«Нағыз Қастеевті» сұрыптау қиын ба?

Қойға қасқыр шапса, қазақ үшін ең басты қай­ғы болушы еді бұрын... Дәл сон­дай шабуылды қазақ бүгін қоғам «қасқыр­лары­нан» тартып отыр. Нақтысына көшсек, редакциямызға күтпеген қоңырау түсті: «Әкемнің туындыларына қиянат жасалуда» деп алты Алаштан араша сұраған Гүлдария Қастеева екен. Әйгілі тек­ті ә дегеннен-ақ танып тұрған шығарсыз, демек, қиянат қазақ­тың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевке жасалып отыр. Бір емес, екеу де емес, 46 (назар аударыңыздар! – Авт.) бірдей кар­ти­на­ға «Қастеев» деп қасқайтып тұрып қол қоюға, Әбілхан­дай ата­мыз­дың аруағынан сескенбеген қай «жүрек жұтқан» болды екен?..
Бесігінен бояу исін сезіп өскен Гүлдария Әбілханқызы – әкесінің әрбір жұмысын жат­қа білетіндіктен, тіпті түн ортасы ұйқы­дан оятып сұраса да, әкесінің қолтаңбасын айнытпай танып бере алатын перзент. Мі­не, сондықтан таяуда, яғни қыркүйек ай­ын­да Гүл­дария Қастееваны әкесінің атын­дағы өнер мұражайына шақырғанда, әл­де­бір жайтты көріп, талып қала жаздаған.


Гүлдария ӘБІЛХАНҚЫЗЫ:
– 46 картина­ның тым құры­ғанда бірі әкем­нің қолынан шық­қан болса-шы... Өнер мұра­жайы қыз­мет­кер­лерінің өз­де­рі күмәнмен қа­ра­ған соң, мені ша­қыр­са ке­рек. Оларды әкеп та­быс­таушы кол­лек­ционерден: «Бұл суреттерді қай­дан ал­ды­ңыз?» – деп сұрасам, әр қолдан сатып алғанын айт­ты. Мейлі қайдан алса да, оның қандай қолтаңба иесіне жататын­дығын айғақ­тайтын сарапшы маманның шешімі болуы керек қой?.. Со­ны сұрап едім, сараптамалық құжат соңында өнер­танушылар арасында құр­метке ие, әйгілі эксперт Надежда Полон­ская есімі тұр. Мен ол кісінің Әбілхан Қас­теев қол­таң­басын танитынына еш кү­мәнданған емес едім, бірақ дәл мы­на­дай әкеме үш қайнаса сорпасы қосыл­майтын дүние­лерде ол кісінің қолы тұр­ғанына таңғал­дым. Бірақ мен, мен ғана емес, Қастеев балаларының көзі тірілері түгел қарап шық­тық, аталған жұмыс­тар­дың бірде-бірі әкемдікі емес, біз ол кісі­нің қаламмен қалай сызып, бояуын қа­лай жағатынын, қыл аяғы қолын қай кар­тинаға қалай қоятынына дейін өзі­міздің бес сауса­ғы­мыздай білеміз. Әлгі суреттерді әбден жі­ті қарап шыққаны­мыз­да, бірімізде де «мүмкін, әкеміз сал­са салған шығар?» деген күмәнді сұрақ туған жоқ. Және бұл – бірінші жағдай емес. Осыдан біраз уа­қыт бұрын бір көрмеде болдым. Жаға­лай ілінген су­рет­терді шолып жүр ем, қарасам, арғы­маққа мініп, жауға атой­лап бара жатқан Амангелді батырдың суреті тұр, астына әдемілеп тұрып әкем­нің қолын қойыпты. Әкеміздің Амангелді Иманов портретін жасауға бір емес, са­на­лы ғұмырының та­лай жылын беріп, қан­шама күн-түн көз­майын тауысқанын білесіздер. Бірақ әлгі көрмедегі карти­нада мүлдем ол емес!
Иә, ешбір фотосуреті қалмаған қазақ­тың білдей бір батырын салуға, бәлкім, бас­қа біреу болса «сол да қиын боп па, тәйірі?» дер ме еді, бірақ Әбілхан Қастеев ел артқан аманаттың ауыр жүгін сезінген­діктен ол портретті салуда көп ізденді. Қас­теевтің «Түрксібінен» бастап «Амангел­дісіне» дейін білмейтін Алаш баласы жоқ шығар, сірә!.. Олардың бәріне ортақ бір қол­таңба, қазақы бояу бар ғой. Егер Әбіл­хан Қастеевтің ішкі жан дүниесіне бойлай алған адам болса, оған жат дүниені бірден аңғаратынына күмән жоқ. Сол көрмеде де «Амангелдіден» бөлек, Қастеевтің қолын айнытпай қойған тағы он шақты жұмыс тұр­ған. Олардың бірде-бірінің Қастеевке қатысы да жоқ екенін айтады қызы.

