Аты аңызға айналған әнші Нұрлан Өнербаев отандық шоу бизнестегі бүгінгі күннің "жұлдызына" айналған әншілерді сынап тастады. Ол "сахнаға көшеден келген жұлдызсымақтармен қатар тұрып ән айтқысы келмейтінін" айтты деп хабарлайды NUR.KZ.
Үлкен концерттерде, кештерде көрінбей кеткен халықтың сүйікті әншісі мұның басты себебін түсіндірді. Оның айтуынша, көп жағдайда ол сахнада өзімен қатар тұрып ән айтатын әншілердің деңгейіне көңілі толмайтын көрінеді.
Сонымен бірге Нұрлан Өнербаев бүгінгі күні ел тынысына айналған әлеуметтік желілерде неге отырмайтынын да түсіндірді. "Жылдар бойы қасықтап жинаған абыройымды шелектеп төккім келмейді", - дейді ол.
"Желілердің пайдалы жері бар, бірақ пайдасыз тұстары басым сияқты. Біреу бір сөз айтса, соны ала қашып, дөңгелетіп ала кететін заман екен. Бір сөз айтсаңыз оған бір сағаттың ішінде мың пікір қайтып келеді. Ал ол пікірді айтып жатқан кімдер? Олардың пікір айтуға қаншалықты құқысы бар?! Жалпы пікір айтатын адамдар ма еді олар? Бүгінде өнеге үлкен сахнаға келіп жатқандар қалай келіп жатыр?
Конкурс, кастинг, тағы бірдемелер арқылы көрініп, продюсерлердің қолдауымен, көмегімен бір әнді жаздырып, ол әнге бейнебаян түсіріп, әлем жәлем киімді кигізіп қояды. Сосын желі арқылы, одан соң теледидар арқылы бір сағат сайын айналдырып отырып, қаласаң да қаламасаң да көруге мәжбүр қылады. Сағат сайын көрініп жатқан соң әнші жұлдыз болмағанда кім болады?! Енді сол "жұлдызды" үлкен сахнадағы үлкен өнер кешіне әкеліп қосады.
Менің ұғымымда сахна деген өте киелі жер. Сахнаға көшеден келіп шыға салуға болмайды, ол дегенің сахнаны сыйламау. Мен өнер жолымды үлкен сахнадан, киелі сахнадан, қазақ өнерінің қара шаңырағы - Әуезов атындағы драма театрынан бастадым. Мен жалпы қазақ профессионал өнерінің іргесін қалаған ақсақалдар мен апа-ағаларымның көзін көріп, солармен бірге қызмет жасағанмын.
Ол кісілердің сахнаға деген құрметін, еңбегін, тыныс-тіршілігін сезінгенмін. Сондықтан мен үшін сондай кісілер жүрген, сондай кісілер ізін қалдырған сахна - қасиетті. Ал сондай сахнаға көшеден келген, сахнаның иісі мұрына бармайтын, өнер туралы бір ауыз сөз айту үшін өнердің басында кімдер болғанын білмейтін, азын-аулақ мәліметі жоқ балалар келіп жұлдыз болып үлкен сахнаға шығып тұрады.
Сондықтан мені шақырған концерттің сахнасына кімдер шығады деп сұрайтыным сондықтан. Бұл жағынан келгенде әлеуметтік желіде бір пікір айтып, әнімнің үзіндісін беріп, мың адамның пікірін естігім келмейді", - деп кесіп айтты әнші.