Дәстүрлі әнді, сырлы әуенді, сыршыл сезімді аңсасаңыз, халық әндерінің кәусарына қанып, Абайдың, Біржан мен Ақанның әндерімен сусындағыңыз келсе, Астанадағы «Назарбаев орталығын» бетке ал, ағайын! Мамырдың 30-ы күні осы орталықта белгілі әнші Нұрай Танабаевтың «Әнім менің – сырласым» атты шығармашылық ән кеші өтеді.
Атадан балаға жетіп, қаншама ұрпақтың құлақ құрышын қандырған дәстүрлі ән-жырымыз бабалар тарихын, мұңы мен арманын арқалаған ақпаратқа толы екені сөзсіз. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақтың бойына біз осынау асыл нәрімізді толық сіңіре алып жатқан жоқпыз. Өйткені халық әндері секілді баға жетпес байлығымыздың насихаты аз. Сол себепті де біз осы кештің алдында әншіге арнайы жолығып, халық әндерінің орындаушысын тағы бір таныстыра кеткенді жөн көрдік. Ән айтуда өзіндік орындаушылық мақамымен ерекшеленетін Нұрай Танабаевқа бұл өнер кіндік қаны тамған өңірден жұғысты болған секілді. Өйткені ол Күләш, Манарбек, Мағауия Хамзин секілді дарындар туған өңірде, Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген болса, екінші жағынан Әсет Найманбаевтай дүлдүл әншінің тікелей ұрпағы ретінде де бойында асылдың сынығы бар екені анық. Сондықтан да болар, алдыңғы толқын ағалардың өнегелі мұрасымен сусындаған Нұрай да өнердің өріне қанат қағады. Қоңырат ауылынан түлеп ұшқан ол Алматыдағы эстрада-цирк өнер студиясына Жәнібек Кәрменовтің класына түсіп, кейіннен Қайрат Байбосыновтай ағасының тәлімін алған екен.
«Өнердегі алғашқы еңбек жолымды жолдамамен 1989 жылы Жезқазғанға, филармонияға барып бастадым. Осында театрдың режиссері Жанат Қажиев деген ағамыз мені тыңдап көріп, театрға «Қыз Жібек» спектакліндегі Шегенің рөліне шақырды. Сөйтіп, Шеге рөлі арқылы алғаш рет театрмен қауышып, актерлік өнерге ауысып кеттім», – деген Нұрай Ерлісұлы Астанаға да Целиноград болып тұрғанында, 1991 жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры ашылғанда Жақып Омаровтың шақыруымен келіпті. Осы театрда жүріп талай кейіпкердің рөлін ойнағаны өз алдына, Оразбек Бодықовтың «Айналдым, ақмаңдайлым» пьесасы бойынша Қазақстанда бірінші болып Шәмші Қалдаяқовтың рөлін сомдаған да – өзі. Осылайша, Қаллеки шаңырағына біраз жыл қызмет еткен Нұрай Танабаев өзі айтпақшы, «ат айналып қазығын табады» деп, 2009 жылы әншілік өнерге қайта оралып, Астана мемлекеттік филармониясына ауысады. Бірақ бұған қарап, 2009 жылға дейін әншіліктен қол үзіп қалыпты деуге тағы негіз жоқ. 1992 жылы театрда істей жүріп, Ақмолада өткен Әміре Қашаубаев конкурсының лауреаты атанғаны да сол сөзіміздің айғағы.
Нұрай Танабаев, әнші, Астана мемлекеттік филармониясының Халық әні бөлімінің солисі:
– Бұл менің жеке шығармашылық ән кешім. «Сарыарқа» ұлт-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен осы кеште халық әндері мен халық композиторларының әндерін, Абайдың, Біржанның, Ақан серінің әндерін орындамақпын. Оның ішінде Нұрғиса Тілендиевтің де әні бар. Сол секілді Жақсыкелді Сейілов ағамыздың кейінгі кездері көп орындала бермейтін, сөзін Қайырбек Сәдуақасов деген ағамыз жазған «Сүйінші» деген әнін де бар нәрімен халыққа жеткізбекпін.