Бала атаулыға ортақ бір қасиет – ойынқұмарлық. Кез келген бала үшін ойын – ешкім үйрете алмайтын нәрсеге өздігінен үйрену, өмірді тану және белгілі бір ортаға, белгілі бір жағдайларға бейімделу тәсілі. Тұлпар шығар жүйрікті қашаннан-ақ тұлғасынан таныған ата-бабаларымыздың «Баланың ойнағанына, қазанның қайнағанына қара» деген даналығы да осы заңдылықпен астасып жатқаны анық.
Бәле қайдан демеңіз…
Мамандардың пікірінше, шамамен төрт жасқа дейін бала маңайындағы заттар мен ойыншықтарына жанды нәрсе ретінде қарайды. Сондықтан да құлағы «жыртылған» қоянының немесе ескірген қуыршағының үлкендер тарапынан қоқысқа тасталуының өзі бала үшін нағыз трагедия ретінде қабылдануы ықтимал. Өйткені көп жағдайда ойыншық – кез келген бүлдіршіннің жан досы, сүйікті серігі. Бұл ретте ойыншық түрлерінің сан алуан болуы заңды. Бірақ қалай болғанда да, олардың барлығы белгілі бір эстетикалық, педагогикалық талап-талғамдарға сай болуы шарт. Мысалы, соңғы уақыттарда балалар ойыншығы түр-түрімен шығарылып, деңгейлік тұрғыда айтарлықтай дамыды. Дегенмен бүгінде дерматологтардан бастап психологтарға дейін, балаларға арналған көптеген ойыншық өнімдерінің үлкен қауіп көзіне айналып отырғанын айтып, дабыл қағуда. Деректерге сүйенсек, ойыншық бизнесі бойынша дүниежүзінде бірінші орында Қытай елі тұр. Яғни әлемді жаулаған ойыншық өнімдерінің 70 пайызы күншығыс еліне тиесілі. Осы орайда жұртшылықтың ойыншық сапасына байланысты наразы пікірі де, негізінен, қытайлық өнімдерге қатысты туындап келді. Қайсыбір жылдары бүкіл Еуропада Қытайдың әлемдік стандартқа сай келмейтін, құрамында улы қорғасын мен кадмий бар бояуларды пайдаланып жасаған балалар ойыншығының миллиондаған топтамасын кері қайтаруға байланысты сауда тартыстары болғаны да белгілі. Тіпті осы мәселе екі-үш жыл бұрын еліміздің Парламентінде де қаузалып, алайда «Қазақстанда ойыншық сапасына қатысты айтарлықтай проблемалар жоқ» деп мәлімделген. Мәселе онда да емес. Мұны қозғап отырған себебіміз, – қай кезде де, қандай жағдайда да, әлем жұртшылығы айрықша мән беріп келе жатқан мұндай өзекті мәселеге немқұрайды қарауға болмайды.
Көршінің ойы көш ілгері
Өкінішке қарай, бұл тұрғыдан алғанда біз әлі де бейғамбыз. Балаларымыздың немен ойнап, қалай ойлап жүргеніне соншалықты бас қатыра бермейміз. Шындығында, отандық рыноктың ойыншық сөрелерінен ойып орын алған шетелдік Барбилер мен тасбақа Ниндзялар, Өрмекші адамдар мен Наруто, Бетмандар бүкіл ұлт ұрпағын жат мәдениетке тәуелді етуге айналды. Балалар ойыншығы рыногының жыл сайын қарқынды түрде дамып келе жатқанына қарамастан, отандық өнімдері елдегі бүкіл ойыншық саудасының небәрі 10-12 пайызын құрап отырғанын уайым еткен ресейліктер, бұл реттегі кедергіні заң жүйесінен іздейді. Яғни «заңдық актілердің жетілдірілмегендігі салдарынан, отандық ойыншық өндірушілер ресейлік мультфильмдер мен балалар әдебиеті персонаждарын пайдалану құқынан айырылып қалды. Біз сөйтіп, ел азаматтарының балалық шағымен байланысты тұтас бір мәдени қабатты жоғалтып отырмыз» дейді. Ал заңдық тұрғыда мұрсат берілген жағдайда олар, әйгілі «Балықшы мен алтын балық туралы ертегіден» бастап, «Алтын кілт немесе Буратиноның басынан кешкендері», «Айболит пен Бармалей», аусар Иванушка, Винни-Пух, Мурзилка мен Мюнхгаузен сияқты, басқа да толып жатқан балалар фильмдерінің танымал персонаждарын ойыншық үлгісінде ұсынуға дайын. Және бұл кездейсоқ емес. Олардың пікірінше, ойыншық рыногындағы оңды жағдай бүлдіршіндердің бақытты балалығы мен денінің саулығына, интеллектуалдық және рухани тұрғыда мейлінше кемелденіп өсіп-жетілуіне тікелей негіз болады.
Қозғалыс бар, қолдау жоқ
Іргелес елдер, тіпті бүкіл әлем жұртшылығы шындап бас қатыра бастаған ойыншық мәселесіне Қазақстан қоғамы әлі де жеңіл-желпі қарап отыр. Әйтпесе біздің ойыншық өндірісін жолға қоюымызға не кедергі? Мысалы, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржанындай ертегілер мен батырлық жырларымыз, аңыз-әңгімелеріміз күні бүгінге дейін кертілмеген, қорытылмаған күйі қалып келеді. Қытайдың арзанқол ойыншықтарына алданғанды қойып, сол ұлттық фольклордың қызықты кейіпкерлерін балаларымызға түрлі формада, түрлі стильде кейіптеп, ұсына білсек, қандай тағылымды дүние болар еді! Бір анығы, «ұлттық ойыншық» дегенде... біз әлі күнге тек киіз үй мен «қазақша киінген» қуыршақтарды, жылқы, түйе мүсіндері үлгісіндегі кәдесыйларды місе тұтумен келеміз. Осыдан біраз уақыт бұрын Сәкен Болысов басшылық ететін «Атакәсіп – Астана» ЖШС-нің балаларға арналған жеті түрлі ойыншық жасап шығарғанынан хабардар болдық. Алайда бөбек домбыра, әсем үй, керемет үй, саз аспаптары, ойландырар оюлар, әуендік бесік, Астана-Бәйтерек сипатындағы санаулы ғана ойыншық түрлері – әрине, мұхитқа қосылған тамшыдай-ақ дүние. Бірақ тиісті орындар мен қалталы азаматтардан қолдау болған жағдайда, кәсіпкер ұлттық ойыншықтың аталымдары мен көлемін көбейте түсуге бар.
Құптарлық қадам
Бүлдіршіндеріміздің ойыны да, ойыншығы да, көретін мультфильмдері мен еліктейтін кейіпкерлері де жатжұрттық екендігіне жаны ауырып қана қоймай, нақты іске көшкен азаматтың бірі – әнші, продюсер, мәдениет қайраткері Қыдырәлі Болманов болып шықты. «Бұл дүниеде ештеңе тегіннен-тегін болмайды. Жапырақ құласа да Жаратқанның рұқсатымен құлайды» деп білетін Қыдырәлі, өзі қай жобамен айналысса да оның артында ұлттық мүдде мәселесі тұратындығын баса айтты. Яғни «бұл жобадан оған не түседі, қай тұрғыда ұтамыз?» деген сұрақты айналып өтуге болмайды. Өйткені мәдениет саласы болғаннан кейін оны таза коммерцияға айналдыру – идеологияны бетімен жіберу деген сөз». Қыдырәлінің айтуынша, балаларымыздың жан-жақты ізденіспен және үлкен жауапкершілікпен жасалынып жатқан жаңа ойыншықтармен қауышар күні алыс емес. Несі бар, ізгі ниет, игі қадам. Тек ұзағынан болғай!..
бір пікір
Қыдырәлі БОЛМАНОВ, әнші, продюсер:
– «Ұлттық үлгідегі ойыншық мәселесімен шындап айналысуға не түрткі болды?» деген сұраққа келсек, бұл мынандай жайттан туындады. Достарымның балаларыма сыйлаған бір ойыншықтары болған. Әлгілер секіріп, безектеп, бір орнында тұрмайды. Кішкентайым онымен кәдімгідей ойнайды. Бірақ айтатын сөздері мен әндерінің бәрі – ағылшынша, немісше... Соған қарап отырдым да: «Мен баламды қашанғы жат елдің ойыншығымен өсіремін?», деп ойландым. Бұл қалай болады? Сосын мен оған «Сен неге қазақша білмейсің?» деп неге ренжуім керек? Ал қай жағынан алсаңыз да, бала төрт-бес жасқа дейін қалыптасады. Оған дейін сөз түсіне қоймайды, жан-жағын бағдарлай алмайды. Сондықтан бұл аралықтағы тәрбиенің төте жолы – ойыншық. Былай қарасаң, ол деген – реактивті ұшақ емес, қарапайым нәрсе ғой. «Соны неге балаларыма істеп бермеймін?» деп ойладым да аналитик, маркетологтарымды жинап ақылдастым. Сөйтсек, бұл өзі идеологияның да, тәрбиенің де көзі екен. Негізі, әлемдік психологияда «Өз тілінде сөйлеп өскен баланың денсаулығы дұрыс болады» деген ұйғарым бар. Содан мен қазақ ертегілеріндегі Тазша бала, Алдар көсе, Ер Төстіктерді қазақша сөйлетіп, секіретін, жүретін, күлетін үлгіде жасатқыздым. Сосын Қарақаттың өзінен айнымайтын және соның әндерін айтатын қуыршақ жасатқызып жатырмын. Жалпы, бүгінгі күні дүкеннен қандай ойыншық көріп жүрсеңіз, бізде соның бәрі шығады және сапасы олардан жоғары болады. Өйткені біздің келісімшартқа отырған зауытымыз – тек қана Американың тапсырысымен жұмыс істеп, Барби қуыршағын шығарып келе жатқан зауыт. Жалпы, бір партиямен ғана шектелмейміз. Осы саланы зерттей отырып, үлкен компания құрып жатырмыз. Алла қаласа, болашақта бүлдіршіндерімізді өз ойыншықтарымызбен қуантатын халге жетеміз...