Қазақ музыкасының майталманы Еркеғали Рахмадиев дүниеден өтті. Бүкіл ақыл-ойын, қажыр-қайратын ұлттық өнердің мерейін өсіруге сарп еткен дара дарын ел-жұртының есінде тек көрнекті композитор ретінде ғана емес, ірі қайраткер, абыз ақсақал ретінде де мәңгіге сақталады.
82 жас өзекті пенде үшін аз ғұмыр болмауы мүмкін. Мәселе – азды-көпті сол дәуренді кімнің қалай сүргендігінде. Ал ұлттық операның ұстынына айналған озық шығармалар тудырып, музыка әлемінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Еркеғали Рахмадиев қай кезде де өз биігінен төмендеген емес. Қазақтың дүниежүзілік деңгейде танылған екі композиторы бар десек, соның бірі – Мұқан Төлебаев та, екіншісі Еркеғали Рахмадиев екенін музыкатанушылардың өзі мойындайды.
«Ұлт болып қалу үшін әуелі оның мәдениеті сол ұлттың ішкі рухани тілінде сөйлегені дұрыс» деген ұстанымнан таймаған Еркеғали Рахмадиев «Алпамыс», «Қамар сұлу», «Таң самалы» тәрізді ірі операларды дүниеге әкелді. Тіпті бүкіл қоғамдық құрылым өзгеріп, дүниенің астаң-кестеңі шыққан сонау бір жылдары тұралап қалған ұлттық операға қан жүгіртіп, ел рухын тірілтетін «Абылай хандай» ірі шығарма жазу бақыты да Еркеғали Рахмадиевке бұйырды. Бір ғажабы, композитордың күллі шығармаларында тек қазаққа ғана түсінікті ырғақ, өзгеше бір әлем бар. Өйткені олар ұлттық тамырдан бастау алған. Ал Еркеғали аға болса, өзі айтпақшы, жастайынан Тәттімбет, Құрманғазы күйлерімен өскен. Ақан, Біржан, Әсеттердің шексіз сағынышқа жетелейтін әуенді, әуезді әндерін тыңдаумен ержеткен. Ұлттық тамырдан ада дарақтың үп еткен самалға да төтеп бере алмайтынын білетін композитор қызыл жүйе қаһарына мініп тұрған сонау бір кездің өзінде шәкірттеріне: «Сендер ең әуелі қазақ болыңдар. Қазақтың даласындай кеңдікті меңгеріңдер. Сонда шығармаларың да кең болады. Қазаққа іштарлық жараспайды. Ал іші тар адамнан кемел тұлғаның шығуы мүмкін емес. Қазақтың нағыз сал-серілері кең еді» деп ағалық ақылын айтып отырады екен. Бүгінде Рахмадиевтің қамқорлығымен өнері ұшталып, көзқарасы қалыптасқан, дүниетанымы кеңейген қазақ музыка шеберлерінің тұтас бір толқыны бар, әріптес іні-қарындастары оны шын мәнісінде үлгі тұтады.
Шығармашылық өресі, суреткерлік шеберлігі өз алдына, Еркеғали Рахмадиев азаматтық болмысы бөлек, намысы, рухы биік тәуекелшіл тұлға еді. Мысалы, ол кісінің Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның тізгінін ұстаған кезінде тұңғыш рет қылқобыз класын ашқанын және оған ұстаздыққа бастауыш сыныптық қана сауаты бар тума талант Жаппас Қаламбаевты қабылдағанын біреу білсе, біреу білмейді.
1981 жылы Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылғанына 250 жыл толуына орай, Мәдениет министрлігі арнайы тапсырыспен шығармалар жаздырады. Қаламақысы өте жоғары бұл шараға үлкенді-кішілі композиторлар түгел қатысып, «Орыс халқына арнау», «Сәлем саған, орыс халқы» деген сияқты дүниелер ұсынады. Еркеғали Рахмадиев ештеңе жазбайды. Тіпті: «Бұл тойлайтын нәрсе ме? Есі дұрыс адам өз еркімен бодандыққа беріле ме?» деген наразылығын да жасырмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде мәдениет саласына екінші қайтара министр болып келген ол ұлттық өнер ордалары тапшы солтүстік аймақтарда театрлар, орталықтар ашу мәселесін қолға алады. Осының бәрі азаматтық ұстанымы айқын, елжанды, ұлтжанды композитордың тұлғалық қырын таныта түсері даусыз.
Елінің мәртебесін биіктетіп, рухани әлемін байытуға өлшеусіз үлес қосқан өнегелі ғұмыр енді, міне, өз мәресіне жетті. Әрдайым еркелеткен қалың елі Еркеғалиымен енді мәңгілікке мақтанады, кеше талантына бас исе, бүгін рухына бас иеді, қабірі жарық, иманы жолдас болуын тілейді.
Үкілі үзінділер
Менің 50 жылдық мерейтойымда орыстың Р.К.Щедрин деген талантты композиторының кешті өзі жүргізіп тұрып айтқаны бар: «Рахмадиевтің музыкасы Африкада, Австралия, Америка, Еуропада, барлық жерде орындалып жүр. Жалпы, Рахмадиевтің симфониялық күйлері, бұл – қазіргі қазақ музыкасының визиттік карточкасы» деп. Щедрин әлі күнге тірі. Мен оған олай айт деген жоқпын. Әрбір адам өз өмірінде еліне жақсылықты шамасы келгенше істесе, мендей-ақ істесін. Менің арманым жоқ...
Он шақты жыл консерваторияны, 25 жыл Одақты басқардым. Ең қиын уақытта министр болдым. Қолымнан келгенше жақсылық істеуге жанталасатынмын. Бірақ ойыңдағының барлығы орындала бермейді. Сол кезде «Еліміз төрт-бес жылда есін жинайды, сонда қазақ екендеріңді ұмытпай, қайтып келерсіңдер» деп 63 жасты білімін жетілдіруге шетелге жібердім...
Қазіргі жастардың басым көпшілігі консерваторияға білім алу үшін емес, диплом алу үшін келеді. Құдыс Қожамияров, Ғазиза Жұбанова, А.В.Бычков және мен консерваторияда профессор болған уақытта «ұлттық бояу бар ма, жоқ па» деген әңгіме болмайтын. Ұлттық бояуды жастардың бойына сіңіруде әртүрлі әрекет жасайтынбыз. («Алаш айнасы», 3 шілде 2009 жыл)...
(Еркеғали Рахмадиевтің «Алаш айнасына» берген сұхбатынан)