Әңгіме барысында байқағанымыз – Әбіл­хан Қастеевке «қармақ салу» сурет­шінің 100 жылдық мерейтойы болған 2004 жылдан басталып кеткенге ұқсайды. Себебі содан бері Гүлдария Қастееваның алдына бір жылда кем дегенде бес-алты картинаны алып келіп, оның шын әкесінікі ме, емес пе – соны айырып беруін өтінеді ек­ен. Сонда шын жұмыстар өте сирек ұшы­расқанын айтады аяулы перзент.
– Саналы ғұмырында әкеміз 4000-дай сурет салыпты, сызбаларды, этюд­терді қос­қанда одан да көп. Содан өзі­міздің от­ба­сылық мұрағатта қалғаны – 300-400 жобасында. Ол кісі көзі тірі­сінде, рас, же­ке­леген адам­дарға сурет­терін сыйлады, колхоз-сов­хоздар мен фабрикалар тап­сырыс беріп те жасатты. Ондай фактіні жоқ­қа шығар­май­мын. Сол еңбектерді кол­хоз-совхоз ыды­ра­ған тұста қадірін біл­ген адамдар ұқып­тап алып қойса, қоқысқа тастай салған­да­ры да кездескен. Ал енді мына соңғы бол­ған жағдай – тым шектен шық­қандық. Тұла бойымызды ашу кер­несе де, біз қан­дай да бір асығыс шешім қабыл­да­май, әліп­тің артын бағуға бекі­дік те, бар бол­ғаны әлгіндей дүние­лерді көр­меден алып тастауды талап еткенбіз. Алай­да араға жыл да салмай Қастеев атын­дағы өнер мұ­ра­жайына тағы 46 жұмыс келген соң, енді қарап қалуды жөн санамадық.
Әрине, бір емес, елуге жуық жұмыстың (онда да қолға ұсталғаны) жалған көшір­ме­сінің пайда болуы – жылы жауып қоя салатын жағдай емес. Біз біржақтылыққа салынбай, суретшінің атындағы өнер мұра­жайына хабарласуды жөн көрдік.
Светлана ҚОБЖАНОВА, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы директорының міндетін атқарушы, өнертану ғылымының кандидаты:
– Біз Қастеевтің тек қана түпнұсқа туын­дыларын ғана сақтаймыз. Ал мына жағдай сіз ойлағаннан мүлдем бөлек. Біз қандай да бір картинаны қабылдамас бұрын оны алдымен сараптамадан өткі­земіз. Әлгі «дауға» айналған карти­на­ларды бізге жеке коллекционер са­рап­тамаға әкелген. Біз әдетте жұмыстар­ды біртіндеп қараймыз, ал әлгі адам бірден 46 картина алып келген. Оның әрқайсы­сына қанша уақыт керек, шама­мен айт­сақ, 4-5 ай бір картинаға сараптама жа­са­лады да, тұпнұсқа деп қабылдасақ қа­на бізде қалады. Біз оларды автор­дың басқа жұмыстарымен салысты­рамыз, реставраторлар жұмыс істейді онымен. Ал мына жағдайда менің түсінбей тұр­ға­ным, неге осыншама дау туындап кет­кені? Коллекционерді аяймын, оның жа­зы­ғы не, жазығы сол: Қастеев картина­ларын өмір бойы жинағаны ма? Бізге әкеліп еді, біз бірден оған «мыналардың бәрі – түкке тұрғысыз көшірме» десек, қалай болады? Гүлдария – өнер­танушы емес. Сондықтан ол кісінің сөзі субъек­тив­ті пікір ретінде ғана қабыл­данады. Жал­пы, бұл жерде бір нәрсені ескеріңіз­дер, негізі, мұрагерлер әке ең­бегінің тұп­нұсқасы өздерінде ғана болғанын қа­лайды. Шын қорытынды сараптама жа­салған соң белгілі болады.

Түйін
Ақиқатын кім айтады? Сот па, әлде мәскеулік сарапшы мамандар ма? «Картиналардың ешбірі – әкеміздікі емес» деген Қастеев балаларының сөзіне құлақ аспау қаншалықты негізді? Әбілхан Қастеев тек балаларына ғана керек пе, ол күллі қазақ арасынан көркемсурет саласына тұңғыш болып тыңнан түрен салушы тұлға емес пе?!. Ендеше, ел болып, осының бір жағына шығалық та. Расында, көшірме болса ше? Ол жалғыз Қастеевке емес, қазақ өнеріне жасалған қастандық болмай ма?.. Қапы қалмайық!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста