Өмірімде ешқашан әндерімді сатқан емеспін

Гүлнар Дәукенова, Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi, композитор:

Қалың қауымды сұлу да сырлы әндерімен әлдилеп жүрген композиторлардың бірі – Гүлнар Дәукенова. Оның «Сағындым сағым жылдар», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Аппақ қарлар» сынды көптеген әндері бұл күнде халықтың асыл қазынасына да айналып үлгерді. Жақында әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Әсет Найманбаевтың қызы бата берген

- Жазған әндеріңізді қалың қауым сүйіп тыңдайтын композиторлардың бірі екеніңізді білеміз. Айтыңызшы, әйел адамға композитор болған қиын емес пе?
- Жалпы, әйел адамға өнер адамы, оның ішінде композитор болу өте қиын. Кейде ойымызда сайрап тұрған сөзімізді дұрыс жеткізе алмаймыз, көзіміздегі жасты шығара алмаймыз, ал бойыңды кернеген сазды сыртқа шығару тіпті де оңай емес.
Қарап отырсам, қасиетті өнерді өн бойыма өмір бойы жиып-теріп келеді екенмін. Кішкентай кезімнен-ақ әнші боламын дейтінмін. Сол бала кезімнен-ақ ән салып, халықтың назарына ілігіппін. Біздің халықтың өзі керемет ырымшыл ғой. Тегінде қазақтың аунатып алу, аузына түкіртіп алу деген ырымдарының бәрі де рас. Соның бәрі баланың болашағына кәдімгідей әсер етеді. Бақты деген ауылда Әсет Найманбаевтың Самагөй дейтін қызы тұрды. Кішкентай кезімде сол кісі маған батасын берген. Ата-анам да өнер десе ішкен астарын жерге қоятын, құрметтейтін адамдар болды. Менің әр қадамыма қуанып, қол соғып отыратын.
Аудандағы музыкалық мектепте, Алматыдағы музыкалық училищеде, консерваторияда оқыдым, Құрманғазы оркестрінде 25 жыл жұмыс істедім. Сонау Америкадан бастап дүниежүзінің талай жерін аралап, өнер көрсеттік. Еліміздің түкпір-түкпірінде болдық. Мұны айтып отырған себебім, жалпы өнер адамы қалыптасуы үшін көп еңбек қажет. Қандай да бір туынды маңдай термен, үлкен еңбекпен келеді.
Жалпы, композитор деген ұғымның ауқымы кең. Нағыз композиторды ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратын оның өнері. Мен ешқашан тойда ғана шырқалатын бір күндік, екі күндік ән жазған емеспін. Қай уақытта болмасын халықтың игілігіне айналатын дүние жазуға ұмтылдым. Мысалы, «Сағындым сағым жылдар» атты әнімнің өзін төрт-бес толқын шырқап келе жатыр.
- Әндеріңізде көбіне мұң басым. Неге?
- Біздің халқымыздың әндерінің өзі анау «Елім-айдан» бастап тұнып тұрған лирика ғой. Композитор – сезімнің адамы. «Жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді». Егер таза да шынайы сезімің болмаса, жазғаның ортаңқол ғана дүние болып шығады. Әнді қиналып шығарамын. Байқауымша, сезімге беріліп, күйзеліп шығарған әндерім халықтың жүрегіне жол тауып, жетіп жатады. Ғұмыры да ұзақ болады. Бір әнді жазып тастасаң, екінші әннің төбесі қылаң беріп көрініп тұрады.
Кейде ән жазу үшін неге сонша жанымды қинаймын деп те ойлайтыным рас. Бірақ қайтемін, композитор болу тағдырым шығар. Оған ешқашан өкінбеймін де. Шығарған әндерім өз бағасын да алып жатыр.
«Сағындым сағым жылдар» атты әнім алғаш жарыққа шыққанда ақын апамыз Фариза Оңғарсынова «бұл ән қазіргі заманның гимні» деп баға берген болатын. Тұманбай аға Молдағалиев «бұл – классика ғой, бірігіп ән жазайық» деп ұсыныс жасады. Бірақ арқаны кеңге салып жүргенде, ағамыз өмірден өтіп кетіп, өкініп қалған жайым бар. Кейіннен Тұманбай аға өмірден өткен соң, жолдасы маған «ән жазарсың» деп ақынның кітабын сыйлады. Жалпы маған кітаптарын том-томдап әкеліп тастайтын ақындар көп. Кейде кітаптарын әкеліп тастаған сол ақын ағалардан керемет ұяламын. «Ой, саған кітабымды бергелі біраз болды ғой» дегенде, жерге кіріп кете жаздаймын. Бірақ мен сезімсіз ән шығара алмаймын. Өтірік құрастыра салу менің табиғатыма жат. Қанша әнім, қанша күйім болса, соның бәрі де оңай дүниеге келген жоқ.
Ақындардың ішінде менің табиғатыма Шөмішбай Сариевтың өлеңдері жақын. Ол кісінің жазған дүниелерін оқимын да, әнге сұранып тұрғанын бірден түсінемін. Өлеңдері тура математикалық теңдеу сияқты. Шешкің келіп тұрады.
Былтыр, Алматыдағы Республика сарайында шығармашылық кешім өтті. Шығармашылық кешімді «Жасай бер, Қазақстаным» деп тұңғыш шығарған күйімнің атымен атадым. Роза Рымбаева, Нұрғали Нүсіпжанов, Мақпал Жүнісова, Лидия Кәденова, Тамара Асар, Шаһизада сынды қазақ эстрадасының небір жарық жұлдыздары қатысты. Семейден әнші Гүлдана Ноғайбаеваны шақырдым. Сонда концертіме келген жігіттердің бірі: «Шәмші әннің королі болса, сіз ән вальсінің королевасысыз» деп салды. Әрине, бәріне төреші –уақыт екенін жақсы білемін.

Мәдина өз тағдырын жырлаған әнші
- «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз» деп аталатын әніңізді өнердің Ақбаяны атанған Мәдина Ералиеваның орындағанын білеміз. Кейін Мәдинаның өзі де күрең күзде өмірден озып, мәңгілік сағынышқа айналып жүре берді. Осы «Күрең күз» әнінің Мадинаның тағдырына әсері болды деп ойламайсыз ба?

- Мәдинаның шығармашылығымдағы орны ерекше. Ол – әнімді орындаған, халыққа жеткізген бірінші әншім. «Сағындым сағым жылдар» атты әнімді Тараз қаласында өткен форумда алғаш орындап, бірден халықтың әніне айналдырған осы Мәдина еді. Мәдина –ерекше әнші. Оның дауысы, әнді халыққа жеткізудегі мәнері ерекше. Ол өзінің тағдырына байланысты репертуар таңдайтын. Мәдина Ералиева көзі тірісінде менің «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Шыңдағы шынарым-ай» атты үш әнімді орындады. Тірі болғанда, биыл 60 жасқа толғанын дүркіретіп тойлап жатар едік. Амал қанша, арамыздан ерте кетіп қалды. Десе де осы қараша айында Республика сарайында Мәдинаны еске алу концерті өтпек.
Мынау өмірде небір ойланбай сөйлейтін жандар бар ғой. Әнші қайтыс болғанда, «Мәдина сенің әніңді айтты да, өліп қалды» дегендер болды. Сол сөзді естігенде, біраз уақыт өзіме-өзім келе алмай жүргенім де шындық. Мен енді Мәдинаның жанын алатын Алла тағала емеспін ғой. «Әр әнші өзінің өмірін жырлайды» дейді, Мадина да өз өмірін жырлады. Адамның о баста маңдайға жазылған тағдыры солай болса, оны ешкім ажалдан арашалап ала алмайды.
- Алла тағалаға сенесіз бе?
- Иә, өзімді қолдаушы, қорғаушы бір күштің бар екеніне сенемін. Сахнаға шығарда «Қолдай гөр Алла тағала», «Анамның аруағы қолдасын» деп сыйынып шығамын. Жалпы, анам марқұм «Гүлнарым аққу, киелі, қасиетті» деп жиі айтып отырушы еді. Анамның сол сөзінің де жаны бар шығар, бәлкім. Сондықтан да қандай биікке көтерілсем де бірқалыпты жүруге, асып-таспауға тырысамын. Анам «Әсіре қызыл тез оңады» дегенді аузынан тастамайтын. Шынын айту керек, өнерімді құрметтеп, қолпаштайтындар көп. Тіпті, «сізді ұстап көруге бола ма» дейтіндер де бар.
Әнді қай уақытта жазасыз? Жылдың қай мезгілінде сіздің жүрегіңіз әдемі күйге бөленеді?
- Қарап отырсам, көп әндерімді күзде жазған екенмін. «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Қайран уақыт» атты біраз әндерім осы күзде туыпты.
Әндеріңізге «құда түсушілер» көп пе?
- Жалпы, композитор әнімен жасарады ғой. Кейде осыдан біраз жылдар бұрын жазған әндерімді жаңа буын әншілер орындап жатады. Сол әншілермен бірге қайта жасарғандай боласың. Әндеріме «құда түсіп», «сатыңызшы» дейтін әншілер жоқ емес, бар. Көбіне ортаңқол әншілерден «қымбат тұрады» деп құтыламын. Ал шындығында өмірімде ешқашан әнімді сатқан емеспін. Жазған дүниелерімді ешкімге де оңай бере салмаймын. Берген соң, әннің бағын жандырып, жолын ашатын, халықтың жүрегіне әдемілеп жеткізе алатын әншіге ғана бергің келеді. Біз де әнші іздейміз. Сондықтан да кейінгі жас буын әншілерді көп тыңдаймын, зерттеймін дегендей. Содан кейін ғана әнімді орындауға келісімімді беремін.
- Шығыстың қызы болғаныңызбен, батыстың келінісіз. Айтыңызшы, қандай келінсіз?
- Батыстың келіні болғаныммен, біз Алматыда тұрамыз. Бірақ елге жиі барамыз. Оралда үйіміз бар. Ол жақтағылар келін болсам да мені төбелеріне көтереді. Осы жолы арнайы шақыртумен келіп, Жарма ауданының орталығы Қалбатау мен Шарда үлкен концерт қойдық. Сол концертке елден арнайы делегация келіп қатысты. Оралдық Жаскілең Қайсағалиев дейтін композитор маған «Ел сыйлаған жеңеше» атты әнін арнады.
Өзім де келін ретінде басымды иіп тұрамын. Келіндік орнымды, міндетімді жақсы білемін. Жолдасым Донеділ Қажымов та өнер адамы. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор, Оралдың гимніне айналған «Ақжайық – ару мекенім» атты әнді жазған адам. Сондай ақ, Донеділ Қадыр Мырзалиев атындағы қоғамдық қордың директоры. Өзім де сол қордың құрылтайшыларының бірімін. Қазіргі күні Донеділ Қадыр ақынның сегіз мыңнан астам кітап қоры бар жеке кітапханасын Оралға көшіріп жатыр.
- Үйдің шаруасын өзіңіз атқарасыз ба, әлде қызметші ұстайсыз ба?
- Үйдің шаруасына көп араласа бермеймін. Өйткені көбінесе гастрольде жүреміз. Кейде осы мен ақсаусақ болып бара жатқан жоқпын ба деп ойлап та қоямын. Ал енді уақытым болса, тамақ істеп, ұсақ-түйек шаруалармен айналысуға ерінбеймін. Кейде журналистер «Жолдасыңыз екеуіңіз де өнер адамысыздар, келіспей, керісіп қалатын кездеріңіз бола ма? деп жиі сұрап жатады. Иә, «қазақта екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөз бар. Әрине, қиыншылық та болады. Бірақ Донеділ екеуміз бір-бірімізді бағалаймыз, сыйлаймыз, барынша бірімізді-біріміз түсініп, қолдау көрсетуге тырысамыз.
Өнер адамысыз, өзіңізді күтуге, формаңызды сақтауға ерекше көңіл бөлетін шығарсыз?
- Әрине, онсыз болмайды. Жиырма бір күн тек қарбыз жеп, арықтаған күндерім де болды. Кейде сән салондарына барғанда, онда істейтін қыздар «сіздің жұмысыңыз қандай?» деп сұрап жатады. Оларға «менің жұмысым «хорошо выглядеть» деп жауап беремін. Халықтың ортасында жүргеннен кейін өзіне-өзін қарауың керек.
- «Білім беру ісінің үздігі» деген де атағыңыз бар екен. Бала тәрбиесі туралы да айтарыңыз бар шығар?
- Бала тәрбиесіне үлкен мән беремін. Менің де ұлым бар. Аты – Алмабек. Қазір өзінің де балалары бар. Мен ешқашан ұлымды журналистердің, халықтың алдына шығарып, сөйлетіп көрген емеспін. Өзі де қарапайым. Құдайға шүкір, жақсы азамат болып өсті. Ұлыммен әркез мақтана аламын.
- Бай адамсыз ба?
- Баймын. Өйткені менің халық сүйіп тыңдайтын әндерім мен күйлерім бар. Мұның өзі үлкен байлық емес пе? Құдайым сол байлықтан айырмаса екен деп тілеймін.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали
Өскемен.

 

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста