Қазақтың қасиетті қара домбырасының қос ішегінен төгілген қоңыр күйді құдіретті даланың әнұранына айналдырған дара тұлға, Халық Қаһарманы, Кеңестер Одағының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына биыл – 85 жыл. Аты аңызға айналған сазгердің мерейтойына және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай таяуда Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің «Нұрғисаның сағындырған әндері-ай» деп аталатын концерті өтті.
Кешегі өткен бабаларымыз сыйлаған Жеңістің жемісін көріп, бейбіт елде өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ қазақтың Нұрғисадай біртуар перзентінің әсем әнін, күмбірлеген күйін тыңдап, концерттен ерекше әсер алып қайтты. Жасанды қызыл-жасыл әуен емес, оркестрдің орындауындағы нағыз «құлақтан кіріп, бойды алар» сырлы сазды әуен көрерменге естен кетпес музыкалық кеш сыйлады. Ән мен күйдің астанасы Алматыда өткен мерекелік шараға қала әкімі Ахметжан Есімов және қоғам, өнер қайраткерлері арнайы келіп қатысты. Мәдениет министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және Н.Тілендиев атындағы халықаралық қор ұйымдастырған концертте Қазақстанның Халық әртістері Майгүл Қазтұрғанова, Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жәмила Баспақова, Ермек Әбілдаев, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Дина Хамзина, Н.Тілендиев атындағы байқаудың жеңімпазы Мұрагер Сауранбаев және тағы басқа әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ мерекелік кешке сазгердің өмірдегі, өнердегі достары, әріптестері, шәкірттері келді.
Нұрғиса Атабайұлы Қазақтың «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық музыкалық аспаптары оркестрін 1980 жылы Қазақ филармониясы жанынан ұйымдастырған болатын. Алғашында шағын ансамбль ретінде жұмыс істеген музыкалық ұжым 1982 жылы үлкен оркестрге айналды. Оркестрдегі қос ішекті, үш ішекті, шанақты және шіңкілдек домбыралар, қобыз, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, шертер, адырна, даңғыра, сыбызғы, саз сырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ және тағы басқа аспаптардың орындауындағы шығармалар ұлттық нақышымен ерекшеленеді. «Отырар сазының» репертуарында халық күйлері, халық композиторлары және осы заманғы қазақ сазгерлерінің шығармалары жетерлік.
Көптеген біртуар ұлы тұлғалардың соңында шәкірті болғанымен, бір өкініштісі, ізін жалғайтын ұрпағы қалмай жатады. Бірақ бұл Нұрағаңа қатысты емес. Өйткені Нұрғиса Тілендиев – бақытты әке. Бүгінде Нұрғиса Атабайұлы негізін қалаған «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Динара Тілендиева әке жолын жалғастырып, өнер айдынында еркін жүзіп келеді. Ал Нұрғиса Тілендиевтің өмірлік жары Дариға Тіленді келіні – сазгердің асыл мұрасының қорғаушысы, бірнеше күй мен әннің авторы.
Сара Тыныштығұлова, ҚР Халық әртісі:
– Менің Нұрғиса ағамыздың «Алатау» әнін орындағаныма биыл 40 жыл толды. Бұл әнді мен Мәскеудегі Үлкен театрда симфониялық оркестрмен айтқанмын. «Алатау» менің репертуарымнан ешқашан қалған емес. Одан басқа мен Нұрағаңның «Әкеме», «Бауырым», «Құстар әні» секілді әндерін айттым. Ол кісінің әндерінің бәрі – халықтың жүрегінен терең орын алған философиялық, тарихи, лирикалық музыка. Нұрғиса Тілендиевтің сахнаға шығып, дирижерлік етуінің өзі – бір тарих. Ғаламат композитор көзі тірісінде де аса құрметке ие болған адам. Нұрағаңның әндері музыканың барлық саласында, опералық, камералық, эстрадалық салаларда орындалады. Қазақ бар жерде Нұрғиса аға мәңгі жасайды деп ойлаймын.
Нұрғиса Тілендиев – өнердің әр саласында өшпес із қалдырған тұлға. Театр және кино өнеріндегі шоқтығы биік шығармаларының көпшілігі Нұрғиса Тілендиевтің есімімен тікелей байланысты. «Қазақфильмнің» ең алғашқы мультипликациялық туындысы – «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмнен бастап, қаншама көркем фильм Нұрағаңның әсем музыкасымен жанданды. Бүкіл әлемге танылып, мақтанышымызға айналған «Қыз Жібек» фильмін Нұрғисаның күйлерінсіз елестету мүмкін емес. Оның ішінде «Аққу» күйінің орны ерекше. Домбыраның әсем үнін айдындағы аққу етіп қалықтатқан Нұрағаңның торқалы тойы құтты болсын, ағайын!
Қаперге
Нұрғиса Тілендиев 50-ден астам драмалық және балеттік спектакльдерге, 19 көркем, 17 мультипликациялық және 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазған. 400-ден астам ән мен романстың авторы. Сондай-ақ дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Әлқисса», «Қорқыт ата туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Нұрсұлтан» тағы басқа күйлердің авторы.