Өмірдегі ең қымбат – ар мен ұят

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Өмірде жақсы адамдар көп. Бірақ біз оларды елеп-ескере бермейтін сияқ­тымыз. Олардың әрбір ісі мен айтқан сөздері ұрпаққа өнеге әрі өсиет. Сондай бір ақжарқын, адал жандардың бірі, ғұмырын ұстаздық тәрбиеге арнаған Сағымбек Әшірбеков ақсақалдың қойындәптерінен алынған жүрекжарды сөздерін отбасын жаңадан құрып жатқан жастар­ға, жалпы, жас ұрпаққа үлгі болар ма екен деген оймен жариялап отырмыз.
Бүгінде 70 жасқа таяп қалған, көпке сый­лы қария бала-шағасының ортасында төр­ден орын алып, ел-жұртымен бірге жаса­сып келеді. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, біз кейде қасымызда жүрген жайсаң жандардың қадір-қа­сиет­терін біле бермейміз. Ал көпті көрген Са­ғым­бек ақсақал «бір-біріңді аяла – өмір өткінші» дегенді айналасындағыларға жиі айтып отырады. Асыл жары, өмірлік серігі, балаларының анасы Айсұлудың қазасынан кейін жан жарасы мен жан сырын ақ қа­ғаз­ға түсіріп, ішкі мұңын көпшілікпен бөлі­су­ге бел буған еді. Расында да, «көйлектің кірі жуса кетеді, көңілдің кірі айтса кетеді» демей ме дана халқымыз. Бұл кісінің қойындәптеріне үңіліп, сарғайған беттерін парақтағанымызда өсиетке толы даналық сөздердің сиқырына жолықтық. Әсіресе қазақ әйелінің көп қыр-сырын ашуға тал­пы­ныс жасаған ой-тұжырымдары кім-кім­ді де болсын, бей-жай қалдырмасы анық. Мұнда ерлі-зайыптылардың бір-біріне қа­тыс­ты дүниелер жазылғанымен, онда, жал­пы, адамгершілік, махаббат, сенім ту­ралы тұщымды тұжырымдар түзілген. Қаламның құдіретіне сүйеніп айтылған, өмірдің өз ортасынан ойып алынған жүрек шымырлатар сөздерден әркім өзіне керегін тауып алары анық. Енді сол жазбалардың кейбір тұстарына назар салып көрсек...
Сағымбек ақсақалдың қойындәптерінен
• «Ұят» деген сөз Айсұлудың ұраны еді. Өмір бойы сол ұранын орындап өтті. Өзінің әйелдік, аналық, жұбайлық міндетін адал атқарды.
• Ақырғы рет екеуара оңаша қалғанда «Мен сенен бұрын өлсем екен десем, жоқ, сен өлсең мен сені дұрыстап жөнелте ал­маймын, мен өлсем сен дұрыстап жө­нел­те аласың, артымды жоқтатпайсың ғой», – деп өзінің көптен бері айта алмай жүрген ойын, ақырғы сапарға аттанардағы амана­тын қалдырып кетті.
• Сақалыңды өсірме, шашыңды қобы­рат­па, жағаңды қисайтпа. Ұнжырғаңды тү­сірмей, тік жүр. Жұрт сені «әйелі қайтыс болғаннан кейін жүнжіп кетіпті», – демесін дейтін жарықтық. Балаларың қарар, олар не тамақ жасап берсе, соны іш. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп, олардың мазасын алма, жек көріп кетеді. Өз балаларыңа ұрыссаң да, келіндерге ұрыспа. Келін ұрпағыңның анасы ғой!
• Айсұлу институттың өзінде-ақ тың­даған сабақ, естіген лекцияларын, шы­ғар­ған есеп­терін артынан бұлжытпай айтып бере­тін. Ерекше қабілетті жан еді. Өз бойынан неше түрлі талант төгіліп тұрса да (ісмер тігінші, шебер кестеші, емші, қобыз­шы, ман­долинші деген сияқты басқа да қа­­сиет­тері бар еді), соның бірде-біріне мақ­­тан­байтын. Ісмерлігін, іскерлігін мүлде елеусіз нәрсе ретінде бағалайтын. Түнімен тыным таппай, ойындағы ісмерлік ісін істеп оты­рып, ертеңіне жұмысына қалмай бара­тын. Ұстаз ретінде сабаққа дайын­дал­май бар­ған емес. Ол маған тұрмысқа шықпай, бас­қа біреуге барса немесе сол қабілетін ғылым-білімге арнаса, атақты ғалым әйел­дердің бірі болатын ба еді деп те ой­лай­тын­мын кейде. Ол өз бойындағы осы та­ма­ша талантты мәртебелі махаббат жолы­на құрбан еткен адал жар болды...
