Ешкімнен есіркеу күтпей, ескерткіш те тілемей, өз қолымен өзіне «мәңгілік мүсін» соғып кететін теңдессіз тұлғалар болады, өмірде өте сирек кездесетін сондай жандардың бірі – Мұқағали. Ең бір мызғымас мүсіндер мәрмәрдан соғылатын болса, Мұқағали «өз мүсінін» мәрмәрдан мың есе мықты, миллион есе өміршең өлеңдерімен өріп, мөлдір сезімімен сылап, бүкіл ішкі болмысымен бекітті. Сондықтан да пәнидегі «сыртқы қабы» – тәнін тастап шыққан күні ақын жаны осы өзі сомдаған «ескерткішіне» көшті.
Десек те, біз сол Мұқаң салған «ескерткіштен» не сыр ұғып, оны қалай өз өмірімізге азық етіп жүрміз? Басқа жағын айтпағанда, тек бір ғана сахнадағы, экрандағы Мұқағали дегенге тоқталсақ... Экран дегеннен шығады-ау, Мұқағалидың асқақ кеудесін кең жайып, өлең оқып тұрған не қалың ойға шомған тым болмаса бір сәтінің бейнетаспаға түспей қалуы – сол тұстағы телевизия маңында жүрген аға-апаларымыздың, сол кезде телевизия тізгінін ұстаған басшылардың жіберген үлкен ағаттығы. Сондықтан біз Мұқағали образын өлеңдерінен бөлек, драмалық шығармалардан іздейміз. Сол арқылы әркім өз қиялындағы Мұқағалимен қауышады. Ендеше, бізде ақын жайлы қандай қойылымдар бар?
«Қош, махаббат» сахнамен қош айтысты ма?
Бірінші кезекте, әрине, Мұқаң өз қолымен жазған «Қош, махаббат» еске түседі. Себебі прототипі өзі ғой. Бұрнағы жылдары әкемтеатрда жиі қойылатын осы туынды кейінгі кезде неге қойылмай жүр? Біз осы сауалмен қойылым режиссері Болат Атабаевқа қоңырау шалдық.
Болат АТАБАЕВ, режиссер:
– Қазақ сахнасында оның қойылып келе жатқанына 20 жылға жуық уақыт болды. Енді бүгін оны күні өткен, ескі спектакль деп репертуардан алып тастады. Негізінде, спектакльдің моральдық тұрғыдан ескіретіні рас. Тақырып ескіреді. Көтерген мәселесі өзекті болғанымен, қойылымның уақыт өте келе құрамы өзгеріп, бір әртістің орнына екіншісі келіп, бастапқы кездегідей емес, ойындарында алшақтық пайда болады да, солайша ол өзінің бастапқы кездегі бағасынан, сапасынан айырылады. Сондықтан алып тастаған шығар. Мұқағали шығармашылығы тұнып тұрған лирика ғой. Бірақ «Қош, махаббат» – шыны керек, негізінен, сахналау үшін емес, оқу үшін жазылған пьеса.
– Қазір «күні өткен» дегенге келісіп жатқаныңызбен, кезінде соны өзіңіз ғой сахналаған, жұрт қалай қабылдап еді?
– «Қош, махаббат» тұңғыш сахналанғанда Лашын апамыз келіп көрген. Тіпті таңғалып та кеткен.
«Мұқағали» 100-інші рет сахналанбақ
Бүгін – Мұқаңның туған күні, Алматыдағы М.Әуезов театрында Әкім Таразидің «Ақын, Періште, Махаббатының» афишасы ілулі тұр. Ал Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрында Серік Тұрғынбекұлының пьесасы бойынша қойылған «Мұқағали» қойылымы болады. Бұл туындының елорда жұртшылығының назарына ұсынылғанына биыл сегізінші жылға аяқ басыпты, сондай-ақ биылғы мерейтой қарсаңында қойылым 100-інші рет сахналанбақ екен. Біз пьеса авторы, ақын ағамыз Серік Тұрғынбекұлына хабарластық.
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын:
– Ақын ғұмыры жайлы туынды жазу оңайға соқпаған шығар, әркім өз «Мұқағалиын» жасағысы келеді. Сіз қалай көрсеткіңіз келді?
– Әрине, өмірін толық қамту мүмкін емес, сондықтан мен ол кісінің нағыз шығармашылыққа берілген, өмірі мен қызметі барысындағы қайшылықты оқиғаларға толы он шақты жылын қамтуға тырыстым. Өзі ұзын бойлы, кең иықты кісі еді ғой, соған сай жалғанды да жалпағынан басып жүруші еді. Сол еркіндігінен қызмет орнында да көп істей алмайтын, кетіп қала береді. Оның радиодан, басқа да орындардан қалай шығып кеткенін шығармамда қамтыдым. Бір ғана мысал, Пастер көшесінің бойында Мұқағалиды милиция ұстап алған. Ақыры сол көше Мұқағалидың атына берілді. Мен осы оқиғаны қойылымға енгіздім. Бір қызығы, Мұқаң өзінің тура айтқан, жүйеге қайшы келетіндіктен, жарияланбай қалған өлеңдерін «Мағжанның өлеңдері» деп оқитын. Мысалы:
Алматы – сайтан қала,
сайқал қала,
Жем болған Балтыққа да,
Байкалға да.
Аядай Алатауға тығылды кеп,
Сандықтау, самала бел,
байтақ дала,
– дейтін өлеңі бар. Бұл әлі күнге дейін еш жерде жарияланған жоқ шығар. Мен кейін Мағжан өлеңдерін түгел ақтарғанда, мұндай шумақ таба алмадым. Демек, Мұқаңның өз өлеңі, ақиық ақын Мағжанның мұңымен астасып өлең жазатын болғаны ғой.
Махаббаты жайлы әркім әр нәрсе айтады. Мен өз шығармамда ақын махаббатын Муза деген кейіпкер арқылы көрсеткім келді. Бұл шуақты жағы болса, көлеңкелі тұсы ретінде Жалғасбай атты кейіпкер енгіздім. Мұқаңның көлеңкесі секілді ереді де жүреді, басқан ізін аңдып, әр қадамын жеткізіп тұрушы «үш әріптің» мүшесі – осы кейіпкерді де ақын өмірінің шындығы көрерменге ашыла түсу үшін қостым. Жалғасбайға Мұқаңның өзі де: «Сен осы КГБ-ның адамы емессің бе, неге қалмайсың жанымнан?» – деп, үйінен талай қуып та шығады, бірақ ол бәрібір қалмайды.
– Шындықты толық қамтыдым деп ойлайсыз ба, әлде айтуға, көрсетуге именген тұсыңыз болды ма?
– Кезінде Лашын апамызға: «Мен сізді Мұқағалидың шын жанашыры, арқа сүйері етіп көрсеткім келді», – деп айттым. Сонда апамыз: «Айналайын-ай, білем, сені Мұқаң ерекше жақсы көріп, бауырым деп санады. Айтқаның орынды. Ал өз ісіме келсек, шыны керек, мен Мұқағалиды осыншалық ұлы ақын болады деп ойламаппын, сенбедім. Жай бір пендешілік сияқты көрдім», – деп ағынан жарылып, өткенге өкінгендей көзіне жас алды. Жазып шықтым. Сол тұста өзім осы Астана театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Театрдың көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз болатын. Сол кісі театр қоржынына түскен бірнеше драмалық шығарманың ішінен менің осы «Мұқағалиымды» ұнатып, оны сахналауды дарынды режиссер Болат Ұзақовқа тапсырды. Драманың бірнеше жылдан бері жүріп жатуы – Мұқағалидың құдіреті, сосын оқиғаларды аспаннан алмайсың, өлеңдерінің өзі драмаға сұранып тұрды.
Мұқағали жайлы қос қойылым: бірі – сахна төрінде, бірі сахнадан кетті
Последние статьи автора