"Ол қыздан көз ала алмадым": Әділхан Макин туралы қызықты деректер
"Славян базары-2019" байқауының гран-при иегері Әділхан Макиннің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Әділхан Макиннің отбасы
Әділхан Макин 1994 жылы 5 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында дүниеге келген. Әкесі Құрманғали Макин – әскери қызметкер, қазір отставкада, зейнеткер. Анасы Зәуреш Макина – заңгер.
Отбасында екі ағайынды, 2005 жылы туған Жантөре есімді інісі бар.
Қазір Әділхан отбасымен бірге Алматыда тұрады. Ата-анасының солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударғанына екі жылдай болыпты.
"Әскери адам болғанымды қалады"
Макиндер әулетінде өнерге жақыны тек Әділхан ғана. Содан ба, ата-анасы әуелде ұлдарының музыкаға бет бұрғанын құп көрмепті. Әкесінің жолын қуып, өмірін әскери салаға арнағанын қалаған.
"10 сыныптан кейін мені мектептен шығарып жіберді. Әке-шешемнің рұқсатын алмай, музыкалық колледжге оқуға түстім. Ол кезде әкем Көкшетауда іссапарға, анам Алматыға кеткен еді. Екеуі де Петропавлда болған жоқ. Кейін анам "өз күшіңмен, оның үстіне грантқа түскен екенсің, таңдау сенікі" деп батасын берді. Әкем басында қарсы болды, уақыт өте түсінді. Қазір менің әнші екенімді мақтанышпен айтып отырады", - деді Макин сұқбаттарының бірінде.
"Күзетші болып та істедім"
Әділхан Макин – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының төртінші курс студенті. "Эстрадалық вокал" мамандығы бойынша білім алады.
2012 жылы Петропавлдағы музыка колледжінің бірінші курсында оқып жүргенде, Әділхан "Жас қанат" байқауына қатысты. Байқаудан кейін туған қаласындағы оқуын тастап, елордаға арман қуып келеді. Астанадағы өнер ордасына ауысады.
"Жас қанаттықтардың бәрін грантқа түсіреміз деп уәде беріп, астанаға оқуға шақырды. Ата-анам қарсы болды. Колледж директоры болса, "үлкен қалаға неге бара жатырсың, осы жақта (Петропавлда – Sputnik) нөмірі бірінші әнші болып жүре бермейсің бе" деді. Бірақ мен өзімді одан әрі жетілдіріп, өскім келетінін айттым", - дейді Әділхан.
Қымбат шаһарда тұру жас әншіге оңайға соққан жоқ. Бастапқыда жатақханадан орын бұйырмай, достарында түнеген. Ағылшын тілінде ән айтпағандықтан, мейрамханаларға жұмысқа кіре алмаған.
"Әртүрлі жұмыс істедім, күзетші де болдым", - деп еске алды Макин сұқбаттарының бірінде.
Жарты жыл оқығаннан кейін бір пәннен үш шығып, Әділхан грантқа іліге алмай қалады. Осыдан кейін ол мүлде сабаққа бармай қойған.
"Бір күні мені ректор шақырды. Мені көріп, "сен біздің "жас қанатсың" ғой, неге сабаққа келмей жүрсің деп сұрады. Мен уәде еткен грантқа ауыстырмағанын, соған ренжігенімді – бәрін жасырмай айтып салдым. Мені оқудан шығарып жіберіңіз дедім. Ол кісі бұдан кейін не істейсің деді. Осы жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсемін дедім. Осылайша мені оқудан шығарды. Көп ұзамай Шабытқа актерлік мамандыққа грантқа түстім", - дейді Макин.
Алайда екі жылдан кейін Әділханды тағы да оқудан шығарып жіберген.
Бір емес, үш рет қатысқан
Әділхан Макин Беларусьтің Витебск қаласында өткен "Славян базары-2019" халықаралық байқауында гран-при иеленді. Ол 180 ұпайдан 178 ұпай жинаған.
Отандасымыз конкурстың іріктеуіне үш жыл қатарынан қатысыпты. Бірінші және екінші іріктеу кезеңінде жолы болмай, тек үшіншісінде бағы жанған екен. Конкурста да үшінші болып өнер көрсеткен.
Әділхан өз жеңісін Қазақ еліне арнады.
Бұдан бөлек, Макин талай халықаралық, республикалық байқауларда бақ сынаған. 2013 жылы "Шабыт" халықаралық конкурсына қатысып, екінші орын иеленді. "X Factor" жобасында бақ сынап, финалға дейін жетті. Екі мәрте "Қазақстан дауысына", "Жұлдыз" республикалық байқауына қатысты.
"Димаштың барына қуанамын"
Әділхан – Димаш Құдайбергеннен кейін "Славян базары" халықаралық байқауында жеңіске жеткен екінші қазақстандық. 2015 жылы Димаш бас жүлдені иеленіп, Қазақ елінің мерейін асырған еді.
Димаш пен Әділхан құрдас, алғаш 2012 жылы "Жас қанат" байқауында танысқан. Сол жылы байқауда Димаш жеңімпаз атанды.
"Димашты алғаш рет "Жас қанат" байқауында көрдім. Дайындық кезінде ән айтқанын естігенімде, қатты таңғалдым. Танысып, жақын араласа бастадық...Димаштың барына қуанамын. Біз қазақпыз, бауырмыз. Бір-біріміздің жетістігімізге қуануымыз керек. Димаш елімізді әлемге әйгіледі, арманын жүзеге асырды", - дейді Макин.
Әділхан "Славян базарындағы" жеңісін Димаштың жеңісімен салыстыратындарға мүлде ренжімейтінін, керісінше, мақтаныш тұтатынын жеткізді.
Әділханның сүйіктісі бар ма?
24 жастағы Әділхан Макин – үйленбеген, көңіл жарастырған сүйіктісі жоқ. Бірақ жас әнші "Славян базары-2019" байқауында конкурсанттардың біріне ғашық болғанын жасырмады.
"Байқауда Литвадан келген Паулина есімді қыз болды. Оны алғаш көргенімде көз ала алмадым. Ағылшын тілін дұрыс білмегендіктен, сөйлескен кезде қиналдым. Бірақ, бірге суретке түстік, телефон нөмірін алдым. Қоштасарда, тіпті, жылап жібере жаздадық. Бір-бірімізді қонаққа шақырдық. Ол өте жақсы музыкант, скрипкашы. Мүмкін, байқауда мені шабыттандырған да сол шығар", - деп ағынан жарылды Макин сұқбаттарының бірінде.
Қазақстандық әнші ата-анасы оның кез келген таңдауын қолдайтынын айтты.