• Қырық бес жыл бірге тұрсақ та, маған бір рет те кінә қойған емес. Ол менің мінім жоқтықтан болмаса керек. Ол оның  «жоқтан өзгеге жармасып, жарымның жа­нын жараламайын» дегендігі шығар. Өзін аяп, аялап, аяншақтану дегенді біл­мей­тін. Керісінше Айсұлу жұртқа өзі күңше қызмет етуге ерінбейтін.
• Адамға деген қамқорлығы ерекше еді. Өзі бір жұмысын бітіре алмай жатса да, екінші біреуге қамқорлық жасауға дайын тұратын. Ешкімнің алдына барып арыз айтпайтын. Жан жарымның жылағанын көрген емеспін. Күлгенде де жай ғана жымиятын да қоятын .
• Балаларын да, мені де көпшілік ара­сын­да асыра мақтап көрген жоқ. Егер әке мен бала бір нәрсеге келіспей қалса, ол үнсіз отырып қалатын. Ешкімді де жақ­та­май­тын. Кімнің теріс, кімнің оң екенін үнсіздігімен ұқтыратын. Қонақта, әлде бір жиын ортасында отырғанда өзін біреу қолпаштай бастаса, көңіл күйін сездірмей, қалыпты қабылдайтын.
• Оның жаны ар мен ұяттан жара­тыл­ған­дай еді. Бірде қызық жағдай болған. Мен жоқта біреу әлдеқашан тигізген кө­ме­гіміздің өтеуі деп үйге бір қой әкеп береді. Бірақ ол әлгі кісінің бергенін алмай, қай­та­рып жібереді. Біреуге істеген жақсылығын ешуақытта жария етпейтін.
• Қонақ күтуге де пейілді еді. Өзі таны­май­тын, бұрын-соңды көрмеген, маған келген адамдарды жылы шыраймен қа­был­дап, құрметтеп күтіп, риза көңілмен шы­ғарып салатын. Қонақ күтіп жүріп, еш­қа­шан «шаршадым» деген емес. Қайта, керісінше, қонақтарды разы етіп аттан­дыр­ға­нына қуанып, қуаттанып қалатын.
• Айсұлу көршілеріне, таныстарына, жа­қындарына ілтипат білдіріп, сыйлық жасап отыратын. Ол тек шақырған жерге ғана қонаққа баратын, шақырмағанға ренжімейтін, өкпелемейтін, өсек айт­пай­тын. Көп сөйлемейтін, бірақ айтса тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қарапайым тіл­мен ғана айтып жеткізетін. Сол бір қа­ра­пайым сөздерінің өзі нақылға ұқсап кететін. Оны өзі де аңғармайтын.
• Көп нәрсені үндемей үйрететін, үнсіз ұқтыратын. Балаларын жан-жүрегімен аялап, менің ішімдегіні білдірмей аң­ға­ра­тын. Үйге келген-кеткен кісінің де ішкі ойын қабағынан білетін.
• Айсұлу мен де, балаларымыз да да қи­налмасын деп, өзінің 17 жыл бойы ауыр­ғанын, қатты қиналғанын бір рет те сез­дірген емес. Қайран өмір-ай, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр-ай. Жақсы жар жадыңнан өшпейді екен. Сол өшір­ме­ген қалпы біз де уақыты келгенде арманда өтер ме екенбіз?! Тағдырға шара бар ма?! Ұр­пағымызға ұзақ ғұмыр бергей, құдіреті күш­ті бір Алла!

Қаперге
Сағымбек Әшірбеков – Жамбыл об­лысының Мойынқұм ауданында 40 жыл­дан астам ұстаздық еткен. 36 жыл бойы мектеп директоры қыз­ме­тін ат­қар­ған. Қазақ КСР, КСРО оқу ісінің үздігі, Қазақ КСР еңбек сі­ңір­ген мұ­ға­лімі. Ұстаздық еңбегі үшін кейін Тәуел­сіз Қазақстанның «Құр­мет» ор­де­нін иеленді. Сәкеңнің құдай қосқан қо­са­ғы Айсұлу Рах­ме­то­ва да бар ғұ­мы­рын ұстаздық етуге арнаған. Ол кісі де Қазақ КСР, КСРО оқу ісінің үздігі. Бес ба­ла тәрбиелеп өсірген аяулы ана.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста