Мықты идея болмаса, озық техникаға да обал

Мықты идея болмаса, озық техникаға да обал

Алматыда Халықаралық «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі өтуде. Біз осы кинофестивальді ұйымдастырушылардың бірі, іріктеу комиссиясының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының «Кино және ТВ» факультетінің деканы Гүлжан Құрманғалиқызы НАУРЫЗБЕКОВАМЕН жолығып, осы кинофестиваль төңірегінде аз-кем әңгімелескен едік.

– «Шәкен жұлдыздары» кинофес­тива­лінің кино саласында маманда­нып жатқан жастарға берер үлесі қан­дай деп ойлайсыз?
– Әлемдік деңгейде байқалып отырған қоғамдық және экономикалық қазіргі дағдарыс жағдайына қарамастан, биыл да кинофорум өз жұмысын жалғастыра түспек. Халықаралық деңгейдегі дәрежесі артып келе жатқан бұл фестивальдің экрандық өнер саласында кәсіби сапа­лы мамандар даярлауда қосар үлесі орасан зор. Фестиваль аясында танымал режиссерлермен, актерлермен, кино­тану­шылар және продюсерлермен шы­ғар­машылық кездесулер, пікір алма­су­лар ұйымдастырылуда. Әлемнің түк­пір-түкпірінен келетін қонақтарымыз бү­гінгі кино әлемінде болып жатқан жаңалықтарымен бөліседі, тәжірибе алма­сады. «Шәкен жұлдыздары» Т.Жүрге­нов атындағы Қазақ ұлттық Өнер ака­демиясының студенттерінің халық­аралық байланысқа шығу мүмкіндіктерінің бірі болып табылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін нақты мысалдар келтіре кетуге де болады. «Шәкен жұлдыздары» кино­фестивалінің әр жылдардағы жүл­де­герлері Эмир Байғазин (26-Халықаралық кинофестиваль, Милан, Италия – 2008, қараша), Әділхан Ержа­нов (Халық­аралық кинофестиваль, Дубай, ОАЭ- 2008, желтоқсан), Талғат Бектұр­сынов (Дидор-2008, Жастар киносының Халық­аралық кинофестивалі, Душанбе, Тәжік­стан), Артем Ганцев (Халықаралық кино­фестиваль, Висбаден, Германия) сын­ды студенттеріміздің халықаралық кино­форумдарға қатысып, жеңіспен орал­ған­дықтарын мақтан тұтамыз.
– Биыл 7-рет өткізіліп отыр­ған «Шәкен жұлдыздары» кинофестива­лінің қандай ерекшеліктерін көре ала­мыз және қатысып жатқан фильмдер­дің сапасы, көркемдік деңгейі қан­­дай?
– Биылғы жылғы іріктеу комиссия­сының жұмысы ақпан айынан басталды. Комиссия құрамында менен басқа тағы екі адам болды, олар – белгілі кино­режиссер Лейля Аранышева және Еуро­па киноакадемиясының мүшесі, кино­тарихшы Ханс Шлегель.
Бір байқалғаны, фестивальдің жастар кинофорумы ретіндегі маңыздылығы жа­ғынан ғана емес, жалпы, кино саласын­дағы мамандардың жоғары бағасына ие болғандығы айқын көрінді.
Фильмдердің тақырыбы алуан түрлі. Фестиваль регламенті бойынша көрсе­тілімдік уақыт қашан да шектеулі ғой. 466 фильмнен бар-жоғы төрт күн ішінде конкурсқа қанша фильм өткізе аламыз? Іріктеу комиссиясының таңдауы өте қиынға түсті. Фильмдердің саны да, сапа­сы да ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде. Қанша дегенмен де, таңдауға мәжбүр болдық. Іріктеу комиссиясының шешімімен конкурсқа 65 фильм өтті, оның ішінде 9 фильм – қазақстандық кинематографистердің фильмдері. 65 фильмнің тең жартысынан көбі түрлі мемлекеттен келген студенттік фильмдер (37 фильм студенттік номинация бойын­ша). Осы орайда мақтанышпен айта кетуім керек, Қазақстаннан өткен 9 фильмнің барлығы дерлік Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының студент­тік фильмдері.
Биылғы жылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі, конкурсқа қатысатын әр елден келген жеке қатысушылар емес, киномектептер мен кинокомпаниялардың ұсынысымен құрастырылған бағдарлама­лар да бар.
– Шетелден келіп жатқан кинотуын­дыларды біздің өнер жолында маман­данып жатқан студенттеріміздің фильм­дерімен салыстырғанда қандай айыр­машылықтарды көре аламыз?
– Мынау – керемет, мынау – төмен деп жіктеп айту қиын. Себебі әр кино мектеп өкілінің, жеке режиссер қолтаңбасының өзіндік шығармашылық ерекшелігі бо­лады. Тіпті тұтас бір фильмнің өз ішін­де жақсы жері де немесе кем тү­сіп жа­та­тын тұстары да бар. Кейбір техни­калық олқылықтарына қарамастан, біз­­дің студенттеріміздің фильмдерін бас­­қа­ларымен салыстырғанда төмен дең­гейде деп айтуға болмас. Олардың біз­дің кө­рерменге соншалықты таныс, түсі­нікті әрі қажетті тақырыптарды мең­гер­ген тұстары бар. Жасалу сапасы мен мазмұндық тереңдігі жағынан біз­дің студенттеріміздің анимациялық фильм­дері тіпті жоғары деңгейде тұр деу­ге болады. Ал енді шетелден келіп жат­қан студенттік фильм­дердің айыр­машылығы, мүмкін, ма­териалдық, техникалық базасының күш­ті­лігінде шығар. Фильмдердің жасалу сапа­сына тікелей әсер ететін технология ба­засы жағынан әлі де болса біздің сту­денттерімізге көмек көрсету керек. Бір айта кететін жағдай, фильмнің көркемдік драматургиясы солғын болса, мықты идеясы болмаса, озық техникаға да обал.
Осы тұрғыдан алған кезде біздің студенттеріміздің дәрежесі басқа жақтан келіп жатқан фильмдермен дәрежесі тең. Биылғы жылғы фильмдердің тақырып таңдаудағы өзгешелігі қуантады. Бұған дейінгі фильмдерде өріс алған тақырыптар әлеуметтік, қоғамдық, келеңсіз жағдай­лардың барлығы қазір екінші кезекке ығыстырылған да, махаббат сезімі, жеке адам психологиясы, кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі тереңдік, адамгершілік қасиеттер сияқты мәңгілік тақырыптар алға қойылған.
– Әр конкурстың, байқаудың, фестивальдердің өз жеңімпаздары бо­ла­ды, яғни «жүзден жүйрік, мың­нан тұлпар» дегендей, біршама жыл­дар көлемінде өткізіліп келе жат­қан осы фестивальдердің жеңім­паз­дарының шығармашылық еңбек­те­рі көрерменге жету, жетпеу жағы қа­лай?
– «Шәкен жұлдыздары» кинофестива­лінің өзінің алға қойған мақсаты – жас­тарға, олардың болашақ шығармашылық жолына деген алғашқы баспалдақ деп тү­сіну керек. Әсіресе, кино саласында ма­ман­данып жатқан студенттер үшін фес­тиваль өте маңызды. Фестиваль күн­дерінде жан-жақтан шетелден тек қана конкурсқа қатысатындар ғана келмейді ғой. Фестивальдің құрметті қонақтары құ­рамында кино әлеміне танымал ре­жис­серлер, актерлер, кинотанушылар, про­дюсерлер, әділқазылар, халықаралық дә­ре­желі фестивальдердің іріктеушілері бо­­лады. Әр қатысушы студенттің арнайы сер­тификатты иеленгендігінің өзі оның басқа ел­дердегі кинофестивальдарға қа­ты­суға мүм­кіндігінің арта түскендігі деген сөз.
– «Шәкен жұлдыздары» кинофес­тивалінің жүлделері көбіне шетелдік кинофильмдердің қанжығасында ке­те­тіні өзіміздің кинематографияның әл­сіздігінен емес пе?
– Кинофорум Қазақстанда, оның ішінде Алматы қаласында өтіп жатса, міндетті түрде фестивальдің бас жүлдесі біздің қазақстандық киногерлеріміздікі болуы керек дегеніміз дұрыс емес. Мысалы, Оңтүстік Кореядан, Германиядан, Ираннан жақсы фильмдер келсе, жүлдені оларға неге бермейміз? Көрерменді, экранды алдай алмайсың. 65 фильм байқауға түскен кезде, сол бағдарламаны көру арқылы біздің жастарымыз үйренеді, фильмдердің сапасы қалай, қазір қандай тақырыпты ашып жатыр, сол тақырыпты меңгеру дәрежелері қандай? Жан-жақ­тан келіп жатқан фильмдерді көру арқы­лы біздің жастарымыз бір ғана тақы­рып төңірегінде кино тілінің суреттеу фор­маларымен танысуға мүмкіндік алады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Стоп-кадр
Биыл конкурсқа 30-дан астам мемлекеттен 466 фильм ұсынылды. Салыстыруға жеңіл болу үшін соңғы екі жыл көлеміндегі іріктеу нәтижелерін айта кетейін. Мысалы, 2007 жылы фестивальге қатысуға 22 мемлекеттен 205 фильм ұсынылып, оның ішінен 84 фильм іріктеліп алынды. Ал 2008 жылы 23 мемлекеттен ұсынылған 195 фильмнің 64-і ғана байқауға жіберілген.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста