Қадыр ақынды қайталап оқығанда туған ойлар
Ақын Қадыр Мырза Әли шығармашылық жолын балалар ақыны болып бастағаны баршаға белгілі болар деп ойлаймыз. Өткен ғасырдың сонау елуінші-алпысыншы жылдардағы бүлдіршіндер қазір ата-әже болып, немере сүйіп отыр. Демек, Қадыр ақынның ойлы өлеңдері бірнеше буынды тәрбиелеп келеді. Әрбір өлең түгіл, бүкіл жүйе-жинақтарын, шы-ғармашылық өмірінің мәре-сөресін күні бұрын жоспарлап қойған Қадыр ақын кездейсоқтыққа барған емес. Ол үнемі діттеген жеріне жетіп, көздеген нысанасына қол жеткізіп отырды. Сондықтан да көзі тірісінде классик ақын атанып, миллиондардың жүрегінен орын алды.
Қадыр ақынның өлеңдерін қайталап оқыған сайын биіктік пен тереңдік деген ұғымдар ықпалында боласың. Көз алдыңа тау мен мұхит елестейді. «...Қазіргі қазақ поэзиясы көп дауысты, қуатты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар; Қадыр лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең...» (Академик Зейнолла Қабдолов. 1989 жыл.)
Он кісілік парыз бар бір басымда,
Одан ауыр жоқ шығар қорғасын да!
Жақсылықты көргенде жарқылдаймын
Сұлулардың саф алтын сырғасындай!
Солай болып өткенді тілер едім.
Тілер едім,
Мәз болып күлер едім.
Жамандықты көргенде жүзім суып,
Музейдегі қылыштай түнеремін!
Екі-ақ шумақ өлең. Биіктік бар ма? Бар! Тереңдік бар ма? Бар! Несімен биік бұл жыр? Ақынның, яғни автордың рухы биік. Оның бір басында он кісілік парыз бар. Осындай парыз салмағы қорғасындай ауыр болмағанда, қайтеді? Кей пенделер бір кісілік парызын ақтай алмай жүрген жоқ па? Несімен терең бұл жыр? Жақсылықты көргенде, «сұлулардың саф алтын сырғасындай жарқылдап», жамандықты көргенде, «музейдегі қылыштай түнереді» ақын, яғни лирикалық кейіпкер. Тереңдік түнерген қылышта жатыр емес пе! Түнерген қылыш жамандық атаулының жендетіне айналып кететіндей әсер қалдырады.
Адамзат өзін қоршаған ортаны зерттеп-тануда үлкен құлшыныс танытып, небір тылсымдардың сырына қанығып келеді. Аспан әлемі, жер қойнауы, мұхит тұңғиығы бұрын беймәлім болып келген құпияларын шым-шымдап аша түсуде. Мұның есесіне біз адамдар өзімізді зерттеуде «Әліппе» аумағында жүрміз. Бұл жерде әңгіме биологиялық тұрғыда болып отырған жоқ. Рухани, ой-саналық бағытта айтпақпыз. Жоқ! Бұл мүлдем игерілмейтін, «құшаққа» сыймайтын шаруа. Себебі әрбір адам өзгеге ғана емес, өзіне-өзі құпия. Міне, осының нәтижесінде әдебиеттің өрісі кеңігеннің үстіне кеңи бермек. Адам зерттеу ілімінің басында тұрған әдебиеттің айтары таусылмақ емес. Қадыр ақынның мұрасын оқыған сайын жоғарыда айтылған тұжырымдардың өміршең екендігіне көз жеткізе түсеміз.
Біз болмасақ, байқаймын, оңбас өнер,
Құдірет-күн,
Түбінде ол да сөнер.
Дүниенің тереңі – теңіз дер ем,
Терең жандар теңіздей болмаса егер.
Біз болмасақ, байқаймын, оңбас өнер,
Құдірет-күн,
Түбінде ол да сөнер.
