Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Философия және саясаттану факультетінің оқу ғимаратында Алматы қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен нәсілдік кемсіту мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Отырыста еліміздегі нәсілдік кемсітудің жай-күйі мен жою жолдары, сонымен қатар оған қатысты ислам дінінің көзқарасы қарастырылды.
Қазақстан Республикасы – Біріккен Ұлттар Ұйымының Нәсілдік кемсітудің барлық нысандарын жою туралы халықаралық Конвенциясына қол қойған мемлекеттердің бірі. Осы орайда Қазақстан жүйелі түрде БҰҰ сессиясында еліміздегі аталған мәселеге қатысты жүзеге асып жатқан іс-шаралар жөнінде есеп беріп отырады. Қазақстан Республикасының есебіне БҰҰ-ның Нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі комитеті оң бағасын беріп, ұйым сарапшылары Қазақстанда әртүрлі этностық топтар мен конфессиялардың бейбіт жағдайда қатар өмір сүруіне қажетті жағдайларының жасалғанына ризашылығын білдіріп келеді. Нәсілдік кемсітуді жою жөніндегі БҰҰ комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметі де кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Дөңгелек үстелге Алматы қаласы Дін істері департаментінің директоры Ершат Оңғаров, АҚШ-тың Огайо университетінің профессоры Джеймс Патрик, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы діни оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков, мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Ербол Сағиұлы, уағыз-насихат бөлімінің қызметкері Ұтысхан Алтынбек, ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы, профессор Әлия Масалимова бастаған философия және саясаттану факультетінің оқытушы профессорлары мен еліміздің белгілі ғалымдары қатысты.
Саягүл Әлімбекова, Ұлттық журналистік зерттеу орталығының сарапшысы:
– Қазақстан бүгінде Орталық Азияның жетекші мемлекеті атанып отыр. Ол – беделге ие болу еліміздің БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, АӨІСШК, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ сияқты ұйымдардағы белсенді жұмысының жеңісі. Бұл, әрине, Қазақстанның бірлігі жарасқан ел екендігінің айғағы, яғни мұндай түсініктеме қалыптасқан ел өзінен-өзі нәсілдік кемсітушіліктен ада екендігін дәлелдеп тұр. Бұл, әрине, ең алдымен бейбіт, ынтымақ, бірлік сияқты ұғымдарға келіп саяды. Өзара төзушілік пен өзара құрмет – біздің қоғамымыздың айрықша белгісі.
Смайыл Сейтбеков, ҚМДБ діни оқу – ағарту бөлімінің меңгерушісі:
– Құранда «Сендерде түрлі нәсілге, ұлтқа бөліп жараттық, бұл өз-өздеріңді тану үші» деп жазылған. Яғни барлық адамзаттың құқы бір деген сөз. Жаратушы иеміз бөлектеніп өмір сүруге емес, керісінше, бір-бірімізбен бауыр болып, ізгі ниетте араласқанымызды қалады. Аллаһ тағаланың алдында адам нәсілімен емес, діндарлығымен, хақ жолына шын ықыласпен берілгендігімен салмақталады. Сондықтан мейлі ақ болайық, қара болайық, тегімізге қарамастан бір-бірімізбен бауыр болғанымыз жөн.
Джеймс Патрик, АҚШ-тың Огайо университеті профессоры:
– Қазақстан Республикасының өзге мемлекеттерден ерекшелігі өте көп. Салт-дәстүрі, тілі мен дініне өте салмақтылықпен қарайтын, бір-бірімен нәсілге бөлінбей, бір шаңырақтың астында ұйыған отбасыдай бірлігі жарасқан ел екенін аңғардым. Әйтсе де, кейбір жағдайда әлемде әлеуметтік теңсіздіктер мен өзге де қылмыстарды нәсілдік кемсітушілікпен шатастырып алатынымыз бар. Шынтуайтына келгенде, олардың астарында қандай да бір нәсілдік мәселелері жатпауы мүмкін. Сондықтан бұған барынша терең қарауымыз керек. Ал Қазақстанға келер болсақ, бұл мәселелер әрдайым сараланып, алды алынып отырады. Оған мен осы елде жүрген кезде көзім анық жетті.
ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы, Дінтанулық зерттеулер және экспертиза орталығы мен Ұлттық журналистік зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстел мәжілісінде ғалымдар «Қазақстан – нәсілдік кемсітушіліктен ада мемлекет. Дегенмен жаһандану заманында оның кескіні өзгеріп отыратыны жасырын емес. Сондықтан бұл тақырып ылғи зерттеп, зерделеп отыруды қажет етеді» деген тұжырымға келді. Әлем алдындағы осы тәжірибемізге нұсқан келтірмес үшін жаңа әдіс-тәсілдер мен зерттеулердің тұжырымдары жасалыну керектігі айтылды.
Нәсілдік кемсіту мәселелері талқыланды
Последние статьи автора