Мұсылман бюросы – егемендік идеясының жаршысы
«Алаш айнасы» газетінің 2012 жылдың 28 қаңтарындағы санында Роза Рақымқызының халқымыздың біртуар ұлы Тұрар Рысқұлов туралы «Түркістандық рухы айқын тұлға» атты танымдық мақаласы жарық көрді. Сондай-ақ осы бетте Талғар қаласының тұрғыны Ақжан Нұрпейістің «Тұрар Рысқұлов 1919 жылы Мұсылман бюросын ұйымдастырған екен. «Мұсылман бюросы қандай қызмет атқарған?» деген сұрағы мен ол сұраққа редакция тарапынан берілген қысқа әрі өте орынды жауап жарияланған болатын. Мұсбюроның тарихи қызметіне берілген осындай объективті бағаны оқып бола бергенімде қолыма «Мұсылман бюросы – егемендік идеясының жаршысы (1919-1920 жылдар)» атты жаңа монография (Алматы, 2011. – 246 б.) келіп тиді. Кез келген кітапты қолға алғанда мазмұны мен дерек көздерін қарайтын әдетіммен, алдымен ішкі титул беті мен мазмұнын, содан кейін ғылыми сілтемелеріне көз тоқтаттым. Монография Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Пірәлиев Серік Жайлауұлының идеясымен қолға алынып, белгілі тұрартанушы ғалым Ордалы Қоңыратбаев пен университеттің магистратура және PhD докторантура институтының 1-курс магистранты, Санжар Асфендияров туралы монографияның авторы, дарынды жас ғалым Алмас Жүнісбаев тарапынан «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып» орындалыпты. Көлемі 15,4 баспа табақ болатын еңбекте ғылыми сілтеменің ешбір қайталаусыз 714 рет берілуі менің монографияға деген қызығушылығымды оятты. Алғашқы бетін ашқаннан-ақ орамды тілімен өзіне баурап алған кітапты бір деммен оқып шыққандай болдым. Алған әсерім де орасан болды. Сол әсерім мен түйген ойларымды «Алаш айнасы» газетінің оқырмандарына қысқаша әңгімелеп беруді жөн санадым.
«Қызыл террорға» қарсылық
Ресейде билік басына келген большевиктер патша өкіметінен ұлыдержавалық орыс шовинизмін қабылдап алған мұрагер болып шықты. Билік басына келген большевиктер бағдарламасын іс жүзіне асыру үшін және Ресейдің одан әрі бөлшектеніп, ұлттық құрылымдарға бөлініп кетуіне жол бермеу үшін практикалық шұғыл шараларды қолға алды. Алдымен И.В.Сталин басшылық еткен Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатын құрды. Жергілікті жерлердегі большевиктердің белсенді араласуымен кеңестік автономия түріндегі ұлттық мемлекеттілікті құруға кірісті. 1918 жылы 30 сәуірде құрылған Түркістан АКСР-і де осы шара аясында пайда болды. Бірақ орын алған азамат соғысы мен шетел интервенциясы жағдайында ұлттардың теңдігі туралы мәселе екінші қатарға сырғып қалды. Автономиялы республика құрылып, билікке жергілікті ұлт өкілдері тартыла бастағанымен, патшалық Ресей тұсындағы отаршылдық саясаттың сеңі бұзыла қоймады.
Түрік халықтарына Ақпан төңкерісі берген өзін-өзі басқару үмітін аяққа таптаған орыс большевиктерінің отаршыл-диктаторлық саясаты мен армян баскесерлерінің азғындық іс-әрекеттері өлке халқының жаппай наразылығын туғызды. Бұл Түркістан өлкесі халықтарының ұлт-азаттық күресінің кең көлемдегі қарулы қозғалысқа ұласуына жол ашты. Кеңес өкіметі бұл қозғалысқа «басмашылық» деген ресми атау беріп, оларға қарсы аяусыз күрес жүргізді. Әсіресе Шермұхаммадбек құрбашы, Ергеш құрбашы, Мадаминбек құрбашылар бастаған «басмашылар» қозғалысы өте күшті болды. 1918 жылы басталған «басмашылықпен» күрес тек 1935 жылы ғана толық жойылды.
Ленин бастаған большевиктер партиясы өз жолына кесе-көлденең тұрған кез келген ұлттық немесе әлеуметтік мүдде мен большевизмге қарсы пиғылды қырып-жою, жазалау және таптап өту арқылы бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Ал жазалау саясатын жүргізудегі Лениннің рөлі ерекше болғандығын атап айтуымыз керек. Өйткені большевиктік «қызыл қырғын» В.Лениннің көзі тірісінде басталды және көсемнің тікелей басшылығымен жүзеге асырылды.
Ресейдің ішкі аймақтарында орын алған большевизмге қарсылықты жазалау әрекеттері Түркістанды да айналып өтпеді. Бір ерекшелігі, Ресейдің ішінде көпшілік жағдайда таптық негізде жүргізілген «қызыл террор» Түркістанда ұлттық негізде жүргізілді. Жергілікті халық өкілдері 95 пайызды құрай отырып, өкімет орындарындағы көпшілік орындарды орыстарға беріп қойды. Большевиктер аштық пен аурудан қырылып жатқан жергілікті халық өкілдеріне орыстардан ұйымдастырылған қызыл отрядтарды қарсы қойды. Осындай жағдайда, 1919 жылы наурызда өткен Түркістан Республикасы Кеңестерінің төтенше VІІ сиезінде Орталық атқару комитетінің жаңа құрамы сайланды. Түрікатком төралқасының төрағасы болып А.А.Казаков, орынбасарлығына Т.Рысқұлов сайланды.
Арада көп уақыт өтпей-ақ большевиктер партиясы мен социалистік төңкеріс жариялаған ұлттардың өзін-өзі билеу құқықтары туралы ұрандар ұмытыла бастады. Түркістандықтардың құқығы барлық жерде аяқ астында тапталып, орыс шовинизмі «большевизм шекпенінің» астында әрекет ете бастады. Орыс большевиктерінің отарлық саясатына қарсы коммунистік тұғырнамадағы түрік қайраткерлері өз ұлтын сақтап қалу жолында түрікшілдікті қорғаныстық идеология ретінде ұстануға мәжбүр болды. РКП(б) Орталық комитетінің ұлт саясаты Түркістанда оған қарсы түрік коммунистерінің азаттық қозғалысын туғызды.
Мұсылмандар мінберіне айналған «Иштракун»
Түрікшіл коммунистер Т.Рысқұловтың басшылығымен жергілікті түрік халықтарының мүддесін қорғау мақсатында республиканың барлық облыстары, уездері мен қалаларында Мұсбюроның жергілікті ұйымдарын құрды. Ұйымдасқан түрде жүйелі жұмыс істеуге кіріскен Мұсбюроға өз конференцияларын шақырып отыру құқығы берілді. 1919 жылы 18 сәуірде РКП(б) ОК Мұсбюроға Мәскеудегі партияның орталық бюросымен өз бетінше, тікелей радиобайланыс жасауына рұқсат етті. Бұл РКП(б) ОК-нің Мұсбюромен санасуға мәжбүр бола бастағанын көрсетіп берді.
Мұсбюро жергілікті ұлт өкілдерін билік органдарына тарту, мемлекеттік қызметке мамандар даярлау және т.б. сияқты көптеген өмірлік маңызы бар шараларды жүзеге асыру мақсатымен Ұйымдастыру-үгіт курсын ұйымдастырды. Курс тыңдаушыларына арналған бағдарламаны Т.Рысқұлов жасап, бекітті. Бағдарлама бойынша тыңдаушылардың мынадай бағыттарда білім алып, мамандануы көзделді: конституция негіздері; экономикалық өмірдің негіздері; кооперация; кәсіподақ қозғалысы; мемлекеттік басқарудың түрлері; ұлт мәселесі; орыс тілі; түрік тілдері; іс жүргізу мен есеп-қисап; география; түркістантану; армия және әскери құрылыс және т.б. Бұл курста оқып, білім алған жергілікті халық өкілдерінен көптеген ірі қоғам қайраткерлері, ғылыми қызметкерлер, мемлекеттік және әскери қызметкерлер өсіп-жетілді.
Мұсбюро жергілікті халықтар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 1918 жылдың 20 маусымынан бастап түрік тілінде шыға бастаған «Иштракун» атты ТКП және ТАКСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының органын кең көлемде пайдаланды. Осылайша мерзімді басылым арқылы жергілікті халықтың сана-сезімін оятуға, жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың мәнін түсіндіруде Мұсбюроның баса назар аударғанын көрсетеді.
Қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында жергілікті халықтардың мүддесін қорғаған Мұсбюроны басқара отырып, Т.Рысқұлов 1920 жылдың қаңтарына дейін РКП(б) ОК-не зор сенім білдірген. Алғашында ол да В.Ленин басқарған большевиктер партиясының шынайы ұлт саясатына сенген болатын. Бірақ бірте-бірте, кейінгі саяси оқиғалардың беталысы Т.Рысқұловтың саяси көзқарасына зор өзгеріс енгізді. Қазақ азаттық қозғалысының басшылары кезінде орыс демократиясына қалай сенсе, Т.Рысқұлов сынды түрік қайраткерлері алғашында большевиктер партиясына солай сенген болатын.
Шовинизммен күрес
Түркістандағы ұлт мәселесінің шешілмеуіне өлкедегі шовинистік пиғылы басым орыс коммунистері кінәлі деп түсінген Т.Рысқұлов оларға қарсы азаттық күресті ұйымдастыруда зор қажыр-қайрат көрсетті. Оның Ферғана бүлігін бәсеңдетудегі тарихи рөлі, жергілікті билік органдарына түрік халықтары өкілдерін көптеп тарта бастауы, орыс шовинизміне қарсы қатал да ымырасыз күресі түрік халықтары тарапынан зор қолдау тапты. Т.Рысқұлов Мұсбюро қызметін жүйелі түрде жүргізу мақсатымен оның құрамынан: ұйымдастыру-үгіт, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелер құрды. Әсіресе Түркістандағы Қызыл Армия бөлімдерінде құрылған мұсылман коммунистері ұйымдарының қызметіне басшылық жасайтын әскери бөлімге ерекше көңіл бөлінді.
Мұсбюро Түркістанның жергілікті халық өкілдерін мемлекеттік іске және билік органдарына кең түрде тарту мәселесі бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізіп отырды. Ал бұл өз кезегінде шовинистік пиғылдағы орыс коммунистерінің орасан зор қарсылығын туғызды. Ұлттық негізде қалыптасқан текетірес жергілікті халықтардың пайдасына сөзсіз шешілуі тиіс деп есептеген Мұсбюро позициясы күн санап нығая түсті. Түркістан Республикасында қалыптасқан саяси ахуал РКП(б) ОК-ін қатты алаңдата бастады.
Мұсбюроның нығайып, бедел алып бара жатқанынан қатты қауіптенген РКП(б) ОК Түркістанда толық өз саясатын жүргізу үшін әртүрлі жоспарлар ойластыра бастады. РКП(б) ОК Түркістанды сақтап қалудың жалғыз жолы ретінде Түркістан майданын ұйымдастыруды ұйғарды. Кеңестік Ресейдің Шығыс майданының қолбасшысы М.В.Фрунзе өзінің 1919 жылғы 13 тамыздағы бұйрығында: «Ресей бас командованиесінің бұйрығына сәйкес, Шығыс майданының оңтүстік бөлігі Түркістан майданы болып құрылғанын» хабарлады. Ресей бас командованиесінің 1919 жылғы 1 тамыздағы бұйрығы негізінде 18 тамыздан бастап М.Фрунзе Түркістан майданы қолбасшысының міндетін атқаруға кірісті. Бұл майданға Кеңестік Ресейдің 1-ші, 4-ші, 11-ші және Түркістан армиялары бағындырылды. М.Фрунзе өз қызметіне кірісуіне байланысты жариялаған бұйрығында «Түркістан сапарының негізгі мақсаты бүкіл Түркістанды бағындыру болып табылатынын» ашық айтқан болатын.
Түркістанды бағындыру үшін аттандырылған 1-армия 1919 жылы 13 қыркүйекте Ташкент жолының Мұғалжар бекетінде Ресейдің басқа әскери күштеріне қосылды. М.Фрунзе өзінің В.Ленинге жіберген жеделхатында Ресей мен Түркістанның біріккенін хабарлады. 1919 жылы қыркүйектің соңында Түркістан майданын аралап жүрген Кеңестік Ресей басшыларының бірі М.Калинин офицерлер алдында «біздер бұған дейін тұйық шеңбер ішінде болатынбыз. Енді бұл шеңбер ашылды. Демек, біз тұп-тура Ташкентке бара аламыз», – деген болатын. «Басмашылыққа» қарсы бағытталған Түркістан майданы бәрінен бұрын Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюроны бағындыруға тиісті болды.
Көзқарастар қайшылығы
1919 жылдың күзінде Мұсбюро мүшелері Түркістан Республикасының басқару органдарында көптеп қызмет етті. Еуропалық коммунистерді көптеген мәселелер бойынша ығыстыра бастаған Т.Рысқұлов жетекшілік еткен Мұсбюроның Түркістандағы саяси жеңісінен қатты қауіптенген РКП(б) ОК Түркістанда өздерінің саяси миссиясын жүзеге асыруды міндеттеп, Мәскеуден Түркістанға БОАК және РСФКР Халкомкеңесінің Түркістан істері бойынша ерекше комиссиясын (Түріккомиссия) аттандырды. Түріккомиссия 1919 жылы 8 қазанда В.И.Ленин қол қойған қаулыға сәйкес құрылып, оның құрамына: Ш.З. Элиава (төрағасы), М.В.Фрунзе, В.В. Куйбышев, Ф.И.Голощекин және Я.Э.Рудзутак сынды мүшелер енгізілді. негізінен Түркістанға коммунизм принциптерін енгізу және Мұсбюроны ауыздықтау міндеті жүктелді. 1919 жылы 4 қарашада Түріккомиссия (М.В.Фрунзеден басқа мүшелері) Ташкентке келіп, Түркістанның саяси өміріне белсене араласа бастады. Көп ұзамай-ақ РКП(б) ОК мен Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің қолдауына сүйенген Түріккомиссия республикадағы саяси-мемлекеттік билікті өз қолына жинап алды. Түріккомиссиясыз бірде-бір Түркістан мәселесі шешілмеуге айналды.
Т.Рысқұлов пен Мұсбюроның басқа да жетекшілері алғашында Түріккомиссияға зор сенім білдіре, үлкен үміт арта қарады. Бірақ Түркістанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, тарихи-мәдени, тұрмыстық-шаруашылық объективті жағдайымен санаспай, Орталық Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуге, осы арқылы түрік халықтарын таптық жіктеліске түсіріп, тап аралық күресті тұтандыруға, ал керісінше ұлт бостандығы, ұлттың өзін-өзі билеуі мәселесінде бірде-бір қадам жасамауға тырысқан кезде түрік коммунистерінің Түріккомиссияға көзқарастары біртіндеп өзгере бастады.
Түркістан идеясының тууы
Түріккомиссияның отаршылдық пиғылын анық сезінген Т.Рысқұлов басқарған Мұсбюро өзінің әрекетін тактикалық жағынан өзгерте бастады. РКП(б) ОК және Түріккомиссияның шовинистік пиғылы мен отаршылдық саясатына қарсы қорғаныстық идеология ретінде түрікшілдік бағыт, яғни тұтас Түркістан идеясы таңдап алынды. Оны жүзеге асырудың жолы ретінде төмендегідей екі бағыт белгіленді:
1. Түркістанда өмір сүріп жатқан халықтарды түрік идеясына біріктіру арқылы республиканы құқықтық жағынан түрік халықтарының республикасына айналдыру;
2. Республиканы мекендеуші түріктілдес халықтардың жеке-жеке ұлттық республикаларын құра отырып, оларды түрік конфедерациясына біріктіру.
Бұл екі бағытта да көптеген жұмыстар жүргізілді. Мұсбюроның талап етуімен 1919 жылы қараша айында Түркістан Республикасының ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының құрылымында үлкен өзгерістер болып, өзбек, түрікмен, қырғыз (қазақ) және т.б. мұсылман бөлімдері жойылды да, орнына тұтас түрік бөлімі ұйымдастырылды.
Жоғарыда атап көрсетілген екі бағыттың алғашқысын жасырын қалдырған Т.Рысқұлов, 1919 жылы күз айларында, негізінен, ұлттық республикалар құрамына өз халықтарын біріктіру мәселесін қолға алады. 1917 жылы өткен Екінші жалпықазақ-қырғыз сиезі күн тәртібіне қойған қазақ жерлерін біріктіру мәселесін ары қарай жылжытқан Т.Рысқұлов біріккен қазақ жерлерінің астанасы ретінде Ташкент қаласын белгілеуді талап еткен еді. Біз бұл жерден Т.Рысқұловтың алдымен ұлтшыл, содан кейін түрікшіл болғандығын көреміз. Сол кездегі ірі саяси, экономикалық әрі мәдени-рухани орталықтардың бірі болған Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, шашылып жатқан қазақ жерлерін біріктіру идеясы сол тарихи кезеңде ең ұтымды идея болатын. Себебі қазақ халқының жартысынан астамы Түркістан өлкесін мекендейтін, сондай-ақ көшпелі қазақ аймақтарына қарағанда халқы тығыз орналасқан, шаруашылықтың түр-түрі дамыған Түркістанға қарасты қазақ жерлері арқылы өзге қазақ жерлерін әкімшілік жағынан басқару, шаруашылығы мен мәдени-тұрмыстық өмірін ұйымдастыру анағұрлым оңай болар еді. Екіншіден, Ташкент қаласын Қазақстанның астанасына айналдыра отырып, қазақ жерінің астанасын тұтас түрік конфедерациясының да орталығы болуын қамтамасыз ету арқылы қазақ ұлтының алдыңғы қатарлы жетекші ұлт болуын қалыптастыру болатын. Саны жағынан түрік халықтары арасында Түркия түріктерінен кейінгі екінші орынды иеленетін және Ә.Бөкейхан айтқандай «мәдениет жолында бізден де төмен» өзге Түркістандық түріктердің арасындағы ең сауатты, көзі ашық халық ретінде қазақтардың бұл орынды иеленуі әбден орынды болар еді. Қазақстанның астанасы ретінде Түркістан өлкесінің орталығында орналасқан Ташкент қаласының ұсынылуы Т.Рысқұлов тарапынан жасалынған, нақты мақсатқа бағындырылған әрі өзге түрік халықтары тарапынан дәл сол кезеңде қолдауға ие болған әрекет болатын.
Кейін Мұсбюроның төтенше мәжілісінде Т.Рысқұлов «Түркістан Республикасының автономиялылығы туралы» баяндамасын оқып, «Түркістанның автономиялылығы туралы тезистерін» талқылауға ұсыныс жасайды. Енді осы тезистердің тұтас Түркістан идеясына қатысты ең өзекті 4-бабына тоқтала кетейік. 4-бап. «Қазіргі социалистік құрылыс кезінде территориялық қана емес, сондай-ақ ұлттардың арасындағы шекаралық белгілер де бірте-бірте жойылатын уақытта, Түркістанның бес облысының шегінен тұратын географиялық шекарасы қандай да бір тұйықталған шекара деп саналмай, қайта Түрік Кеңес Республикасының құрамына мүшелікке өткісі келетін жаңа республикалардың қабылдануына мүмкіндік бар деп есептелсін».
Бұл бап тұтас Түркістан мемлекетін құруға негіз қалайтын ең өзекті бап болып табылады. Ал 6-бап мазмұн жағынан 4-бапқа жақын әрі коммунистік интернационализм мен коммунистік үгіт арқылы түрікшілдік идеясын бүркемелеуге тырысушылығымен айқындалады. Онда: «Еңбекшілер мен қаналған халықтарды интернационалды жолмен біріктіру мақсаты үшін түрік халықтарының: татар, қырғыз (қырғыз және қазақ), башқұрт, өзбек және т.б. болып бөлініп, жеке ұсақ республикалар құруға ұмтылу идеясын коммунистік үгіт жолымен жою және біртұтастық мақсаты үшін РСФСР құрамына кіретін басқа түрік халықтарын территориялық белгілеріне қарай өзара біріктіруге ұмтылу керек», – делінген болатын. Бұл бапта тұтас Түркістан идеясын жүзеге асырудың жолы ретінде белгіленген екі бағыт та қатар қамтылған еді.
Конференциялар аяқталысымен-ақ Т.Рысқұлов оның шешімдерін бекітуді өтініп, РКП(б) ОК-не хат жолдайды. Орталық бұл шешімді өте салқын қабылдап, ұзақ уақыт жауапсыз қалдырады. Жауаптың кешіктірілуінен Т.Рысқұлов қатты мазасызданып, ақпан айының басында В.И.Лениннің атына жаңа жеделхат жолдайды. Бұған жауап ретінде 1920 жылы 22 ақпанда М.Фрунзе мен оның бас штабы Ташкентке келеді. М.Фрунзе өзінің Ташкентке келуіне байланысты жариялаған бұйрығында: «Социализм атынан Түркістандағы жолдастарға (орыстарға – С.Ш.) жәрдем беру үшін орталықтан келген әскери күштерді құттықтаймын», – деген еді. Ал 1920 жылы 23 ақпанда толық құрамда жиналған Түріккомиссия мәжілісінде М.В.Фрунзе ТКП V конференциясы мен Мұсбюроның төтенше ІІІ конференциясының шешімдерін «пантүрікшілдік», «панисламшылдық» және «буржуазиялық-ұлтшылдық» шешімдер ретінде барынша қаралады. Бұл конференциялардың барлық шешімдері жоққа шығарылып, жағдай бұрынғы қалпында өзгеріссіз қалатыны жарияланды, яғни Түркістан Республикасы РСФКР құрамындағы автономиялы республика немесе нақтырақ айтқанда, Ресейдің ішкі облыстары дәрежесіндегі әкімшілік-аумақтық бірлестік, ал ТКП РКП(б) құрамындағы небары облыстық комитет құқығын ғана пайдалана алатын бөлімше болып қала беретіні мәлімделді. Осы шешімді наурыз айының соңында ресми бекіткен РКП(б) ОК Т.Рысқұлов идеясын іске асыртпай тастады.
Сөз соңы
1920 жылы мамыр айында Т.Рысқұлов В.И.Лениннің қабылдауында болып, егемендік идеясын жүзеге асыру жолында соңғы әрі шешуші әрекетін жасайды. Бірақ В.И.Ленин «Түрік Кеңес Республикасын» құру туралы идеяны қабылдамай тастады. Ал идеяны көтерген Т.Рысқұлов пен оның Мұсбюродағы жақтастары 1920 жылы 18 шілдеде отставка жариялауға мәжбүр болады.
Осылайша кеңестік Ресей империясы Түркістан өлкесін өзіне толық бағынышты отар ретінде сақтап қалды. Егемендік идеясының жаршысы болған Мұсбюро саяси жеңіліске ұшырағанымен, оның идеясы өшкен жоқ. Ол эмиграцияда жүрген М.Шоқай, А.З.Уәлиди, А.Ысқақи, В.Каюм, Б.Хайт және т.б. сынды түрік мұғажырлары тарапынан кең қолдау тауып, өзінің заңды жалғасын тапты. Бүгінгі таңда да біртұтас Түркістан идеясы мыңдаған түрік зиялылары мен қайраткерлері үшін қасиетті әрі болашағы бар идея ретінде өмір сүруде. Сондықтан Мұсбюро мен Т.Рысқұловтың тарихи қызметі халық жадында мәңгі сақталмақ.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарих ғылымының кандидаты, М.Әуезов атындағы сыйлықтың және «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Абай атындағы ҚазҰПУ магистратура және PhD докторантура институты директорының орынбасары