Өмірдің өзі – «Дода» немесе Браво, қазақы детектив!
Көкпар – ежелден қазақтың арқасын қоздырып, тамырына қан жүгіртетін ұлттық ойын. Мән-мағынасын ұқпаған жан «тәйірі, тепсе темір үзер жігіттердің жабыла жүріп арғымақ үстінде көк серкеге таласқаны несі?» деуі ғажап емес. Бірақ бағасын білгенге ол – нағыз майдан, нағыз тартыс, нағыз өмір!
Апта басында Астанада «Ақсарбас!» деп айғайды салып, арғымақпен құйғыта шауып сүйінші сұрауға арзитын үлкен бір туындының тұсауы кесілді. «Дода» деп аталатын бұл көркем фильмнің ғажаптығы – қазақтың ғасырдан-ғасырға тамыры үзілмей келе жатқан ұлттық ойыны – көкпарды дәріптей отырып, отбасылық құндылықтарды санаға сіңіруінде әрі бұған дейін қазақ киноөнері тарихында осыншалық дәрежеде түсіріле қоймаған детективті жанрда өрбуі. Басты рөлдерде Нышанбек Жұбанаев, Еркебұлан Дайыров және Әйгерім Құламбаевалар ойнайтын бұл фильмнің бас режиссері Елдар Қапаров, бас продюсері – Артықбек Болғанбаев, ал, ең бастысы, мұндай ғажап туынды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйытқы болуымен жүзеге асып отыр.
«Ұры болар балаңды түн қатқаннан танисың», расында, қылмыс атаулының 80-90 пайызы күн жиектен батып кеткеннен, келер күні қайтадан құлан иектеніп атқан аралықтағы қап-қара түнде болуында не мән бар? Бұл жолы да тауар лықа тиелген «КамАЗ» көлігі сонау Еуропадан бері небір шекаралардан аман-есен өтіп, кенет кең-байтақ қазақ жеріне ене бергенде қарақшыларға тоналамын деп еш ойлаған жоқ еді. Тіпті қас пен көздің ортасында болды бәрі. Қаннен-қаперсіз келе жатқан қос неміс жүргізушісі жолдағы тосқауылға дөңгелегі тіреліп, тоқтай бергені сол еді, мұздай қаруланған топ тап берді де, естерін жиғанда тауар да жоқ, өздерінің қайда жатқанын да білмейді. Фильм осылай «кім қарақшы, кім?» деген сұрақтан басталды.
Бірді айтып, бірге кеткендей болып жатқан шығармыз, яғни қылмыс пен көкпардың не байланысы болуы мүмкін? «Дода» алғаш басталғанда біз де солай ойлағанбыз. Алайда тұсауы кесілген туындының қызығы да, шыжығы да – осында, яғни мұнда аса ірі қылмыс әшкерелене отырып, қазақ көкпары керемет дәріптеледі. «Тәрк етілген тауарды көз ілеспес шапшаңдықпен ізін жасырып үлгеру тек көкпар тартып, бұлшық еті ойнақшып, тамырында қаны шапшыған ердің ерінің ғана қолынан келуі мүмкін» – бұл фильмнің басты кейіпкері Нұржанның сөзі. Ал біз бұл сөз арқылы «көкпар – қылмысқа жетелейтін ойын, көкпаршылар – қарақшы» дегенді айтқалы отырғанымыз жоқ. Осылай спорт пен детективті ұштастырған фильм тудырушылар. Ал біз ол жұмысты ғажап деп бағаладық. Неге? Біріншіден, бұл – қазақтың білдей өнерін ұлттық спорт деңгейінде дәріптеуші тұңғыш көркем фильм. Және әзірге қазақ режиссерлері қыр-сырын ашып түсіруде шеберлік таныта қоймаған детективті драма. Кинотуындыда махаббат та, спорт та, шынайы достық та, қазіргі кезде талай отбасының күйреуіне апарып соқтырып жатқан әлеуметтік-экономикалық мәселелер де – бәрі-бәрі шебер тоғыстырылған. Яғни режиссер де, актерлер де, түсіруші операторлар да – бәрі бір мақсатқа жұмыла білген әрі күрделі де ауқымды міндетті голливудтық деңгейде дерлік атқара білген. Голливудтық дегенді текке ауызға алғанымыз жоқ, себебі режиссер жас та болса, сол кино өнерінің ең биік шыңы – Голливудта білім алған жігіт.
Елдар ҚАПАРОВ, режиссер:
– Фильмнің басты идеясы – қазақтың ұлттық көкпар ойынын жай сыдыртып көрсете салу емес, сонымен қатар қазақ отбасының құндылықтарын, ұлтымыздың өзгеге ұқсамайтын психологиясы, тұрмыс-тіршілігі, өмір салтын дәріптеуді көздедік, ерекшелігіміз – фильмді криминалистика тақырыбына ойыстыруда болатыны анық. Шекарадағы транзиттік қылмысты әшкерелеу, яғни ірі жүк көліктерін тонау операциясы барысында өмірдің шиеленіскен жайттарының күрмеуі ашылады. Қара дегеніңіз ақ болып, ал шық жуытпайтын пәгіміз нағыз қылмыстың иесі болуы өмірде аз кездесетін құбылыс емес. Фильмде де біз жасалған қылмыстың нақты ұйымдастырушысы кім екенін бірден білдірмейміз, картаның соңында бір-ақ ашылғаны қызықтырақ әрі өмірге жақын шығады. Түсіру жұмыстарының 90 пайыздайы ашық аспан астында өрбіді. Адамдар ғана емес, мұнда жануарлар, яғни тұлпарлардың болуы жұмысты біршама қиындатты, бірақ сонысымен қызық, есте қалды.
Қайрат САТЫБАЛДЫ, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, генерал:
– «Дода» сөзінің мағынасын, шыны керек, қазір аға буын білмесе, жастардың дені біле бермейді. Жас буынның интернет алды, қала берді, кинозалдардан шықпауға айналып бара жатқаны да шындық. Сол себепті бүгінгі ұрпаққа көкпардың қасиетін көрсетуді көздедік. Бағзыда ата-бабаларымыз бейбітшілік кезде де «кенет ел басына күн туса ше» деген оймен қарап жатпай, осы көкпар арқылы бойдағы күшті бабында ұстаған. Сондықтан бүгінгі ұрпақ, әсіресе ерлердің оны ұмытуға қақы жоқ.
Бекболат ТІЛЕУХАНОВ, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті:
– Жалпы, кино дегеннің өзі – калька ғой, бірақ көпшілік сүйіп көретін идеологияға айналғандықтан, біз сол кальканың өзіне ұлттық рухани құндылықтарымызды қосамжарлатып енгізуге бел будық. Жалпы, бұл – көкпар тарта алған адамның қаншалықты дәрежеде қарым-қабілеті болатынын көрсететін кино. Солай ұғындырған дұрыс.
«Дода» қазақстандық кинотеатрлар экранына келер жылдың қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында жол тартпақ. Қалың жұртшылықтың ғажайып туындыны тамсана тамашалауына аз қалды.