Мұқағали атындағы мектепке 20 жыл толды
Алматыда Білім күніне арналған негізгі шара Бостандық ауданында орналасқан Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияда өтті. Өйткені бұл білім ұясының ашылғанына 20 жыл толды. Тәуелсіздікпен құрдас мектептегі салтанатты жиынға Алматы қаласының әкімі бастаған жергілікті шенеуніктер мен танымал өнер жұлдыздары қатысты.
Мерейтойын тойлап отырған мектеп ұжымына қала әкімшілігі Samsung үй кинотеатрын табыс етті. Салтанатты жиында мектеп-гимназия директоры Сәния Тілеубай оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, зор табыс тіледі. Мұрат Жұмашев жетекшілік ететін мектепішілік саз аспаптар оркестрі Дайрабайдың күйін орындап, жиналғандардың көңілін бір серпілтсе, әнші Меруерт Түсіпбаева «Мектебім» әнін орындады. Екі бірдей баласын осы мектепке оқуға беріп отырған танымал композитор Арман Дүйсенов ата-аналардың атынан алғыс білдірді. Мұқағали Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияда қазір 1033 оқушы білім алады. Өткен оқу жылында 70 түлек бітіріп, оның үшеуі «Алтын белгі» иегері атанды. Мектеп оқушылары шетелдерде – АҚШ, Германия, Болгария мемлекеттерінде өтетін түрлі конкурстар мен олимпиадаларда алғашқы орындардан көрініп жүр. Мектеп екі ауысымда оқиды. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 140 бүлдіршін қабылданып отыр. Білім ұясы қазақ тілі, ағылшын тілі, математика, информатика және физика пәндерін тереңдете оқытады. Мұнда шетелдік оқу орындарымен халықаралық байланыс та орнатылған. Былтыр бұл мектеп ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойын ерекше атап өткен оқу орындарының бірі атанған болатын.
Арман Дүйсенов, композитор, тележүргізуші:
– Бұл мектепте менің екі балам оқиды. Дүйсен Арай және Дүйсен Абылай. Екеуі де АҚШ-та өткен шитарю каратэ-до деген спорт түрінен әлем чемпионы болды. Балаларымның атақты ақын Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте оқып жатқандығы мен үшін үлкен абырой. Балаларымызды жоғары деңгейде тәрбиелеп отырған осынау мектеп-гимназияның 20 жылдық мерекесімен құттықтап, мектеп ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін!