген сұраныс артты.Республикамызда Орталық Ғылым акедемиясының филиалы болатын. Н.Оңдасынов осы ғылым академиясына арқа сүйеп, шаруаны ғылыми тұрғыда шешуге ниет етіп көргенде, олардың арасында жергілікті жерден бірде-бір ғалым жоқ болып шығыпты. Барлығы шет жақтан жиналған. Олардың Қазақстанға жаны қайдан ашысын, уақытша күнін өткізіп жүргендер. Бұған кімді басшы етіп қоямын деген сауал күндіз-түні ойдан кетпейді. Ақыры табады. «Казправда», «Социалистік Қазақстан» газеттеріне мақаласы жарияланып жүрген Қаныш Сәтбаевты дұрыс көреді. Бірақ ол кісіні әлі көрмеген. Сәті түскенде Сәтбаевты Мәскеуге шақыртып сөйлеседі. Екеуі бірден тіл табысады. Оның «Алашорданың» мүшесісінің, байдың баласысың деп қудаланып жүрген кезі тұғын. Бұл шақыруды бірден мақұл көреді. Ақылдаса келе Орталық Ғылым академиясының президенті, академик Камаровқа барып, жәрдемдесуін сұранады. Камаров: «Филиалды академик атағы барлар ғана басқара алады, оған лайық кімің бар?» - дейді. Сол кезде Оңдасынов қасындағы Сәтбаевты таныстырады. Алайда, бұл кезде Сәтбаевтың талапқа сай ғылыми атағы жоқ, Жезқазғанда далалық экспедицияны басқарып жүрген кезі болатын. Осыған байланысты оны алғашында академияның корреспондент мүшесі етіп алып, реті келгенде филиал басшысы етіп тағайындауға уәде етеді. Содан көп ұзамай КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалындағы геология ғылыми институтына директор болуға шақырады. Ал 1942 жылы Орталық Ғылым академиясының Қазақ филиалының төрағасы болып тағайындалады. Соғыс жылдарында Қазақстанның жер асты табиғи байлығы көп қиындықтарды шешуде үлкен рөл атқарады. Кеңестер Одағының айтулы ғалымдары соғыс құралдарын, қару-жарақтарын дайындауда Қазақстанның қазба байлықтарын игеруде бар күш-жігерін, білімін жұмсады. Олардың ішінде Қ.Сәтбаевтың да орны ерекше болды. Осыны пайдаланған Нұртас Оңдасынов елімізде өз алдына ғылым академиясын ұйымдастыруды қолға алды. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін комиссия құрылып, төрағасы Оңдасынов, мүшелері Скворцев, Шаяхметов, Сәтбаев — барлығы 18 адамнан құралды. Ақыры табандылықпен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1946 жылы 1 маусымда КСРО халық комиссарлар кеңесінің «Қазақстан Ғылым академиясы құрылсын» деген шешімі шығарылды. Ал қазіргі ғылым академиясының ғимаратын сәулетшіге өзі жасатып, оның іргетасын қалағанда «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп, күміс тиындар шашқан екен.
Елімізде көптеген институттар мен «Қазақфильм» киностудиясын ашты
Нұртас Дәндібайұлы соғыс жылдарының өзінде де ел ішінде әдебиет, өнер, білімді ешуақытта назардан тыс қалдырған емес. Ең бастысы – мектептердің санын көбейтуді күн тәртібінен түсірмеген. Сондай-ақ, соғыс қиыншылықтарына қарамастан, мәдениет орындары көптеп салына бастады. Орталық комитет бюро мүшесі ретінде оның қолдауымен соғыс жылдарының өзінде Шет тілдері институты, Дене тәрбиесі институты, Қарағанды, Семей дәрігерлік институттары, Қарағанды кен институты, Шымкент технология институты (Қазір ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті), Мемлекеттік консерватория, қыздар педагогикалық институттары ашылған. Әсіресе, Оңдасынов қыздар институтының ашылуына жасаған еңбегі зор. Ол кезде барлық мәселені Мәскеу шешетіні жасырын емес. Басшылық тарапынан «тек қыздар оқитын институт ашу деген не сұмдық?» деп қарсы шыққанда, оларға қазақтың кең байтақ даласында орналасқан ауыл аймағының шалғайда жатқандығын дәлелдеп, ақыры өз дегеніне жетіп, 1944-1945 оқу жылында ауылдық жерлерге мұғалімдер дайындайтын институттың ашылуына қол жеткізеді. Оқитын қыздарды тегін жатын орынмен, тамақпен, киіммен қамтамасыз етуді сұрап жазған хаттары мұрағаттан табылған. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ елінде алғаш консерватория ашу жөнінде үкімет атынан хат дайындап, КСРО Министрлер Кеңесінің мәдениет жөніндегі орынбасары К.Е.Ворошиловқа барады. Ол кісі: «Қазақтай халыққа консерваторияны баяғыда ашуымыз керек еді. Өнерлі, бәрі әнші, бәрі композитор халық қой»,- деп, рұқсатын беріпті. Сондай-ақ, Орталық Комитеттің қаулысына сәйкес бюро мүшелеріне өнердің әрбір саласы бекітілгенде ең кенже қалған кино саласына қамқорлық жасауды Оңдасыновқа жүктепті. Ол Мәскеу, Ленинград қалаларының киноөнер мамандарымен, басшыларымен келісе отырып, М.Левиннің режиссерлығымен «Амангелді» фильмін тұңғыш рет жарыққа шығартады. Сосын М.Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмі жарық көреді. Соғыс жылдары «Мосфильм», «Ленфильмдер» Қазақстанға үкімет шақыруымен келеді. Оларға жағдай жасаудың нәтижесінде елімізде кино өнері дамып, қазақтың өз «Қазақфильмі» ашылады. Сөйтіп, бұл мәселені де абыроймен шешкен.
Ақындар айтысын жаңғыртқан...
Қызыл империя Оңдасыновты қаншалық коммунистік рухта тәрбиелесе де, ол өз ұлтының салт-дәстүрін, рухын сақтап қалған тұлға болатын. Кеңес одағы кезінде қазақ ұлтына көптеген қиыншылықтар туды. Тіптен адам баласы естімеген ашаршылықты қолдан жасап, елді, ұлтты қынадай қырды. Бір миллиондай қазақты шетелге босқын болып кетуге мәжбүрледі, қазақтың ұлт болып қалуын, салт-дәстүрін сақтауды ұнатпады. «Кеңес халқы деген бір-ақ ұлт болады» деп ұрандатты. Осы қиыншылықтарға қарамай, 1943 жылы ақындар айтысын ұйымдастырып өткізуі Оңдасыновтың көзсіз ерлігінің біріне жатады. Бұл қазақ халқы үшін тарихи оқиға болды. Еліміздің астанасы Алматы қаласында қазақтың небір суырып салма ақындары елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел бір серпіліп қалды. Оларға ұлттық дәстүрге сай тарту-таралғыларын жасады. Соғыс зардабын тартып жатқан елге сәл де болса демеу болды. Артынша бәйге мен көкпарды, қыз қууды дәріптеді.
Арыз-Түркістан каналының қазылуына мұрындық болған...
Нұртас Оңдасынов өзі туып өскен, кіндік қаны тамған Түркістан жеріне де қолынан келгенше көмек беруге тырысты. Басқа-басқа, оның Оңтүстіктегі Арыс-Түркістан каналын қаздыру үшін Шарап Ниязовты Сталиннің қабылдауына кіргізіп, жоспарға енгізгенінің өзі неге тұрады. Нұртас Оңдасынов бұл жайлы газеттерге берген сұхбатында былай дейді:
–Арыс-Түркістан каналының ашылу тарихы былай болған. Мен өзім Түркістанның түлегі болғандықтан, ол аймақты жақсы білемін. Түркістан, Төрткөл, Арыс, Шаян, Шәуілдір аймағы су жоқтан сарғайып, қаншама жер шөлді аймаққа айналып, ел қажетіне жарамай жататын. «Су болса егін егіп, бау-бақша өсіруге болар еді-ау» деген ақсақалдардың өкінішін талай естігенмін. Әкем де шұқырға жинап алған аз суын үнемдеймін деп күні бойы атыз жағалайтын. Ойда пісіп жүрген арман ғой, Үкімет пен партия алдына мәселе етіп қойып едім, сол кездегі Қазақстан Коммунистік Партиясының бірінші хатшысы Шаяхметов қолдай кетті. Саясатта мынадай тәртіп бар, үлкен басшының алдына жылтыңдап кіре беруге болмайды. Күрмеуі қиын жағдайда ғана болмаса, қалған кезде орынбасарлар мен министрлер арқылы шешеміз ғой, бар істі. Ал, бұл жолғы тапқан айла-шарғым – КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Шарап Ниязовты Үкімет атынан дайындалған хатпен Сталинге кіргізу болды. Министрлер мен орынбасарларды жағаласаң іс ұзаққа созылады. Ал, су Оңтүстік өңірге ауадай қажет болып барады. Тез шешу керек. Сонымен, Мәскеуге келдік. Біз Сталинге Шарапты кіргіздік те өзіміз, Шаяхметов екеуіміз қабылдау бөлмесінде күтіп қалдық. Әрине, тағатсыздана, «не болар екен?» деп отырмыз. Әлден уақытта Шарап: «Вода будет!» деп Сталин кабинетінен айқайлай шықты. Жапырлап үшеуіміз бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Сол жылы көктемде Бөген су қоймасы салынып, Түркістан, Төрткөл, Арыс, Шаян, Шәуілдір өңіріне су жеткізетін Арыс-Түркістан каналы қазыла бастады. Халық үшін бұл зор қуаныш болды.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Түркістан қалалық ономастикалық комиссияның шешімімен Арыс-Түркістан арнасына Нұртас Оңдасыновтың есімі берілді. Енді бұдан былай облыстағы осынау су арнасы «Нұртас Оңдасынов атындағы Арыз-Түркістан арнасы» деп аталады. Сондай-ақ, осы киелі мекенде аталмыш қайраткердің атында мұражай ғимараты тұрғызылған. Қазақстанның көпшілік аймақтарында Н.Оңдасынов есімімен аталатын көшелер мен мектептер бар.
Нұртас Дәндібайұлының Үкіметті басқарып, одан кейін Гурев облысына жетекшілік еткенін Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев былай деп еске алады:
–Хрущевтың 1962 жылдың ақпанындағы Алматыға келген даңғаза сапары тұсында Н.Д.Оңдасынов ұсынып жүрген мәселелер арнайы мәжілісте қаралды. Барлығы да Маңғыстауға байланысты екен. Оңдасынов: «Маңғыстау табиғи ресурстарға, әсіресе, мұнайға бай, оны барлау мен игеруді қатар жүргізуіміз керек» дейді. Хрущев: «Бізге Сібірдің мұнайы да жетеді. Маңғыстауға күніміз қарап тұрған ештеңе жоқ» дейді. Оңдасынов: «Маңғыстаудың өн бойы толып тұрған құрылыс материалы. Ұлутасты елімізде енді қанат жая бастаған құрылыс ісіне кеңінен пайдалану керек» дейді. Хрущев: «Осы заманғы құрылыс индустриясының наны – сенің қайдағы бір табиғи тастарың емес, темірбетон. Неткен кертартпа надан адамсың?!» деп зіркілдеп ала жөнеледі. Оңдасынов талайдан бері құпия әзірлік жасап, одақтық министрліктердің аузын алып та қойған соңғы ұсынысын – Маңғыстауға Мақаттан теміржол тарту керектігін айтады. Хрущев оны тыңдағысы да келмей, орнынан тұрып кетеді. Бұны көріп Оңдасынов та қатқыл әңгімеге көшеді. «Бұл ұсыныстарым өтпейтін болса, облыстың жағдайы осы мүшкіл күйінде қалады. Оны көріп, басшы болып отыра алмаймын» деп, жұрт алдында қызметтен бас тартады. Қаһармандық драмаға лайық осы саяси сахнадан Нұртас ағаның нар тұлғасы мен бар болмысын түгел аңғаруға болады. Бірақ, озбыр бастық, соның өзіне неге ұнамайтын себебін ашып айтпай, бұлталаққа салып, бұрмалап көрсетеді. Бір кезде тың игеруге Оңдасыновтың кертартпалықтан емес, ұлтжандылықтан ұмтылмағанын Хрущев жақсы біледі...
Нұртас Оңдасыновтың өмірдеректерін, мұраларын жинап, кітап шығарып жүрген астаналық қаламгер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Гүлсім Оразалиева бір сұхбатында былай дейді:
–Мен Нұрекең жайлы айтсам тоқтағым келмейді… Ал, ол кісінің 1955 жылдан алдымен 2 жыл облатком төрағасы, кейін 6 жыл обкомның 1-хатшысы ретінде Гурьев (оған қазіргі Атырау мен Маңғыстау кіретін) облысын басқару үлгісі нағыз елім деген басшының ең озық, эталондық үлгісі десек, бір мысқал да артық кетпейміз. «Тал-ағаш шықпайды» деген жерге терек егіп, барлық көкөністі сырттан таситын облысты өз картобымен, өз пиязы, өз капустасымен қамтамасыз еткен кім? Оңдасынов. Сегіз жылда мал басын 4 есе өсірген кім? Оңдасынов. «Қазақстаннан мұнай іздеп қайтесің, біз Татарстан, Тюмень мұнайын игереміз!» деген әпербақан Хрущевтің өзін тыңдамай, Гурьевте Губкин институтының филиалын ашқан, үздіксіз барлау жұмысын жүргізіп, ақыры 1961 жылы Маңғыстау мұнайын атқылатқан кім? Оңдасынов. Бүгінде әлемге әйгілі ұлутасты құрылыс материалы ретінде қолданысқа қосқан кім? Оңдасынов. Сондықтан да ол кісінің елі үшін еткен еңбегі, саналы ғұмырының соңына дейін адалдық пен әділдік жолында қазақ мүддесі үшін барын салғаны халық жадында мәңгі сақталады.
Осындай ірі қайраткер болған Н.Оңдасыновтың атын тарихта қалдыру, осы ретте Қыздар педагогикалық институтына немесе өзі ашқан басқа да жоғарғы оқу орындарына оның есімін беру, ал мектеп оқушыларына оның адалдығын, әділдігін, халық үшін еткен еңбектерін насихаттау біздің абзал парызымыз болмақ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста