1952 жылы болатын. ҚазПИ-дің әдебиет факультетін Ғафу Қайырбеков, Серік Қирабаев, Баламір Сахариев, Айқын Нұрқатов, Шәмшия Сәтбаева – барлығымыз бірге оқып бітірдік. «Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлімін басқаратынмын. Газетке орналастырған редактордың орынбасары, ақын Жұбан Молдағалиев болатын. Қасым Аманжолов 1952 жылы қазақтың бірқатар ақындарының өлеңдерін жинақтап, «Жастық жыры» деген кітап шығарған. Сол жылдары Қасым Аманжолов, Қалижан Бекхожин сынды ақындарға жала жабылып, сыншылар «сары уайымшыл», «феодалшыл» деп сын жазып, есін шығарған. Ақын Ғафу мені ертіп, Қасымның үйіне бардық. Қасым үйін жаңадан алған кезі. Ол кезде ақын-жазушылардың қолы баспанаға оңайшылықпен жетпейтін. Алматының үй беретін исполкомы Жүсіпбековке «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» деген өлеңін жазған тұсы. Ақынның Ілияс Омаровқа «І.О-ға» деген хаты бар. Ілияс содан қояр да қоймаған соң, Орталық Комитеттің үгіт жөніндегі хатшысы осы үйді алып берген. Ол – қазіргі Қарасай батыр мен Достықтың қиылысындағы екі қабатты үйдің екінші қабатындағы шағын пәтер. Ғафу екеуіміз келгенімізде, Сақыпжамал жеңгеміз есікті ашып, Қасым ағамыз күтіп алды. Ол кезде Қасым өлеңдерін кітап қып шығартпай, ақындардың өлеңін шығаруға құрастырушылықтың өзін зорға сұрап алған екен. Құрастырушылыққа да қаламақы төлейді. Жинаққа Нұтфолла Шәкенов, Аманжол Шамкенов сынды ақындардың өлеңдері енген. Мен үш өлең оқып бергенмін, екеуі кітапқа енген екен. Соның бірі – «Қызара барып күн батты» деген өлең. Өлеңді тыңдаған Қасым:
– Әй, бала, сенен тәуір ақын шығады екен. Өлеңді осы секілді етіп жаз! Поэзиямен сурет салғансың, – деп көңілімді өсіріп жіберді.
Ол – Американың Кореяға соғыс ашқан кезі. Соны өлеңге арқау еткенмін. Осылайша «Жастық жыры» жинағы шыққан-ды.
Сол отырыста Ғафу Қасым ағадан «Дариға, сол қыз» әнінің жайын сұрады. Ескілеу, көнетоз Абай домбырасымен сол әнді айтып берді. Домбыраны тәп-тәуір жақсы шертеді. Дауысы тенор мен баритонның арасында. Сосын «Ақ сәулемді» айтайын» деп шырқап берді. Шайымызды ішіп, өлеңіміз шығатын болып, қуанып кеттік.
1954 жылы Понамаренко, Брежневтер билікке келіп, қателіктердің барлығын түзей бастады. «Жамбыл жөніндегі өсекті қойыңдар, оның алдында бастарыңды иіңдер!» деп, М.Әуезов, Е.Бекмаханов, Қ.Мұхамедханов, Қ.Жұмалиевтердің барлығын ақтап шықты. Қ.Сәтбаев Ғылым академиясына қайтадан президент болып, орнына келді. Қазақта үлкен қателік бар. Бір ақынды мақтасақ қол-аяғын жерге тигізбей, одан басқа ақын жоқтай көреміз. Даттасақ жер-жебіріне жетеміз. Қасым да қайтадан дүрілдеп шықты. Сол кезде Қасымның Абдолла деген досы — Абдолла Жұмағалиевке арнаған атақты поэмасы шыққан. Керемет. Тегінде Қасым – мықты ақын. Талай кеште кездесіп, Ғафу екеуімізді соңынан ертіп, шәкірт қылып жүрді. Адамгершілігі жоғары, ешкімнің ала жібін аттамаған, биязы адам еді. Біздің қазақ тамаша талант шықса, көре алмай, шұқылап, мұқатуға тырысады. Қасым да сол «феодалшыл» деген жаланың құрбаны болып кетті. Мен білген Қасым – осы!
Мыңбай РӘШ, ақын, сатирик, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері: Көреалмаушылар Қасымды құрбан етті
Последние статьи автора