Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында дөңгелек үстел өтті. Бұл жолы акцияға арқау болып отырған шығарма – Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы. Жиын басталмай тұрып «Бір ел – бір кітап» акциясын ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Қазақстанның халық жазушысы Фариза Оңғарсынова Мәдениет комитетінен келген өкіл арқылы мәдениет министріне және комитет төрағасына сәлем жолдап алды.
«Мұндай акция әуелде АҚШ-тың Чикаго қаласында басталған екен. Кітап оқу деген сиреп бара жатқандықтан, «ақштықтар» осындай акция ұйымдастыруға мәжбүр болған. Сондықтан біз де бұл акцияны жетіскенімізден қолға алып отырған жоқпыз. «Жасыратыны жоқ, интернет, телевизия сияқты, ғасырдың, ғылымның, техниканың жетістіктері өрлеген сайын адамзат өзінің табиғи тіршілігінен, жалаңаяқ жер басудан, кітап оқудан тағы сол секілді біздің қанымызға сіңетін нәрседен алыстатып барады», – дейді Фариза Оңғарсынова.
Бүгінде Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» атты поэмасын жұртшылық үзіп-жұлып оқитынын талай кездестіреміз. Оның өзіндік себебі бар шығар. Мүмкін, поэмадағы кейбір жолдар қазіргі идеологиямызға сәйкеспеуі де мүмкін. Фариза Оңғарсынова бұны дұрыс деп санамайды. Осы жиында біршама мектептерден, Республикалық «Ұлан» гвардиясының оқушылары, Ішкі істер басқармасынан келген қызметкерлер «Мен қазақпын» поэмасынан үзінділер оқыды. Арасында орыстар да тілі келмесе де, тілін бұрап, қазақша оқып берді. Алайда ақын бұған да қарсы болды. «Орыстар ақынның шығармаларын неге орыс тілінде оқымасқа? Жұбан Молдағалиевтің бұл поэмасы орыс тіліне де тамаша аударылған. Бізге оқырманның бұл поэманы түсінгені қажет», – дейді ол. Сондай-ақ ол «біздің ақындарымыз мұхиттың ар жағындағы ақындардан кем емес» деп, ақындарымыздың шығармаларын ағылшын тіліне аудару қажет деген ұсыныс тастады.
Енді ақынның «Мен қазақпын» поэмасынан «жұрт неге үзінділер ғана оқиды, неге кейбір өлең жолдары мүлде айтылмайды?» деген мәселеге келетін болсақ, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай: «Поэманың сөзі толық айтылуы тиіс, бірақ астарын түсіну керек», – деп Жұбан Молдағалиев «Мен» деген сөзді қызыл империяның қаны тамып тұрған шақта өткізу үшін кімдерді, нелерді құрбан еткенін талдап берді.
– «Мен» деген сөзді айтқан талай адамның бастары кеткен еді, – деп бастаған сөзін ол былай жалғады. – Дастандардың ішіндегі ең азулысы, ең еркін ойлысы – 1963-64 жылдардың арасында жазылған ұлы Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» атты дастаны.
Мен қазақпын, мен баймын, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге, қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Мен Ленин есімін туғанда айта келдім», – деген жолдарында Тұрсын Жұртбай ақынның «Мен қазақпын» дегенді өткізу үшін «Ленинді» айтуына тура келгенін айтады.
«Мен қазақпын» деген сөзді өткізу үшін «Бір бөлшегі болғаным қандай бақыт, Россиядай, Лениндей ұлылықтың», – деп немесе «Еділ, Жайық, Ертісті сағаладым, Үміт көрдім қаһарлы орыс атын», – дейді ақын. Тіпті:
Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені
Қазақ өзі қашаннан аң демеді?!
Қылықтары еріксіз түссе еске,
Қан татыған аузыма дәм келеді... –
деген жолдары да бар.
Алашордашылар жайында:
Әлдекімдер жүрегі сіркелеген.
Ұлт атына уларын бүрке берген.
Көргенсіздік, пасықтық, надандығын
«Қазақшылық» дегенмен бүркелеген... – дейтіні және бар.
Осы секілді шумақтарына тоқталған Тұрсын Жұртбай: «Міне, осындай тәуекелге бара отырып, ақын «мен – қазақпын» деген бір-ақ ауыз сөз үшін барлығын құрбан етті. Мен бұл сөздерді еске салайын деп айтып отырғам жоқ. Мен ұлы, дауылпаз, эпик ақынның өз ойын өткізу үшін қаншама азаматтық бойұсынуға, пендешілікке барғанын айтқым келіп отыр», – деп, ақынның амалсыз заман талабына иілгенін айтты.
Расында да, «өткізу үшін шындықты өтірік қостым аздаған» (Қ.Мырза-Әли) дегізген заманда рухты жыр тудырған Жұбан ақынның «амалсыз айтқан» шумақтарын оқырман, әсіресе бүгінгі жас, дұрыс түсінсе игі.
«Мен қазақпын» деген сөзді айтқан талай адамның басы кеткен еді...
Последние статьи автора