Атышулы "Ninety one" тобы келесі жылдан бастап АҚШ-тың белді продюсері Рон Визнермен жұмыс істейді. Ол Мадонна, Майкл Джексон сынды әлемнің жарық жұлдыздарына продюсер болған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Ерболат Express Qazaqstan тілшісіне 91 тобы мен америкалық продюсер арасындағы келісім-шарт бір жарым жылға жасалғанын айтты. Бірақ келісім-шарттағы талаптар орындалмаса кез-келген уақытта оны бұза алады.
"Ұсыныс негізі екі жақтан да болды. Біз бір-бірімізді іздеп жүрдік. Демек бір ойдың тоғысқан жері деп айта аламын. Мен АҚШ-тан қазақ әншілеріне продюсер іздедім. Ол кісі Қазақстаннан әнші іздеп жүрген екен. Сондықтан бұл бір жақты емес, екі жақты. Бір жарым жылға ғана келісім-шартқа отырдым. Келісім-шарт бойынша кез-келген уақытта шығып кетуге болады. Еш қиындығы жоқ. Сондықтан бұл коллоборация өте жеңіл", — дейді Ерболат Беделхан.
©️ЭК/Андрей ХАЛИН
АҚШ-тың шоу-бизнесін жаулау үшін 91 тобы ағылшын тілінде ән салады. Топтың бағыты өзгеретіні туралы продюсер Ерболат Беделхан журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға Ninety one-ға продюсерлік ететін компанияның бас директоры Дэвид Рейносо және халықаралық деңгейдегі биші Аманди Фернандес қатысты.
Әнді ағылшын тілінде жазамыз. Америкалық топ ретінде таныстыруымыз керек. Топ танымал болған сәттен бастап қазақ тілінде ән салуы мүмкін, — дейді Дэвид Рейносо.
©️ЭК/Андрей ХАЛИН
Бұл елде корейлік BTS тобы өте танымал екен. Америкалық продюсерлер 91 тобын да сол деңгейге жеткізу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
Басты мақсат — "Ninety one" тобының жұлдызын жағу. Қазір қызу дайындалып жатырмыз. Арнайы би қимылдарын қоюдамыз, — дейді Аманди Фернандес.
©️ЭК/Андрей ХАЛИН
Биші Аманди Фернандес белгілі поп-әнші Бейонсе, Дженнифер Лопес, Рианна, Крис Броундармен жұмыс істеген. "Ninety one" тобы қазір күйтабақ дайындап жатыр. Бұл олардың қазақ тіліндегі соңғы әнжинағы. Топ АҚШ-қа келесі жылдың басында аттанбақ.
Біз бір жола көшіп кетпейміз. Тек жұмыс бабымен ғана барамыз. АҚШ-пен ғана шектеліп қалғымыз келмейді. Көрші Ресейдің де шоу-бизнесінде бағындырғымыз келеді. Ол жақтан жақсы ұсыныстар күтіп отырмыз, — дейді Ерболат Беделхан.
©️ЭК/Андрей ХАЛИН