Дүниенің байтағы – дала дер ем,
Даладай кең адамдар болмаса егер.
Біз болмасақ, байқаймын, оңбас өнер,
Құдірет-күн,
Түбінде ол да сөнер.
Дүниенің биігі – тау дер едім,
Таудай биік адамдар болмаса егер.
Өздеріңнен,
Көңілім қалағандар,
Нәр аламын алғандай ауадан нәр.
Теңіз,
Дала,
Тау емесЖердің көркіТеңіз – адам,
Дала – адам,
Тау адамдар!
Жоғарыда айтқандарымыздың дәлеліндей, Қадыр ақын адам баласы бойынан өзі ғана тапқан жаңалықты паш етеді оқырмандарына. Адамзат – табиғаттың перзенті. Осылай делініп келеді. Бірінші кезекте ата-ана тұратыны сияқты, жер, тау, дала, теңіз адамзаттан бұрын жаралғаны дәлелдеуді қажет етпесе керек. Ал ақын дүниені суреткерлік көзбен көреді. Ол адамды, яғни нағыз адамды – тұрлаулы тұлғаны жерден де, таудан да, даладан да, теңізден де жоғары қояды. Ақындық құдірет еріксіз мойындатады, дегеніне көндіреді.
Ақын Қадыр Мырза Әли ой эволюциясын алтын діңгек етеді. Яғни, жыр жазу барысында қарапайымдылықтан күрделілікке дами түсуді мақсат тұтады. Белгілі бір өлеңдегі ой желісі келесі өлеңге жалғасып, оқырманды алға жетелей түседі.
Жүреді жұрт қимағаннан
Тірлікті тұғыр етіп.
Өзіне-өзі сыймағаннан –
Дүние құдіреті.
Өзіне-өзі сыймағаннан
Найзағай тұтанады.
Өзіне-өзі сыймағаннан
Желіннен сүт ағады.
Өзіне-өзі сыймағаннан
Сағыныш сарылады.
Өзіне-өзі сыймағаннан
Жанартау жарылады.
Өзіне-өзі сыймағаннан
Күніңнен нұр шығады.
Өзіне-өзі сыймағаннан
Ақыннан жыр шығады.
Немесе
Адам егер болмаса ездің бірі,
Сұлулыққа түседі көздің қыры.
Дүниеде ғаламат екі нұр бар:
Күннің нұры
Және де сөздің нұры.
Ақын бола бермейді мыңның бірі.
Мұны айтуға болмай жүр сынның қыры.
Сөздің нұры түседі
Жүрегіңнің
Түкпіріне
Түспейтін күннің нұры.
Осы екі өлең төңірегіне ой толғар болсақ, бірінші жырда айтылған жайларды екінші өлең іліп әкетіп, даму жолына түсіреді. Иә, ақынның пайымдауынша, не бір ғаламат өзіне-өзі сыймағандықтан болып жатады екен. Мүмкін, ғылыми тұрғыдан алып қарағанда, бұлай болмас та. Поэзия мүлдем бөлек әлем ғой. Ғылым шындығы зерттеулер нәтижесімен паш етілсе, өлеңде бар мәселені аражігі білінбес ой мен сезім одағы шешіп жібереді. Байқадыңыз ба, тіршілік атаулының падишаһы күннің нұры сөз нұрынан әлсіз екен. Осылай деп нағыз ақын ғана айта алса керек. Өлең құдіреті деген осы!
Ақын Қадыр Мырза Әли қазақ поэзиясына сапалық жағынан тың өзгерістер әкелді. Ойшылдық, сыршылдық, шыншылдық, сөз сиқырын құбылта қолданушылық сияқты өлең үшін ауадай қажет «құдіреттермен» біз жаңашыл ақынның өлеңдері арқылы жиі қауышамыз. Классик ақын жырлары тақырып ауқымының кеңдігімен оқырманды тәнті етеді. Туған жердің бір шөкім топырағы, бір тал шөбі, бір жұтым ауасы, бір тамшы суына дейін өміршең өлеңге айналып, осыларсыз бір секунд та өмір сүре алмайтыныңды жан-тәніңмен сезінгендей боласың. «Еліңді сүй, жеріңді сүй, ата-анаңды ардақта, ұл-қызыңды мәпеле» деп айта беруге болады. Ал бұл қастерлі сөздер поэзия тілімен айтылса, «құлақтан кіріп, бойды алып, жүрекке ұялары» кәдік. Поэзия – жалаң үгіттен аулақ, бітімі бөлек жанр. Сөз қадірін терең түсінген халқымыз өлең десе, ішкен асын жерге қоятыны да сондықтан.
О, табиғат!
Хауанадай кәрі анам!
Орманыңа өзге көзбен қарағам:
Зәулім-зәулім перзенттерің болмаса,
Орта бойлы ұлдарыңның бәрі аман.
Менің өзім зордан емес, борданмын,
Зор боп тусам, мен де саған қорғанмын.
Сұлап жатыр самырсындар көк соққан
Опат болған батырындай орманның.
Төбесінде қыран ғана қалықтар
Тайгада бір мұңға шомған
қалып бар:
Ана жерде,
Мына жерде
Әлгіндей
Жасын түсіп,
Күйік шалған алыптар.
Мидай жазық жапан түзге тойған ем,
Мына нуға сосын әбден бойлап ем,
Орманнан да қалыңырақ
Ұйысқан
Жабағыдай
Батып қайттым ойға мен.
Ақылға бір сыймайсың-ау, ажал-ай!
Аспан кескен әділетсіз жазадай
Ну тайгадан таңдап-таңдап
Ең биік
Ағаштарға түсіпті ылғи найзағай!
«Орман» деп аталған бұл өлеңінде ақын тайгадағы көріністі көз алдыңа әкеледі. Ал шынында осы жыр табиғат лирикасына жата ма? Мүлде жатпайды! Бұл біздер, адамдар туралы, адамдардың тағдыр-таланы туралы өлең ғой. Ең биік ағаштарға найзағай түсіпті, аласалары аман қалыпты. Ақын ишарасын біз түсінеміз. Халықтың зәулім перзенттері тағдыр, яғни кер заман әсерінен шарт сынып, сұлап түседі. Найзағай ормандағы ағаштың биігіне түссе, адамдар өмір сүрген қоғамда ойы мен сойы бөлек перзенттерге ажал оғы бірінші қадалады. Биіктерді аласалар көре алмайды. Сойы бөлектің ойы бөлек болады. Олардың басын идіріп, бағындыру қиынға соғады. Яғни биіктігі соры боп шығады. Десек те, халықтың «сапасы» сол биіктерге қарап бағаланады. «Зәулім-зәулім перзенттерің болмаса, Орта бойлы ұлдарыңның бәрі аман» делінеді өлеңде. Әрі қарай талдаудың өзі артық болар деп ойлаймын.
Ақын Қадыр Мырза Әлидің әдеби мұрасы 18 томмен шектеліп отырған жоқ. Өзі арамызда жүрмесе де жаңа кітаптары жарық көруде. Демек, халқымыздың рухани қазынасы молая түсуде. Ақын жырлары сан ұрпақтың жан серігіне айналып, ғасырдан ғасырға қадам басуда. Қаңтар айының басында дүниеге келіп, осы айда өмірден озған ұлы ақынымыз қазақ деген халқы барда өлмес өлеңдері арқылы бізбен бірге жасап, тірілер сапында жүре бермек. Ұлт ұстазына айналған ақынның жалаулы жырлары мәңгілікке бағыт алған егемен еліміз іргесінің беки түсуіне қызмет ете беретін болады!
Айтқали НӘРІКОВ,
ақын, ҚР мәдениет саласының үздігі
zhaikpress.kz