Нұрлан БАЙКӨЗОВ: Жеткен жеріміз "Мария Магдалена ма?"

Нұрлан БАЙКӨЗОВ: Жеткен жеріміз "Мария Магдалена ма?"

– Әңгімемізді алдағы 10 желтоқсанда өткізейін деп отырған шығармашылық концерттен бастасақ. Әдетте өнерде жүргенімне бәленбай жыл толды деп өткізеді. 

– Негізі бұл концертті беремін деген ой жоқ еді. Балам себепкер болды. Оның үстіне былтыр пайғамбар жасына келіп, биыл сол жастан шықтым. 64-ке толып, 65-ке кеттім, осы күніме тәубе деп, оның үстіне әйелімнің қайтыс болғанына 2 жыл болды, соған арнап «Махаббат балладасы» деген жаңа туынды дайындап отырмын. Негізі мүлдем жоспарда болмап еді. Содан менің балам да концерт берейік деп қоймады. Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізіп, концерттен түскен қаржыны қайырымдылық мақсатта жұмсасам деп отырмын.
– Бұл концертке кімдер қатысады? Қандай бағдарлама болады? Көрерменді немен қуантпақсыздар?
– Бұл концерт – мені біріншіден, дирижер, екіншіден, композитор, ал үшіншіден, аранжировщик ретінде, төртіншіден, музыкант, бесіншіден, ұстаз ретінде көрсетейін деп отыр. Бұл жерде оркестрге арналған аспаптарды алып шығамын. Бұрынғы танымал әндермен қатар жаңа туындылар орындалады. Дирижерлық қырымды көрсетуге баса мән бердік. Концертте ең жақын достарым өнер көрсетеді. «Жетіген», «Мюзикола», Ж.Жексенұлы, М.Арынбаев, Д.Сейітжанов, Сая Маханбетқызы, Е.Әбішев келеді. Барлығы да оркестрмен айтады.
– Концертте дирижерлік қырымнан көрінгім келеді деп айтып отырсыз. Сізді осы әдеттегі дирижерлер сияқты емес, «нестандартный дирижер» дейді. Сонда өзгелерден ерекшелігіңіз неде?
– Дирижерлардың көбісі практик емес. Себебі, музыкант деген ансамбльде ойнау керек. Осы тәжірибеден өткен адам оркестрдің ішкі құрылымын жақсы біледі. Ал дирижерлықты оқыған, бірақ практикасы жоқ адам оны сезінбейді. Ол үшін ыстығына күйіп, суығына тоңу керек. Ол әннің аранжировкасы қалай жасалатынын түсіну керек. Мен аранжировка жасаған кезде әр аспаптың табиғатын түсінуге тырысамын. Қырық жылдан астам уақыт осы іспен айналысып жүрмін. Жалпы мен оқуды бітірген кәсіби дирижер емеспін. 1979 жылға дейін Қазақстанда болған жоқпын. Ресейде, Украинада жұмыс істедім, шетелде жүрдім. Роза Рымбаеваны Тасқын Оқапов «Гүлдер» ансамблінен жеке бөліп алған кезде мен Украинада жүргенмін. Нағима Есқалиева қоңырау шалып, «бізге «Гүлдер» ансамбліне кел» деп шақырды. Мен «екі баламмен қайда тұрамын?» дедім. Ол ертесі хабарласты. Марқұм директор Қабидин Кенжебекұлы Тұяқаев «тұратын пәтер бар» деді. Содан сыртта қашанғы жүремін деп, Харьковтен келдім. Нағима өзі қарсы алды. Кейін 1981 жылы мені қайтадан Мәскеуге шақырып, алып кетті. Вилен Василиевич Головко деген режиссер. Сол кезде пәтерді Мәдениет министрі болған Қанат Саудабаев атыма жазып берді. Тасқын Оқаповтан кейін «Гүлдерге» бас дирижер болып бардым. Кейін 1984 жылы «Досмұқасанға» шақыртты. Ол жақта музыкалық жетекші болдым. Сол уақытта Мақпалды «Гүлдерден» жеке бөлді, біз сол кезде «Назерке» деген ансамбль құрдық. Жетекші болдым ол жақта да. 1992 жылға дейін Мақпалмен қызметтес болдым. 1992 мен 2011 жылға дейін циркте бас дирижер болып істедім. Ортасында жеті жыл Алматы қаласының эстрадалық симфониялық эстрадасының бас дирижеры болдым. Ахмет Жұбанов атындағы мектепте эстрадалық-симфониялық сынып аштым. Қазір құдайға шүкір, қазақтың қарадомалақ балаларын джаз стиліндегі музыкаға үйретіп жатырмын. Және гитарадан сабақ беремін.
