Мұхаммед Хайдар Дулатидің ізімен
Таяуда Құдай сәтін салып, Үндістан жеріндегі Кашмирге, ұлы бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулатидің басына барып, тәу етіп қайттық. Ұзақ жылдардан бері менің көкірегімдегі арманымды түсінген Жандарбек есімді кәсіпкер азамат бар шығынды өз мойнына алып, мені бабаның жатқан жеріне апарып қайтатын болды. Көкейдегі ойдың жүзеге асқанына мен де шын қуанып, разы болдым.
Сринагарға сапар
Бірақ сөйтіп жүріп жеткен Сринагар елді мекенінен Мұхаммед Хайдар жерленген «Мазар и Салатин» зиратын жарты күн жүріп табанымыздан таусылып іздедік. Кімнен сұрасақ та, иығын қиқаң еткізіп бұрылып жүре береді. Бүкіл қазақ жеріндегі мазар атаулыны жатқа білетін бізге мыналардың қылығы тіпті түсініксіз көрінді.
– Мекенжайын толық анықтап біліп алмаған екенсіз. Енді не істейміз? – дейді Жандарбек. Сринагарға барсақ, «Мазар и Салатинді» оп-оңай тауып алармыз деген үмітім бекер болыпты. Сринагар маңайындағы моғол бейіттерін аралай-аралай әбден қалжырап, үмітіміз үзілуге айналғанда, қаладан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Ханпура деген қыстақтағы Саид Мұхаммед Бекир деген елге сыйлы ақсақалдың үйінен бір-ақ шықтық. Мұхаммед Хайдардың осы Ханпурада оққа ұшқанын білгендіктен, бір табылса сол жерден табылар деп жанымдағыларды бастап келген мен едім. Үй толы қара сәлделі ағайындар екен. «Ассалаумағалайкүм!» деп сәлем бердім. Сәлемімді алған төрдегі жүзі сұсты ақсақал жанындағы орынды көрсетті.
– Мұсылмансыңдар ма?
– Әлхәмдулла, мұсылманбыз. Лә илләһә илә Алла, Мұхаммед расул Алла! – дедім. Ешкім үн қата қоймады.
– Қайдан келдіңдер? Не мақсатпен жүрсіңдер? – деді қос сұрақты қатарынан қойып.
Біз Қазақстаннан келгенімізді айтып, XVI ғасырда Кашмир елін билеген Мұхаммед Хайдар Дулатидің ұрпағы болатындығымыздан хабардар еттік.
– Сол кісінің зиратына барып, құран оқып қайтсақ деп едік, – дедім.
Мұндағылардың көбі Қазақстан жайында толық білмесе де, Елбасымыз Н.Назарбаевтың есіміне қанық екенін, мұсылман елдері оны мақтан тұтатындығын айтты.
– Сендер іздеп жүрген Мәлік Хайдар...
– Мұхаммед Хайдар Дулати! – деп түзеттім.
– Жоқ, сіз дұрыс айтқан жоқсыз. Оның есімі Мырза Мұхаммед Хайдар доғлот Қашқари болады, – деді қария өз тіліне икемдеп сәл бұрмалай. – Ұлы Зейін әл-Әбиденнен кейінгі көп өзгерістер жасап, Кашмир жерін қайта түлеткен ұлы реформатор. Біз оны құрмет тұтамыз. Кез келген адамға оның жатқан жерін көрсете бермейтініміз де содан, – деп қойды.
Тәуелсіздіктің қадірі
Белгілі болды. Сырттан келген адамға ұлы адамдардың зиратын көрсету үшін де мына қариялардың рұқсаты керек болғаны ғой. Бұл бір жабайылық болып көрінгенімен, үлкендердің айтқаны бойынша сақталатын осы елдің бұлжымас заңындай әсер берді. Менің осы ойымды сезгендей:
– Бәрін де бақылап отырамыз, – деді қария. Сосын ойланып отырды да:
– Тәжікстан мен Қазақстанның арасы қанша жер? – деп сұрады. Не ойлап отырғанын ұққандаймын. Мұхаммед Хайдар бабаның туған жері – Ұратөбе Тәжікстан жерінде. Бірақ бір Тәжікстан емес, бүкіл Үндістан, Иран, Ауған елдерінің қаһарман бабаларымыздың иелігінде болғанын қайдан білсін? Ақиқатты бұрмалап, ұлы даланың қаһармандығын тарихтан тыс қалдырған қасақана саясат емес пе?
– Қазір арадағы шекаралар алыстатып жіберді ғой. Ерте кезде олардың бәрі біздің бабалардың меншігінде болған, – деп жауап бердім.
– Аға-ау, кеш болды ғой, отыра береміз бе осылай? – дейді Жандарбек тықыршып. Қарияға қарасам, асығатын түрі көрінбейді. Тіпті алдымызға дастарқан жайылып, шай келе бастады. Амал жоқ, жайбарақат адамның кейпінде сөз бастадым.
– Байқап отырмын, Қазақстан деген елді білмейді екенсіздер. Сіздер 30 жыл бойы арпалысып, тәуелсіздік ала алмай отырсаңыздар, біз – Ұлы империяның тұзағынан босап, 20 жыл бұрын Тәуелсіздігімізді алған, еркін елміз. Сіздердің елдеріңізге келіп отырғанымыз да Алланың бұйрығы шығар. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар бізде. Қадамымыз құтты «Қыдыр» біз болып, ұзамай тәуелсіздіктеріңізді алыңыздар. Осы тілекті дұғамызға қосып жүрерміз, – дедім. Менің орнықты үнмен айтқан сөздерімді Делиден қосылған Зафар аударып отыр. Байқаймын, кең бөлмедегі жандардың түнерген жүзінде жылу пайда болып, көздері нұрлана бастады. Қария орамалымен жасаураған көзін сүртіп, жүзіме дұрыстап қарады. Екі жігіт жүгіріп келіп сүйемелдеп, қарияны орнынан тұрғызды. Маңдайымнан иіскеп бата жасап, жүзіме үшкіріп дем салған қария даусы дірілдеп тұрып батасын берді. Бұл бір үлкен құрмет белгісі болса керек. Кашмир тілінде бір ауыз сөз айта қойып еді, жүргізушіміз Мұхаммед Ғұлам тізерлеп жақындады. Қолына қарындаш алған қария қағазға әлденелерді жазып, оған ұсынды. Бұл кезде күн батып кеткен еді.
– Тәуелсіздік дегеннің қадірін білмейді екенбіз-ау, Бәке! – дейді Жандарбек жол бойы ойға шомып. Түнделетіп қалаға кірдік. Әлгі қарияның рұқсатын алған жүргізушіміз иін тіресе орналасқан ескі қаладағы «Мазар и Салатинге» тұп-тура алып келді. Түн болса да, Зейін әл-Әбиденнің анасының мазары көзіме оттай басылды. «Осы! Күні бойы іздеген зиратымыз – осы!» – деп дауыстап жібердім қуанғанымнан.
Тал түбіндегі зират
Көзге түрткісіз қараңғыда қаптаған зираттың арасынан Мұхаммед Хайдар бабамыздың бейітін қалай таппақпыз? Жандарбек пен Зафар оң жақтағы құлпытастарды аралап кетті. Кенет Әбсаттар ағамыздың «Мазар и Салатиндегі бәйтерек» деген әңгімесі ойыма сап ете қалды. Түн қараңғылығында қабірстанның сол жақ түкпірінде қалқайып тұрған екі үлкен талдың сұлбасын байқадым. Көп ойланып тұрмай-ақ, бірден сол жаққа беттедім. Құлпытастардың ара-арасымен абайлап өтіп, жақындап келгенде, жүрегім аттай тулап қоя берді. Дәл соның өзі. Дегенмен әбден көз жеткізіп алмақ болып, қолшамның жарығымен түгел қарап шықтым. Уйлиям Муркрафт пен Мир Иззатулла ханның қойған тасы. Тізерлеп отыра қалып, маңдайымды тигізіп, бетімді бастым. Тастың суық салқынымен бірге ғажайып бір леп білінгендей болды. Жандарбек пен Зафарды қолшамның жарығын бұлғап өзіме шақырдым. Құран оқып болған соң, елден ала барған топырақты сеуіп, дала жусанын құлпытастың төр жағына қойдық. Кенет тып-тыныш тұрған бейіт басындағы алып тұт ағашы қатты соққан желмен тербеліп кетті де, күзгі жапырағы төбемізден сауылдай төгілді. Жаңбыр тамшылары тама бастады. Есіне әлденелер түсіп кетті ме, жоқ, әлде беймәлім бір сыры бар ма – делилік Зафар солқылдап жылады. Жандарбек екеуміздің де оңып тұрғанымыз шамалы. Көз жасымды сүртіп, аспанға қарасам, шөкімдей бұлт жоқ. Ай шалқасынан жарқырап жатыр. Түнгі моладай тып-тыныш деген сөздің мағынасын өмірімізде бірінші рет бастан өткеріп орнымыздан тұрдық. Қалған шаруаны ертеңге қалдырмасақ, түнейтін жерсіз қалатын түріміз бар. Осыған келісіп Ұлы бабаның құлпытасына еңкейіп маңдайымызды тигізіп жатқанда Жандарбек:
– Аға, мынау иісті сезіп тұрсыз ба? – дейді. Бағана келгенде-ақ байқағанмын. Бірақ тым әсершілдене бермейінші деп үндемеген едім. Құлпытастың төменгі жағынан болар-болмас қана сезілетін жұпар иісті тағы да құныға иіскедім. Жұмақтың иісі болар, сірә. Асыл бабаның аруағымен бірге келген лепті біз осылай сезіндік.
Қонақүйде кешкі ас ішіп отырып:
– Біз жат жерде қалған бабаларымыз үшін жыладық. Ал саған не көрінді соншама солқылдап? – деймін Зафарға қарап.
– Ол – менің де бабам, – деді Зафар.
– Қалай сенің бабаң болады? Сен үндіс емессің бе?
Зафардың жүзіндегі толғанысқа қарағанда, бұл сырын көп жариялай бермейтін сияқты көрінді. Кім біледі, жат жерде жүрген жандар аса сақ болады ғой деймін.
– Менің аты-жөнімнің соңында тұрған «мугал» деген атауға мән бермегенсіз ғой. Ол «моғол» деген сөз. Әкем – Ахмет Мугал, мен – Зафар Мугал. Ата-бабамыздан бері қарай осылай жалғасып келе жатыр.
– Онда сен біздің бауырымыз болдың ғой!? – деймін абдырап.
– Иә, біз бауырлармыз!
Кешегі Делиден кейін Сринагар түні салқын болды. Қалың көрпеге оранып, Кашмирде табысқан Зафар бауырымызбен бір бөлмеде жып-жылы ұйықтап шықтық.
Қараусыз қалған қорым
Таң ата ертелеп «Мазар и Салатинге» қайта келдік. Ханша мазарының ар жағындағы тас порталдың ішінде жергілікті елден шыққан әмірлер мен Зейін әл-Әбиденнің туыстары, ұрпақтары жатыр. Осылардың бәрін тездетіп аралап шығып, Мұхаммед Хайдар баба жатқан отбасылық зиратқа беттедік. Құлпытастың бас жағында өсіп тұрған шынардың артында тұрған алғашқы (1551 ж.) қойылған құлпытастың үстіңгі бөлігі жапсарластырған жерінен сырғып кеткен екен. Үш-төрт жігіт жабылып, орнына қоя алмадық. Мына түрімен ендігі екі-үш жылда құлпытастар бөлініп-бөлініп, әр бөлігі әр жерде қалатындай көрінді. Соншама жерден іздеп барған ұлы баба зиратының мына жағдайын көргенде, көңіліміз алай-түлей болды. Бірақ кімді кінәларсың? Қамқорлығымызға аламыз деген жергілікті биліктің жайы мынау, ел ішіндегі бүліншіліктерден байтал түгіл, бас қайғы болып отыр. Елшілікте отырған жігіттеріміздің оған уақыты жоқ болар. Жалпы, олар мола күту үшін отырған жоқ қой онда. Кашмирдің басқа аймағын былай қойғанда, бір ғана Сринагардың маңайында үстіне ешкі тайраңдап, сиыр жайылып жүрген моғол қорымдарының саны бес-алтаудан көп болмаса, аз емес. Солардың сыртын қоршап, мал кірмейтін жағдай жасап қою – соншама көп шығынды керек етпейтін шаруа. Кешегі бізді соншама сандалтқан Кашмир жүргізушісі үлкендердің ақылымен сол қорымдарды әдейі аралатқан болар. Бабаларының зираты қандай күйде жатқанын көздерімен көрсін деген шығар. Намыстары болса, ойланар, ел болса, бір шарасын жасар дегені шығар.
Ол жерден шыққан соң, тездетіп моғол паркіне тарттық. Дәл көлінің шығыс жақ жағалауында орналасқан бұл парк біреу емес, бірнешеу болып шықты. «Қайсысына апарайын?» деген жүргізушінің сұрағына: «Көне моғол паркіне апарыңыз», – дедім. Көп заманды көрген ескі хауыздардың жағалауындағы тас көшені бойлай түп-түзу етіп ағаш егіліпті, жалпы саны қырық-елу түп болса керек. Ағаштардың жуандығы соншалықты, екі-үш адамның құшағы жетпейтіндей өте жуан әрі төбесі көк тіреген зәулім. Бір ағашты дарылдатып арамен бөлшектеп жатқандардың жанына келіп, ағаштардың жасын сұрадық. «Шамамен 450-470 жыл» деп жауап берді. «Мына тұрған ағаштардың бәрі де осылай кесіле ме?» деп сұрадық. «Әрине, – деді әлгі жігіт, – мынадай алып ағашты қашан құлайды деп күтіп тұрмаймыз ғой енді».
Демек, алдағы үш-төрт жылдың ішінде түгел құрып біткелі тұрған мына шынарларды ең болмаса деректі фильмге түсіріп алып қалуға жарамағанымыз ба? Құдайым-ау, жауынгер бабаларымыздың өз қолымен отырғызған ағаштары, өз қолымен тұрғызған ғимараттары ғой мынау. Кашмирде бізге тікелей қатысы бар мынадай дүниелердің барын білу, далалық бабаларымыздың әлемдік мәдениет пен сәулет өнеріне қосқан осыншалықты еңбектері барын паш ету – бізді «көшпенділер», малдан басқа ештеңе білмейтін надан ел деп қарайтындарға айтылар нақты жауап емес пе? Өзге емес, бізге тиесілі жәдігерлер емес пе!? Сәулет демекші, бұл жерде көне ғимараттар көп екен. Болашақта ұлы баба жайлы кино түсірмек ниетіміз болғандықтан, бұл ғимараттарды әр қырынан жан-жақты суретке түсіріп алдым. Айтпақшы, ұлы бабамыз туралы көп сериялы фильмнің сценарийін жазып бітіріп, «уһ!» дегеніміз сол еді, дағдарысқа байланысты ендігі түсіретін фильмдеріміз екі сериядан артық болмайтын болыпты. Жөні дұрыс сценарий жоқ деп мәселе көтергенде алдымызға жан салмаймыз. Ал дайын тұрған сценарийді киноға айналдыруға келгенде, неге сонша кедергі көп. Әлде басқалай бір себептері бар ма? Ұлы тұлғаларға тым төмен түсінікпен, қазақы пендешілікпен қарағанды қашан қояр екенбіз?! Олардың орны әлемдік құрметтің төрінде тұр ғой. Сол биікке ұмтылудың орнына быртиып бұғына беретініміз неліктен екен!?
Кашмирді түлеткен баба
Мұхаммед Хайдар бабаның Бабыр патша мен Саид ханның жанындағы еңбектері бізге мәлім. Ал енді Кашмир үшін не істеді? Ең бірінші, елдің жағдайын құлдыратып жіберген Макарилер мен Чактар әулетінің күресіне тойтарыс берді. Олардың орынсыз салығынан елді босатып, солардың меншігінде бос жатқан ұлан-байтақ жерлерді кедей-шаруаларға алып берді. Бүкіл елді жұмылдыра отырып, мемлекеттің жағдайын үш-төрт жылдың ішінде адам танымастай етіп алға оздырды. Кашмир мемлекетінің кез келген соғысқа төтеп беретін өз әскерін құрды. Дербес билікті алғанымен тұрмай, енді бүкіл Тибет өңірін бағындырып, қарақұртша қыбырлаған қалың Қытай мен Үндістанның өзіне азу көрсете бастады. Қаһарлы Шершахтың ұлы Ислам шахпен келіссөз жасап, Пәкістан, Ауған, Иран елдерімен қарым-қатынасты орнына қойды. Ал бұл аралықта қаншама медреселер ашылып, қаншама ғимараттар салынды. Кашмирді еркін жайлап, пасық сенімдермен халық санасын улаған қаншама секталар түп-тамырымен жойылды. Ел тойынып, ғылым мен өнер, мәдениет қарқындап алға басты. Кашмир көз алартқан жауларынан түгелдей құтылып, мамыражай іргелі де мықты мемлекеттің қатарына қосылды. Әрине, түгел тізіп шығу үшін көп уақыт керек. Бар болғаны он екі жыл үшін осы аз ба? Ал егер көреген бабаның түпкі мақсаты орындалып, Әбдірашид ханмен бірлесе отырып, Кашмир мен Қашқар, Жаркент арасында қарым-қатынас орнатқанда не болар еді? Түгелге жуық бағындырып ислам дінін мойындатқан Тибет арқылы Қытайды қарамағына алу емес пе еді арғы ойы? Кешегі Сайд хан өсиет еткендей, Қазақ хандығымен одақты күшейтіп, іргесін бірлесе отырып бірге қалағанда, болашақтағы тарих дөңгелегі мүлде басқа бағытпен жүрер ме еді, қайтер еді?
Мұның бәрі – бұл күнде тек тәтті қиял ғана. Есіл ерді дегеніне жеткізбей орға құлатқан сол жергілікті билік өкілдерінің ұрпағы Саид Мұхаммед Бекир ақсақалдың тәуелсіздік алып, дербес отырған мемлекетімізге қызыға да қызғана қарауының астарында осындай өкініштер жатыр емес пе? Өйткені ол ақсақал Мұхаммед Хайдар Дулаттың өмірін қиып, орнын иеленген атасы Иди Райна, Хваджа Қажының опасыздығын білмей отыр ғой деймісіз? Білгенде қандай!
Әрқайсысының арқасына ши жүгіртіп, бір-біріне айдап салып, бес айға жеткізбей Кашмир елінің тоз-тозын шығарған жоқ па? Тіпті енді ынтымағымыз бұзылмайды деп жаппай қыз алысып, қыз берісіп, туыстық орнатқан Чактар мен Макари әулетінің құдалықтары да құтқара алмады ғой Кашмирді. «Мазар и Салатинде» бір-бір мәрмәрді кеудесіне қойып жатқанымен, олардың бірде-біреуі Мұхаммед Хайдар Дулаттай адамзат ұрпағының құрметіне мәңгі бөлене алмайды. Ұрпақтары олар үшін қаншама мазар тұрғызса да, олардың салтанаты моғолдар саябағына жете алмапты.
Қайтарда
Қасиетті даламыз талай ұлыларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазғанымен тұрмай, кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырды. Аты күллі әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бірегей тұлға Мұхаммед Хайдар Дулати. Ол туралы фильм түсіру еліміз үшін абырой болса керек еді ғой. Өз-өзімізге менсінбей қарап, өзгенің қаңсығын тансық көргіш кембағал түсініктен қашан арыламыз!? Дағдарыс деген – жақсылық пен ізгі ниеттің орындалуын қаламайтындар үшін жақсы сылтау болды ма дейсің кей кезде. Дағдарыстар жалғаса береді, бірақ әр қиындықтан үркіп, нағыз керегімізді кейінге ысыра берсек, кім болғанымыз?!
Делиден Алматыға ұшып келе жатып, осындай ойлардың шырмауына түсіп кетсем керек.
– Что желаете? – деген үн сыңғыр ете қалды. Басымды көтерсем, қасы-көзі қиылған қазақтың әдемі қызы үстімнен төніп тұр екен.
– Так, что вы желаете? – деп сұрағын қайталады.
– Бір стақан салқын су берші, қарындасым, – дедім. Жаңа ғана күндей күлімдеп тұрған қарындасымның түрі қатқылдана қалды да, өте ресми түрде:
– Я вас не понимаю. Говорите по-русский! – деді.
Байғали Есенәлиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты