Нысанасын таппай, қор болған «Нысана-ай»!

Нысанасын таппай, қор болған «Нысана-ай»!

Сау санаға сыйымсыз сөздер
Көз көргісіз көріністер. Таптаурын тапқырыптар мен анайы әрекеттер. Бұл — бүгінгі біз нысанаға іліндірген «Нысана» әзіл-сықақ театрының басты «қаруы». Оған мәдени жұтаңдық пен әдеби аштықты қосыңыз. Бір ғана ұжымның бойынан осынша «қасиеттің» табылуы «тума таланттық» белгісі дерсіз. Кеше ғана сатира сахнасына көңілді тапқырлар клубы (КТК) арқылы қанат қаққан жігіттерге көпшіліктің өкпесі қара қазандай.
Осы ретте Әбунасыр Серіков бастаған “нысаналық” жігіттер сын садағына жиі ұшырап жатады. Көкірегі ояу, қолында қаламы бар қанша қазақ аталмыш театр кемшілік жіберсе, сын садағын кеземей кетпесе керек. Алайда айтылған сөздер құлақ қыртысында қалып қойған сыңайлы. Себебі осы күні сатира сахнасында жүргендеріне 5 жыл толған жас театр ұжымы өткен ескертпелерден қорытынды шығарды деп айту қиын болып тұр. Өнер алаңына өзіндік «қолтаңбасымен» келген жігіттер, кей сәттерде, тіпті, театр мен КТК-нің аражігін ажырата алмайтындай көрінеді.
Сөзіміз жалаң болмауы үшін “Нысананың” «11 «н» сыныбы» мен «Зарина — жалмауыз қыз» атты өріністерін қысқаша талдай кетейік.
“11 «н» сыныбының” авторы — Ә.Серіков деген азамат. Ол кісінің тақырыпқа қалай қалам тербегенінен хабарымыз жоқ. Алайда “Нысана” театрының ұсынған көріністеріне қарап, көңіл толарлық дүние екеніне күмән бар. Түсінгеніміз, қойылымның басты мақсаты — мектеп өміріндегі кең етек алып келе жатқан келеңсіз оқиғаларды әжуалы күлкіге айналдыру арқылы көп алдында әшкере ету. Ой салу. Бірақ «артық қыламыз деп, тыртық қылған» театр «тарландары» қойған көріністе қай қырынан қарасаң да, қазақылықпен қабыспайтын сәттер шаш етектен. Актерлер я автор ол эпизодтарды өз өмірлерінен алмаса, өз басымыз ондай көріністерді көз көру былай тұрсын, ел аузынан естімеппіз.
Мәселен, Айтулова атты кейіпкердің «сыныпқа жаңа қыз келді» дегенде қуанғаннан аяғын парта үстіне шығып тебінуі немесе сол қызға «эти мои быки, мен олармен жер жыртқанский» секілді сөздері. Бұл — онсыз да ұрынарға қара таппай жүрген жандар үшін қазақ қызын қорлаудың тағы бір мүмкіндігі. Иман мен ибаның символы іспеттес қазақ аруы Айтулованың әрекетіне қарсы бара қоймас. Ол, тіпті, нәзік жандылардың түсіне де кірмеген шығар. Бірақ, неге екені белгісіз, «нысаналық» жігіттер бүгінгі қазақ қызы осындай анайы әрекет істеуге бар дегендей сыңай танытады.
Одан қалды, директор мен мұғалім арасындағы «қарым-қатынас». Иә, бұл көріністі жоқ дей алмаймыз. Дегенмен, сахна киелі орын болғандықтан, қалың бұқараның алдына шығып, бұттан төмен әңгімені айтудың қаншалық қажеті бар? Осындайда: “Қайран, қор болған қазақтың тектілігі-ай!” — демеске амалың бар ма? Бірақ бұған мән беріп жатқан жан жоқ. Аталмыш қойылымдардың көрерменге жол тартуы — “әй дейтін әже, қой дейтін қожаның” жоқтығы. Салдарынан сықақ «сардарлары» сахнада саналарына келгенін көрсетіп келеді. Әрі ол әрекеттерінен еш қымсынбайтын да сияқты. Себебі театр басшысы Әбунасыр Серіков «Алаш айнасы» ғаламтор-газетіне берген сұхбатында: «Жұмыс істесең де, өсек. Істемесең, тағы да… Қолымнан келіп, жұмыс істеп жатырмын ба, халық қабылдап жатыр ма, бастысы сол емес пе? КВН-шиктердің өнерін кім жоққа шығара алады? «Тамаша» туралы да, «Бауыржан шоу» туралы да әңгіме айтады. Мұның бәрі өздері бола алмайтын, болғанды көре алмайтындардың сөзі ғой. Мұның бәрі пендешілік!» — депті. Пендешілік… Осындайда Мұхтар Әуезовтың «Айнаға қара, сонда оңбағанның дәл өзін көресің…» дегені еріксіз еске түседі…
Ал “Зарина” үшін жарты сағатымызды қаза еттік. Бұл көрініске де ұзақ тоқтап жатпай, ең сорақы тұсын тілге тиек етейік. Ол сол баяғы Айтулованың, ол көріністе Заринаның рөлінде, ер азаматпен сахнада сүйісуі Құдайсыз қоғамның келбетін суреттер Құдай ұрғандарды насихаттағандай көрінді.
Осы ретте «Сатира үшін түпкі мақсат — ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды. Ал біздің әртістер сөз жаттамайды. Олар қисалаңдап, қисынсыз әртүрлі әрекеттер жасап, аузы-басын қисайтып, бір сөзге көрермен күліп қалса, соны қайта-қайта қайталап, айтайын деген ойдың мәні мен мағынасын кетіреді. Қазіргі таңда әзіл-сықақ театрлары баршылық, алайда олардың барлығының да көтеретін тақырыбы мен көрерменге жеткізу мәнері өте төмен дәрежеде. Біздің театрларда қазір тіпті отбасы, ошақ қасында болмайтын әңгімені айтады. Сол көріністерді отбасыңмен отырып көре алмайсың. Оспадарсыз, түк мағынасы жоқ, рухани азық болатындай ешнәрсе айтылмайды», — деген сатирик Толымбек Әлімбек ағаның ащы да болса ақиқат сөзі ойға оралады. Бірақ осы күні «тегін» ақыл тыңдайтындар азайған. Есесіне «өзім білермендікке» салынып, гүл дүниені күл етушілер көп.
Кезінде «ұлт тәрбиешісі — бесік» дейтін едік. Сынаптай сырғыған уақытқа сәйкес, осы күні бесіктің орнын телеарналар мен театр басты. Сондықтан ұлттық идеологияны қалыптастыруда театр мен телеарнаның алар орны орасан. Әсіресе осы күні театрлардың ішіндегі үлкен сұранысқа әзіл-оспақтар ие. Себебі жастар жағы риясыз күлкіге құмар. Міне, бар мүмкіндікті пайдаланып, ертеңгі болашағымыздың бойына күлдіре отырып та тәрбие сіңіруге болар еді. Бірақ аудиториясының басым көпшілігі жастардан құралған «Нысана» арзан күлкі, дарақы дүние, астарсыз әзілден аса алар емес. Бір қарағанда, тіпті, ұлттық емес, қара басының қамына бола қарекет етіп жүргендей көрінеді. Бәлкім, біз қателесерміз…
Қазақ: «Майшамның жарығы түбіне түспейді», — дейді. Яғни әркімге өз кемшілігі көрінбеуі мүмкін. Алайда “сырт көз — сыншы”. Біз ел ертеңі үшін төнген қауіптің алдын алу мақсатында көргенімізді айттық, көкейіне түю әркімнің өз еркінде.
Сіз не дейсіз?
Сәкен Сыбанбай, журналист:
— «Нысана» әзіл-сықақ театры қойылымдарын тұрақты тамашалаймын дей алмаймын. Алайда жалпы бағыт-бағдарынан біршама хабарым бар. Негізінен, жас көрермендердің талғам-талабын дөп басқысы келетіні байқалады. Арасында тапқыр әзілдері, ұтымды уәждері, мағыналы қойылымдары кездеседі. Дегенмен, басым көпшілігінде тұрмыстық тақырыптың айналасынан шиырлап, шыға алмайтынын аңғарамын. Актерлердің кәсіби деңгейіне, ойнау шеберлігіне шек келтіре алмаймын. Бірақ жеңіл әзіл, арзан күлкі, дарақы мінезге көп ұрынатыны өкінішті. Орманда адасып жүргендей айғайлап сөйлеу, дөкір мінез көрсетіп, дөрекі сөзге бару — байқаған кемшіліктерімнің тек бір парасы ғана. Орысша сөзді де өте жиі қолданады. Жалпы, бұл театрдың жігіттеріне сахна мәдениеті жетіспейді, ел алдындағы жауапкершілік, көрерменге деген сый-құрмет сезіле бермейді.
Жаман әдет
жұғысты келеді

Соңғы жылдары я эфир толтыру, я 50 де 50 тіл саясатын орындау мақсатында әзіл-оспақ театрларының дүниелерін «31 арна» жиі көрсетіп жүр. Біз оған қуанбасақ, қызғанбаймыз. Керісінше, онсыз да ПИАР жетіспейтін сықақшыларға бұл үлкен көмек. Алайда көкейде «аталмыш ұжым неге эфирге шығар дүниелерін ұлттық сүзгіден өткізбейді?» деген сұрақ туады. Себебі осы күнгі арнадан беріліп жатқан қойылымдардың ішінде отбасы болып көруге келмейтін, ауадан алмаса, айналада жоқ кадрлар шаш етектен. (Ұлттық мүдде биігі жайлы айтпай-ақ қояйық).
Теледидар ұлт тәрбиешісіне айнал-ғалы қашан. Адамға адам сенбейтін заманда адам керегін көгілдір экраннан іздейтін болды. Әсіресе жастар мен жасамыстар жағы. Олай болса театрлар мен телеарналар ұлттық менталитетке келмейтін көріністерді қоюға неге құмар? Онсыз да толық тегін таба алмай жүрген жамағатқа жағымсыз дүниелерді ұсынғаннан ұтылмасақ, ұтпасымыз хақ. Өмірдің ақ-қарасын ажырата алмайтын сәбиге анайы әрекеттер қандай тәрбие болмақ?
Психолог мамандардың айтуынша, телеарнадағы тәрбиесіз көріністердің жиі насихатталуы пенденің пиғылын бұзып, оның ақыры адам айтса нанғысыз оқиғаларға алып келуі бек мүмкін екен.
Мәселен, «thetruthwins.com» сайтының мәліметіне сүйенсек, Америкада анайы фильмдердің әсерінен 2014 жылы 747 408 жыныстық қылмыс жасалған. Ал сол көріністердің жемісі болса керек, АҚШ түсік жасату жағынан әлемде көш бастап тұр. Сол сияқты, тізе берсең, мұндай оқиғалар жетіп артылады. Мамандардың айтуынша, мұның бәрі телеарна тәрбиесінің «жемісі» болса керек.
Өзімізге үңілер болсақ, 2014 жылы бір Қостанайдың өзінде 15-17 жас аралы-ғындағы кәмелет жасқа толмаған 322 қыз босанған екен (http://news.nur.kz/356020.html). Ал түсік жасататындардың саны соңғы жылдары толастар емес.
Естеріңізде болса, «tsn.ua» сайты 2013 жылы америкалық ағылшын тілі пәнінің мұғалімі 10 сынып оқушысымен ойнас жасап, одан сәбилі болғаны туралы ақпарат таратқан еді. Сондай-ақ,техастық би сабағынан беретін мұғалім мен австралиялық ұстаздың да өз шәкірттерімен жыныстық қатынасқа түскендіктері туралы айтылған. Әуелгіде көру былай тұрсын, естіген құлаққа ерсі дүние осы күні үйреншікті көрініске айналды. Неге? Себебі осы оқиғаларды азық етіп жүрген телеарна мен театрлар әзілсымақ қойылымдар арқылы жұрт құлағына сіңіріп үлгергендей.. Салдарынан «әкесі туған қызын зорлапты» деген де «хайуани» ақпараттарға жұрттың жүрегі ауырмайды.
Жаман әдеттің жұғысты келетініндей, театрлар мен телеарналар жұрт санасын сапасыз әзіл, мағынасыз қойылымдармен уламай, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға тер төксе екен. Бұл екеуі де ұлтты тәрбиелеудің ең ұтымды құралдары.
Дарын Шөкенов
kazakhstanzaman.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста