Мүсіншіге ескерткіш тақта орнатылды
Шырайлы шығыстан шыққан тұңғыш кәсіпқой мүсінші, КСРО және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Суретшілер одағының Семейдегі бөлімшесінің төрағасы болған, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Мұратбек Жанболатовқа Семейде ескерткіш тақта орнатылды. Тақта Семейдегі Суретшілер одағы ғимаратының қабырғасына ілінді. Жиылған жұртшылық алдымен өнертанушыны еске алып, оның рухына тағзым етті.
Бір айтарлығы, сәулетшіге арналған ескерткіш тақтаны кезінде Мәскеуде бірге оқыған, студенттік өмірді бірге өткерген достары – Суретшілер одағының мүшелері Қадірхан Кәкімов пен Мұса Сеисовтер өз қолдарымен жасап алып келіпті. Олар небәрі 58 жаста марқұм болған үзеңгілес досын сағынышпен еске алды. Сәулетші-монументалист жайлы естеліктерін айтты.
Мұратбек Жанболатов Абай ауданының Қарауыл ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Абай орта мектебін тамамдағаннан кейін Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Араға төрт жыл салып қолына диплом алады. Бұдан соң суретші Семейдегі Абай атындағы Қазақ музыкалық-драма театрына жұмысқа орналасады.
Мұратбек Жанболатұлы жастайынан мүсінші болуды армандаған. Сол арманына қол жеткізу үшін В.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемсурет институтына оқуға түседі. Алты жыл білім алып, өзіне көптеген таныс табады. Сол жылдары Ресейдің небір тума дарындарынан дәріс алады. Италияның қайта өрлеу дәуірінің суретшілері мен қылқалам шеберлерінің шығармаларымен кеңінен танысады.
Мұратбек Жанболаттың қолынан шыққан эскиздер
Мұратбек Жанболатұлы ондаған бейнелер мен портреттер жасап, Семей өңіріндегі бірнеше мәдени, оқу-ағарту орындарын көркем безендіруді ұйымдастырған. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қаншама құнды дүниені өмірге әкеліпті.
Айтар болсақ, ұлы данышпан Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай ескерткішін орнатпақ ниетте жарияланған байқауда Мұратбек Жанболатұлының жобасы үздік деп танылады. Ол соған қоса Лермонтов, Абай мүсіндерін сомдаған. Бөрлідегі Мұхтар Әуезовтің, Семей қаржы-экономикалық колледжіндегі атақты қаржыгер Рымбек Байсейітовтің ескерткіші – Мұратбек Жанболатовтың қолынан шыққан туындылар. Семей мемлекеттік университетіне Шәкәрім аты берілген кезде данышпан Шәкәрімнің тұлғасын сомдауға барынша үлес қосып, зор құлшыныс танытады. Соған қоса Семейдің орталығында тұрған Ауған соғысында қаза тапқан боздақтарға арнап орнатылған ескерткіш те – Мұратбек Жанболатовтың қолының табы қалған бірегей туынды.
Тіпті Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің өр тұлғасын жасау үшін мүсінші оның өлеңдерін көп оқып, образын іздейді.
Тағы бір айтарлығы, ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында мүсінші киелі Семей жерінен сонау Абай топырағына дейінгі аралықта орнатылуы тиіс 23 ескерткіштің эскизін жасаған екен. Олардың арасында М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі кейіпкер Ғазизаға, қазақтың тұңғыш спектаклі «Еңлік-Кебек» қойылған жерге, Ордада Абай мен Әйгерімнің кездескен жеріне т.б. арналған көптеген эскиз бар. Егер осы туындылардың барлығы жүзеге асқанда, Семей мен Абай елінің арасы туристерге толы болар ма еді?..
Жиылған ағайын Мұратбекті осылай еске алды. Оның жарқын бейнесін келешек ұрпақ жадынан өшірмеу үшін осындай ескерткіш тақта орнатудың маңызы зор екенін айтты.
Алматыдан әдейілеп келген достары Семейден Мұратбектің атына бір көше берілсе деген ұсыныстарын білдірді. Ал ел ағасы Нәсен Сембаев Семей қаласында мұражай жоқ емес, дегенмен өнер мұражайы кенже қалғанын тілге тиек ете келе, Мұратбек Жанболатовтың атына осындай мұражай ашылса деген тілегін жеткізді. Салтанатты шарадан соң жиылған қауым Суретшілер одағындағы мүсіншінің мол мұраларымен танысты.
«Ғалымның хаты өлмейді» деген рас-ау. Мұратбек Жанболатов 60-қа жетпей өмірден ерте озып кетті. Бірақ өзі марқұм болғанымен, оның қолынан шыққан бірегей туындылары халық мақтанышына айналды. Біртуар азаматтың қолының табы қалған қайталанбас туындыларына артындағы ұрпағы лайықты бағасын бере жатар.
Ерлан СЫДЫҚОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, академик:
– Мұратбекпен сырлас болдым десем, артық айтпаспын. 1997 жылы университетке Шәкәрім есімі берілгенде, қатты қуанғанымыз бар. Дегенмен «осыны қалай айшықтап, қалай сыртқа көрсеткеніміз жөн?» деген сұрақ туындады. Осы кездері Мұратбек жанымнан табылды. Бірге ойланатынбыз. Сол кезде ол Шәкәрімнің өр тұлғасын жарыққа шығару бұрыннан келе жатқан арманы екенін айтып қалды. Бүгінде бұл ескерткіш – кәсіби мамандар тарапынан үлкен бағаға ие болып отырған еңбек. Атақты алу оңай, сол атақты ары қарай алып жүру қиын. Олай болса, өткен ғасырда Алаш арыстары өздерінің істерімен Семейге алып берген мәдени-рухани орталық деген атақты алып жүру бізге өте қиынға соққан болатын. Соңғы кезде сол атақты ары қарай дәлелдеп жүрген бір азамат болса, ол Мұратбек еді. Сондықтан да біз қандай дарын иесін жоғалтқанымызды әрқашан біліп жүруіміз керек.