Күні кеше Құдайберген Сұлтанбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Өтежан Нұрғалиев, Қадыр Мырза-Әли, Дариға Жантоққызы, Хадиша Бөкеева сынды қоғам және өнер қайраткерлерімен бақұлдасып, қабырғасы қайысып отырған қазақ жұрты бүгін ұлтымыздың кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан танымал режиссер Дариға Тналинаны соңғы сапарға шығарып салмақ.
Бар ғұмырын қазақ киносының қалыптасып, өсуіне арнаған режиссер Дариға Тналина 90 жасқа қараған шағында дүние салды.
Ұлттық кино саласының негізін қаласқан режиссер көптеген кинотуындыларда өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ресейдегі Жоғарғы кино институтында Александр Довженко сынды мықты мамандардан тәлім алып, тәжірибе жинаған қазақ режиссерінің есімі Қазақстанға ғана емес, дәуірлеп тұрған Кеңес Одағы тұсында да ерекше аталып жүрді. Сол кездегі кинематография білгірлері Дариға Байжұманқызын шығыстан шыққан тұңғыш әйел режиссер деп бағалаған.
Соғыс жылдарында студияларда еңбек етіп қана қоймай, арнайы кино мектебінде, 50-жылдардың басында эстрада студиясының киносыныбында дәрістер жүргізді. Қазақ киносында көрерменін тапқан Н.Жантөрин, Қ.Әбусейітов, М.Әбусейітова, Ә.Мәмбетов сынды таланттар – осы кісінің шәкірттері. Мәскеуде оқып жүрген кезінде жас Дариға бүгінде көпшілікке танымал болған Тихонов, Бондарчуктермен қатар оқып, қазақ көрерменіне белгілі орыс актрисасы Нонна Мордюковамен жатақхананың бір бөлмесінде бірге тұрған.
КСРО кинематография саласының үздігі, КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын абыроймен арқалап, өнерде талай шыңдарды бағындырған Дариға Тналина еңбек жолын сұрапыл соғыс жылдарының қиын кезеңдерінде бастаған. Атақ пен абыройдан кенде болмаған осынау талант иесінің өміріне қатысты ақиқаты мен аңызы аралас қызықты деректер көп-ақ. Бірақ, бір анығы, өзгелерді ерекшелігімен мойындата білген Дариғаның кәсіби қабілеті мен айрықша дарынына сүйсінбеген жан болмаған шығар?!
Өнер әлеміне өз жолын сала білген, жүрегі жұмсақ болса да мінезі тік келетін осынау қазақ қызының алдында Федерико Феллини, Ив Монтан сынды тұлғалар бас иіп, қолынан сүйген. Тіпті атақты Мао Цзэдун мен Ахмед Сукарнолармен бір дастарқаннан дәм татып, Леонид Брежневпен жеке сұхбат-әңгіме өткізіп, кино өнерінен қазақтың да кенде емес екенін бірнеше мәрте дәлелдей білді.
– Кинематография саласындағы өмірінің 22 жылын «Мосфильмде» өткізіп, жемісті еңбек еткен Дариға Тналина Қырғызстан, Түрікменстан, Украина елдерінде де кино түсіру жұмыстарына атсалысқан. Солардың ішінен шоқтығы биік туындыларды айтар болсақ, өз елімізде – «Алыстағы ауылда», Қырғыз жерінде – «Салтанат»,Түрікмен топырағында – «Ерекше тапсырма», Ресей мен Украина елдерінде «Илья Муромец» фильмдерін түсірді. Әйгілі «Қыз-Жібек» фильмін түсіруге де айтарлықтай үлес қосты.
Атағы жер жарған «Мосфильмде» ұзақ жылдар еңбек еткен ол әсіресе киноның дубляж саласын, оның ішінде түрлі фильмдердің қазақ тіліне аударылуына бір кісідей жанашырлықпен атсалысып, жан-жақты дамытуға көп еңбек етті. Осы тәжірибесіне сүйеніп, кейіннен «Қазақфильм» киностудиясындағы дубляждың режиссері қызметін мүлтіксіз орындап шыққан майталман маман көптеген орыс және басқа тілдердегі фильмдерді ана тілімізде сөйлете білді. Дариға апамыздың кәсіби үлесі бар талай кинотуындылар бүгінде еліміздің және Ресейдің киномұрағаттарында сақтаулы. Ол киноны түсіруге араласып жүріп өзі де бірқатар туындыларды дүниеге әкелді. Дариға Байжұманқызының актриса ретіндегі алғашқы талпынысы 1940 жылы «Романтики» деп аталатын фильмдегі басты кейіпкерді сомдаумен басталған. Бұдан кейін кеңес көрерменіне белгілі «Илья Муромец» картинасының екінші режиссері болған.
Осыдан үш жыл бұрын Дариға апамыз «Ақ-қара түсті кино» («Черно-белое кино») атты ғұмырнамалық кітапты жарыққа шығарды. «Мен тағдыры қиын адаммын...» деп басталатын кітапта қазақ киносының кешегісі мен бүгіні жайлы және өзінің өнер саласында жүргендегі көрген-білгендері мен көкейге түйген ойлары топтастырылған.
P.S.
Дариға апамыз тумысынан шыншыл, айтары мол, қайсар мінезді қайраткер жан еді. Осыдан екі жылдай бұрын әріптесіміз Мәриям Әбсаттар ол кісімен кең көлемді ашық сұхбат өткізіп, соның негізінде қысқаша радиохабар дайындаған еді. Газетіміздің алдағы сандарының бірінде Дариға апаймен болған жарияланбаған сұхбатты оқырман назарына ұсынатын боламыз.
Марқұммен қоштасу рәсімі бүгін Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясында өтеді.