Бүгін қазақтың М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрында ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қымбат Тілеуованың шығармашылық кеші өтеді. Өмірде де, өнерде де бір-біріне жансерік болып, мағыналы ғұмыр кешіп келе жатқан жұп Ерік пен Қымбат өздерінің «Ғажайып әлем» деген атпен өткізгелі отырған шығармашылық кешін дүйім жұртпен бөліспек.
Олардың өмір-өнер жолдары Мәскеуде Луначарский атындағы Театр өнері институтында оқып жүргенде тоғысқан болатын. Ерік Жолжақсынов пен Қымбат Тілеуова содан бері ширек ғасыр қазақ өнерінің өркендеуіне қызмет етіп келеді.
Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов алғаш өнер жолын бастаған жылдары «әкемтеатрда» жас актер «Чарлейдің әпкесінде» – Спетлайг, «Түлкі бикеште» – Шамплетро, «Башмағымда» – Тыңшы, «Жұлдызым менің жоғарыда» – Жан, т.б рөлдерді сомдап, өзінің ізденімпаздығын танытты. Е.Жолжақсыновтың кейінгі өнер жолының өсу-шыңдалуы киномен тығыз байланысты. Ол «Заман-ай», «Қараңғылық әміршісі», «Кек» т.б фильмдерде ойнады. Сондай-ақ Ерік Мәскеу режиссерлерінің киноларына да түсті. Еріктің жұбайы Қымбат Тілеуова театр сахнасында «Гамлет», «Көктөбедегі кездесу», «Шолпанның күнәсі» т.б көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сомдады. Сондай-ақ оның кинода да жасаған бейнелері көрерменге жақсы таныс. Қымбат «Қар қызы», «Өлместің оралуы», «Жоғалған жұмақ», «Көшпенділер» фильміне түскен.
Ерік пен Қымбат қызығы мен қиындығы қат-қабат өмір-өнерде, өнер-өмірде жарасымды жұптарымен өздерінің «Ғажайып әлемдерін» жасай алды.
Өмірде де, өнерде де жұптары жазылмаған...
Последние статьи автора