– Өнер жолына қалай келдіңіз? Кішкентай кезіңізден өнерге жақын болдыңыз ба?
– Мен композитор, музыкант, аранжировщик боламын деп ойлаған жоқпын. Үсіп деген нағашы атамыз болған. Есекке мініп алып, қобызымен ауыл-ауылды аралап жүретін. Сол қылқобызды атам Жаппас Қаламбаевқа берді. Жаппас Қаламбаев еңбек сіңірген әртіс болатын. Негізі мен 10-сынып бітіргенше клоун боламын деп армандадым. Гитараны да жақсы көрдім. Ауылда көршіміздің гитарасы болатын. Сол кісіден біраз нәрсе үйрендім. Содан әскерде жүргенде Абрамов деген ефрейтордан гитараны үйрендім. Кейіннен оның айтуымен Луговойдағы мәдениет үйіне жұмысқа тұрдым. Сосын 1969 жылы үйлендім. Таныс грек барабаншысы болатын. Ол бір күні «Шымкентте музыкалық училище бар, соған барайық» деп ұсыныс жасады. Әйеліме айтып едім, ол «білім алуың керек» деді. Ол маған бар өмірін арнаған адам. Содан оқуға барып, түсіп кеттік. 2-курста өзіміздің «Степные маки» деп аталатын тобымызды құрдық. Көпшілігі орыстар болды. 1974 жылы Мәскеуде өнер көрсетіп, екінші орын алдық. Сол кезде аранжировкасын жасап, өзім басқардым. Гитараны да ешкім үйреткен жоқ. Ол уақытта көп нәрсеге тыйым салатын. Ал қазір бәрі бар. Балаларыма «өнерге деген махаббат жеткіліксіз, өнерді шексіз сүю керек» деймін. Мәселен, футболшылардың жанкүйерлерін алайық. Олардыкі нағыз фанатизм.
– Сіз әнді қалай жазасыз?
– Мен кәсіби музыкантпын. Ешқандай аспаптың көмегінсіз аранжировка жасаймын. Бұл да Алланың маған бергені шығар. Мұның бәрі еңбекпен келеді. Мен әрбір әнге кәсіби дайындықпен барамын. Бір күні Асқар Наймантай мен Ералхан Әбішев екеуі маған келіп: «Бүгін менің туған күнім» деген концерттің соңғы әні жоқ деп, Мұқағалидің «Үш бақытын» берді. Оқысам, керемет өлең. Үйге келіп, қайтадан бірнеше рет оқып, әуенін 10 минутта жазып шықтым. Асқарға қоңырау шалып, «ән дайын» десем, олар әлі кеңселеріне де жетпепті. Мұқағалидің өлеңдеріне әуенді жаман жазуға құқым жоқ. Негізі менің Мұқағалидің сөзіне жазылған екі-үш қана әнім бар. («Адасқан шағала» мен «Үш бақытымды» әндетіп айтып берді)
– Украина мен Мәскеуге жолыңыз қалай түсіп жүр?
– Қазақ циркімен бардым. Вилен Василиевич деген Москва Олимпиадасын өткізген, СССР-дің 70 жылдығын Үндістанда өткізген режиссер қазақ циркінде вокальдық-аспаптық ансамбль құрды. Бұл бұған дейін циркте болмаған дүние. Сейдолла Бәйтереков, Нағима Есқалиева, Тахир Ибрагимов, Марат Ищанов бірігіп, «Медеу» деген ансамбль құрдық. Бірақ Мәскеуге кетіп, оның бәрі қалды. Мен «Степные Макиді» қолға алдым. Композиторлық қырым сол кезде ашылды. Бірақ қазақша жаза алмайтынмын. 1979 жылы Алматыға келгенде Шаханов ағамен көрші болдым. Шешесі үйге келіп тұратын. Бір күні музыка жазып отырсам, менің балам ақын деп үйіне шақырды. Ауылда өссем де білмейді екенмін. Шаханов маған «қазақша жаз» деп, «Қорықпаймын түсінігі жоқтардан, қорқамын жүрегі жоқ адамдардан» деген өлеңін берді. Бір жыл жүріп әрең жаздым. Бұл менің қазақша жазған бірінші әнім. Кейін 1984 жылы «Досмұқасанда» жүріп жаздым ғой. Ақжол екеуіміз «Тамашаға» осы әнмен бірінші рет шықтық. Әнді халық жақсы қабылдады. Қазақша жазу осылай басталды ғой. «Қуыр-қуыр қуырмашты» Қытайда халық әні деп айтады екен. Оны Өкім Жайлау екеуіміз жазғанбыз. Бекішов осы әнмен атақты болып кетті. Қазақтың стилистикасын түсіндім. Ералханның «Назеркем», «Тамашаның» әнұраны – менің туындыларым.
– Сіз 200-ден астам әннің авторы екенсіз?
– Санамаппын. Мен сапалы жазғанды жақсы көремін.
– Оркестрге арналған музыкалық туындыларыңыз бар ма?
– 70-ке жуық туынды бар шығар. Циркте жүргенде көп жаздым ғой. Шетелде, Еуропада, Бельгияда, Голландияда, Германияда, Америка Штаттарында көп орындалды.
– Қазақстанда циркке арнап ән жазатын адам жоқ дейді?
– Мен қазақ циркіне арнап бірінші болып музыка жаздым. Бәрі дәстүрлі қалыппен жазып келді. Ал мен сол сүрлеуді бұздым.
– Сіздің өзіңіздің немесе сіздің араласуыңызбен құрылған қанша ансамбль бар?
– Ең алғаш Шымкентте «Степные Маки», сосын Мақпалмен бірге «Назеркені» құрдық. «Гүлдер», «Досмұқасандарға» үлесімді қостым ғой.
– Мақпалдың орындауындағы «Деме сен» деген әні бір кездері хит болып еді...
Манастың 1000 жылдық тойында 3 президент қатар отырған кезде Мақпал «Шопан атаға хат» деген әнімді айтты ғой. Мен екі әнді Мақпалдың стилистикасына арнап жазғам. Бір заңдылық бар. Өмір бойы өз әнін таппай кеткен әншілер болады. Әр әнші бұл өмірде өз әнін табу керек. София Ротару «Мой город», Роза Рымбаева «Әлиямен» танылды. Содан кейін не айтамын десең де, халық тыңдай береді. Ән таңдай білу керек. Мен Мақпалдың жетекшісі болып жүрген кезде ол «Алтайдың ар жағынан келген аруды» домбырамен айтып жүрді. Халық онша қабылдаған жоқ. Ол кезде оның уақыты әлі келмеген болатын. Кейіннен Сәкен Қалымовтың орындауында халыққа қалай танылды.
– Композитор үшін әннің бағының ашылғаны бірінші орында тұрады. Ал кейде әнші таңдауда сәтсіздіктер де болады ғой?
– Әрине. Ән мен әншіде үйлесімділік болған кезде ғана хит туады. Өлең мен ән үйлесіп, орындаушысын тапқан кезде ғана жақсы ән шығады. Көп ән бар. Кез-келген әншіге ұнайды. Бірақ ол оның әні емес. Қанша айтсаң да, келмейді. Орындаушысын табу керек.
– Қазір әншілер көп. Кәсіби болсын, әуесқой болсын. Бірақ өз әнін таба алмайды...
– Білім алмайынша болмайды. Саған ән жазу ұнағанымен сен ол істің маманы емессің. Қазақ эстрадасын Заттыбекпен өлшеу дұрыс па? Біздің деңгейіміз осы ма? Жеткен жеріміз «Мария Магдалена» ма? Бұл әндер хит боп кетті, себебі, халықтың музыкалық білімі жоқ қой. Ал халықты біз үйретпесек, кім үйретеді?
– Бұл енді халықтың талғамының төмендігін байқатады. Екінші жағынан халық әншілердің айтқанын қабылдай береді. Мүмкін талғам қалыптастыру керек шығар?
– Ой салатын әндер тойда айтылмау керек. Ішкен адамның көңіл-күйі бөлек қой. Әннің құдіретін түсінбейді. Жақсы әндердің барлығы концертте. Жақсы әнге тыныштық керек. Өлең мен ән үйлесімді болып, тыңдаушы керемет қылып орындаса, халық талып түседі.
– Мұндай ән тойда тапталмай-ақ қойсын дейсіз ғой сонда?
– Иә. Әр әннің өз аудиториясы бар. Әр әннің өзінің орны болады. «Мария Магдаленаны» опера театрында айтқызбайды ғой. Тойда жүре берсін. Ол деңгей. Мысалы «Московские вечера», «Құстар қайтып барады» немесе «Куә бол» дейтін өлмейтін әндер бар. Бұл әндерді тойдың әндерімен салыстырудың қажеті жоқ. Ертең жеңіл-желпі әндер ұмыт қалады.
– Сіздің туындыңыздыңыздың ішінде өзіңізге жақыны қандай?
– Циркке арнап жазған алғашқы әнім. Каучукке арнап жазған әнім сәтті болды. Негізі аты да жоқ. Нағима Мәскеуде керемет қып орындады. Содан кейін «Балалық шақпен қоштасу», «Сағыныш тамшысы» жақын. Әр әннің тарихы бар. Мен таза қазақша да, батыс стилимен де жаза аламын. Менің аранжировкаларымды бүкіл Қазақстан ойнайды. Бұндай материал ешкімде жоқ. Негізі стилім джаз-рок. Ол ең қиын стиль. Бірнеше жыл бұрын «Қара жорғаны» жасағанмын. 8 минуттық композиция. Ортасына аттың шабысына дейін қостым. Нұрғиса Тлендиев ағамыздың «Өз елім» әніне де композиция жасадым. 6 минуттық. Тыңдағандардың барлығы жақсы баға берді.
– Шәкірттеріңіз бар ма? Қанша бала оқытып жатырсыз?
– Гитарист балаларым көп. Менің оқушым бүкіләлемдік байқауда 2-орын алды. 4 жыл бойы дәріс алды. Айнаның алдына отырғызып қойып оқытқан балам. Өзінің группасы бар. Шәкірттерім көп. Ал аранжировка жағына келсек, Сейфуллин Жолбарысқа, Дүйсенхан Сыздықовқа, тағы да басқа қазақтың балаларына келіңдер, үйретейін дедім. Сейфулин көрген жерде келу керек еді дейді. Бәрі компьютермен үйренгендер. Ал менің оқушым Башкатов осы концертте дирижер болады. Мен гитарада ойнаймын. Қазақтың музыкаларының көбісін джаз стиліне келтірдім. Өйткені, қаным қазақ. Америкада олардан асып ойнай алмаймыз. Біз оларды өздерінің музыкасымен таң қалдыра алмаймыз. Қазақ сияқты домбыраны ешкім ойнай алмайды. Егер олардың стилімен қазақтың музыкасын өңдесек, олар қандай музыка деп таң қалады. Өзіміздің музыкамызды өзіміз көтермесек, ешкім көтермейді. 25 жыл бойы тіліміз өз дәрежесіне жете алмады. 25 жылдың ішінде қиын деген қытайдың да тілін үйренуге болады ғой.
– Ол енді ынтаның, қажеттіліктің жоқтығынан. Сізде музыкаға деген өзгеше сезім, рух бар. Сол сияқты адамның тілге деген бір ынтасы болуы керек.
– Менің оркестрімде еврейге дейін отырды. Білімім төмен болған кезде отырмас еді. Мені деңгейім өте жоғары болды. Білімді болсаң, сені бәрі мойындайды.
– Қазір циркте шәкірттеріңіз қалды ма?
– Қазір циркте оркестр жоқ. Мен жұмыс істеген оркестрдегі балалардың барлығы менің шәкірттерім. Бәріне үйретемін.
– Қазір олар қандай музыкамен шығып жүр?
– Әр қойылымға фонограмма жасап қойған. Бұл негізі дұрыс емес. Қарағандының, Шымкенттің циркінде әлі оркестр бар. Астанада да бар. Жоғарыда жаны ашитын, түсінетін адам болуы керек.
– Сіз колледжде сабақ беріп жүрсіз. Жастардың деңгейі қандай?
– Гитараға бейім жастар көп. Интернет арқылы-ақ мені тауып келеді. «Байкөзовтың гитара үйрету мектебі» деп, менен дәріс алғысы келетіндер көп екен, байқағаным.
– Арнайы оркестрге арналған туындыларыңыздың жинағы бар ма?
– Жоқ. Ноталардың барлығы үйде.
– Неге енді жинақтамайсыз?
– Уақытым жоқ.
– Отбасыңыз жайлы айтсаңыз...
– 3 балам бар, әйелім 2 жыл бұрын қайтыс болды. 42 жыл бірге өмір сүрдік. Менің өнеріме бар өмірін арнаған жан еді, бүгінде оның орнын ешкім баса алмайды. Бірақ өмір болған соң бәріне көнесің.
– Баларыңыз әндеріңізді жинап, халыққа жеткізбесе, біз, бізден кейінгі ұрпақ естімей, нота күйінде қалады ғой...
– Мен әндерімнің қандай екенін білемін. Олар біркүндік әндер емес.
– Концерттен кейін әнжинақ шығару жоспарыңызда бар ма?
– Балам шығарып бермесем деп жүрген. Көрерміз енді.
– Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз, немерелеріңіз бар ма?
– Әзірге жоқ. Кенже қызым осы концертте ән айтады.
– Клоун болсам деп армандадым дедіңіз. Өмір сізді музыка жағына алып келді. Өкініш бар ма?
– Жо-жоқ. Бұның барлығы Алланың берген таланты. Еңбекқор болмасаң түк шықпайды.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста