Өткен сенбіден бері еліміздің бірқатар музейлері келушілер үшін арнайы «Ашық есік» күндерін ұйымдастыруда. Бұл шара өткен сенбіде аталып өткен Халықаралық музейлер күнімен орайластырылуда.
Осы орайда жуырда Орталық музейде кең көлемді танымдық шара – «Музей түні» өткізілген болатын. Аталған ерекше шараға біз де – «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласындағы Әуезов аудандық бөлімшесі ұйымының мүшелері бас қосып бірге барған едік. Онда тарих беттерін парақтап, көне жәдігерлерді тамашалап, ұлттық салт-дәстүрдің қыр-сырын білуге келген қауымнан ине шаншар жер табылмады десе де болғандай. Жиналған қауым назарына тамаша мерекелік концерт ұйымдастырылып, залдарға тегін экскурсия жасалды. Музейге келушілер сәндік қолөнер бұйымдары көрме жәрмеңкесінен Қазақстан шеберлерінің өнімдерімен танысып, сатып алып және тапсырыс та беріп жатты. Әр залдан ерекше көңіл сезіміне бөленіп, бейне-бір «тарих» атты кинотуындының көрермені болғандай әсер алдық. Сағат тілі түнгі 12-ні көрсетсе де жиналған қауым қайтуға асығар емес. Бұдан шығатын қорытынды – ол халықтың тарихымызға, ұлттық өнерімізге, көнеден қалған естелік мұраларымызға селқос қарамайтыны. Әрине, бұл –қуантарлық жағдай.
Дерек
Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейі Орталық Азиядағы ең ірі музейлердің бірі. Қазіргі таңда 300 мыңнан астам жәдігері және 150 жылға жуық тарихы бар бұл мәдениет ордасы Қазақстандағы ең байырғы және ең ірі музей болып саналады.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап, Елбасымыздың қолдауымен ұлттық мұраны қастерлеуге, зерттеуге, ата-бабадан қалған қолөнерді жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Өйткені болашақтың іргетасын қалау үшін біз алдымен сол болашаққа қалай жеткенімізді білуіміз қажет және де оны болашақ ұрпаққа насихаттап, тәлім-тәрбие ретінде қалыптастыруымыз керек.